Ол ұлағатты ұстаз еді...
Ол ұлағатты ұстаз еді...
604
оқылды
Әлемді жайлаған аты жаман індет, өкінішке қарай арамыздан небір жақсы мен жайсаңды, ел үшін аянбай еңбек етіп жүрген майталмандарды, оның ішінде ғалымдарымызды да жұлып алып кетті. Олардың әрқайсысын ойлағанда өзегіңді өкініш өртейді. Өйткені олар еліміздің жарқын болашағы үшін бергенінен әлі де берері көп асыл азаматтар еді. Коронавирус инфекциясының «тырнағына» іліккен сондай асыл жандарымыздың бірі – биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Гүлнар Шабдарбаева. Гүлнар Сабырқызы өзінің саналы ғұмырын ғылымға арнады. Ол студент кезінен ғылымға бейім, ізденімпаз екенін байқатты. «Ағаш бір жерде көгереді» дегендей, телегей теңіз білімі мен мол тәжірибесі бола тұра, ол қызмет қуып әр жерге бір барған жоқ. Өзі оқыған, білімнің тереңіне бойлаған Зооветеринарлық институтта, кейіннен заман талабына сай оңтайландырылған Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде 1975 жылдан бері еңбек етті. Сол жерде өзінің адами қасиетін, үлкен парасат иесі екенін танытты. Өзгеге үлгі болды. Шәкірт тәрбиелеп, ұстаз деген үлкен құрметке ие болды. Гүлнар Сабырқызы бар болмысымен қазақтың қызы деген атқа лайық болды. Адал жар, ардақты ана атанды. Ұлдары Нұрлан мен Арланнан өрбіген 8 немеренің аяулы әжесі еді. Қазақтың іргелі білім ордасындағы әріптестерінің айтуына қарағанда, ол жас ұрпақты тәрбиелеуде, ғылым мен педагогика саласында маман даярлауда маңдай терін төккен ұлағатты ұстаз. Бұл еңбегі нәтижесіз емес. Ол «Ветеринарлық медицина» мен «Биотехнология» мамандықтары бойынша 20-дан астам магистр, ветеринария саласында 3 ғылым кандидатын, 7 PhD докторын дайындады. Ол үнемі ізденісте болды. Халықаралық және республикалық ғылыми жобаларға қатысты. Ұстаздық қызметті абыроймен атқарды, елімізге мықты мамандарды даярлауға өлшеусіз үлесін қосты. Ғылыми еңбектері еліміздің және әлемнің үздік журналдарында жарияланып тұрды. Гүлнар Шабдарбаева «Лучшие сыны и дочери» Үлкен халықаралық энциклопедиясының «Білім» саласына, Ресейде жарық көрген «Известные ученые» энциклопедиясына енген. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалінің, басқа да республикалық және халықаралық марапаттардың иесі. Алматы облысының Құрметті азаматы. Ұлы Абай «Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» дейді. Еліне осыншама еңбек етіп, бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған жанның аты ешқашан ұмытылмақ емес. Ғалымды отбасы, туған-туысы ғана емес, күллі қазақ, әсіресе онымен қоян-қолтық араласып, еңбек еткен әріптестері, бойына ілім-білім мен ізгілік нәрін құйған шәкірттері де әрқашан құрметпен еске алады. Өйткені «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді».   Тілектес ЕСПОЛОВ, ҰҒА академигі, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры: Ол елдегі үздік 50 оқытушының қатарында болды – Бүкіл ғұмырын білім және ғылым саласына арнаған, білім қуған өрелі жастың өсіп-өркендеуіне жанашыр болған қайраткер ана, «Биологиялық қауіпсіздік» кафедрасының профессоры, биология ғылымдарының докторы,  Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Гүлнар Сабырқызы 69 жасына қараған шағында өмірден өтті. Еліміздің аграрлық білімі мен ғылым саласы тағы бір зерделі ғалым, ұлағатты ұстазынан айырылды. Өмірінің жарты ғасырын университетте жүріп, ғылым мен ұстаздыққа арнаған Гүлнар Сабырқызы 1969 жылы Алматы облысы Қарасай ауданындағы Ғабдуллин атындағы орта мектептен соң 1970 жылы Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтына түсіп, үздік бітірді. 1975 жылы ғылым мен еңбек жолын аталған институттың клиникасында мал дәрігері, кейіннен «Паразитология» кафедрасының ассистенті, доценті, профессоры, «Патология және паразитология» кафедрасының меңгерушісі, ал 2009-2011 жылдар аралығында Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің бірінші проректоры қызметін атқарып, өмірінің соңына дейін Ветеринария факультетінің «Биологиялық қауіпсіздік» кафедрасының профессоры болып қызмет етті. Білікті ғалым, тәжірибелі маман Гүлнар Шабдарбаева инновациялық бағыттағы көптеген ғылыми жобалар мен бағдарламаларды тиімді іске асыруға атсалысып, 600-ден астам ғылыми-әдістемелік жұмыстың авторы, 3 ғылым кандидаты мен 7 PhD докторының жетекшісі болды. Республикалық және халықаралық дәрежедегі бірнеше марапаттың иегері, өнертапқыштық саласындағы «Шапағат» конкурсының «Әйел өнертапқыш» және «Жыл өнертабысы» номинацияларының екі мәрте лауреаты, Еуропалық Одақтың ғылыми әлеміндегі дипломатиялық миссиясы ғылыми өнеркәсіптік палатасының мүшесі. Педагогикалық қызметі мен ветеринария саласына қосқан үлесі үшін дүниежүзілік «Алтын құйма», «Алтын пальма» және Diploma di Merito  дипломдарымен марапатталған. Ғылымдағы ағарту қызметі және өнертабысқа қосқан үлесі үшін Ұлы Екатерина және Нобель ордендерінің иегері. Жас ұрпаққа тәрбие беріп, ұлағатты ұстаздық қызметі үшін «Ұлағатты ұстаз», «Жақсылықтың жалауы», «Білім беру саласының үздігі», педагог, зерттеуші, Ахмет Байтұрсынов атындағы алтын медаль мен төсбелгінің иегері. Ол Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары профессорлық оқытушылар арасындағы Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігінің нәтижесі бойынша 50 үздік оқытушылар қатарында болды. Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің және Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының ұжымы аяулы әріптесіміз Гүлнар Шабдарбаеваның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.   Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҰҒА президенті, академик: Оның нағыз ғалымға тән мінез-құлқы болды – Мен Гүлнар Сабырқызымен бірге қызметтес болған жоқпын. Бірақ оны еліміздің мықты ғалымы ретінде танимын. Ұлттық ғылым академиясының биыл сайланған академигі Гүлнар Сабырқызы Ветеринарлық институтты қызыл дипломмен бітірді. Одан кейін сол мекемеде өмірінің соңғы сәтіне дейін жұмыс істеді. Оның өзі адамның парасатты, ортасына сыйымды, патриот болғанын көрсетеді. 1997 жылы оңтайландыру кезінде Ветеринарлық институт пен Ауыл шаруашылығы институты қосылды. Институттың барлық бағыты, ұстанымы сақталып, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті болып қайта құрылды. Гүлнар Сабырқызы осы университетте абыройлы еңбек етті. Оқу орнының бірінші проректоры болып та қызмет атқарды. Диссертациялық кеңестің төрайымы болды. Бұл кісі халықаралық деңгейде танылған үлкен ғалым. Нағыз ғалымның деңгейі халықаралық деңгейде білінеді. Қырғыз Республикасындағы диссертациялық кеңестің мүшесі болды. Ол ветеринария ғылымының иммунология саласымен айналысты. Қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстанда бұрын болмаған жаңа ғылым саласын ашты. Иммунология, ветеринария медицинаға жақын. Солай бола тұра, Аллаһтың жазуы осы болды. Гүлнар Сабырқызының ғылыми жұмыстары еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол 60-қа жуық дәрі мен иммунологиялық жаңа заттар шығарған үлкен ғалым еді. Тағы бір айта кетерлігі, бұл кісі өте қарапайым адам болды. 2013 жылы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. Ғылым академиясына мүше-корреспондент болғаннан кейін көп ұзамай академик болуды ыңғайсыз көрді ме екен, 2017 жылы болған сайлауға қатысқан жоқ. Бұл да ол кісінің қарапайымдылығын, ұстамды, сабырлы, парасаты мол екенін көрсетеді. Оның нағыз ғалымға тән мінез-құлқы болды. Гүлнар Сабырқызы таяуда ғана Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды. Ғалымдар бір ауыздан дауыс берді. Ол өте үлкен басымдықпен сайланды. Оның әлі де болса ғылымға берері көп еді. Нағыз ғылымның шыңына жеткен кезінде өмірден өткені өкінішті. Алла алдынан жарылқасын. Ол кісінің жарқын бейнесі біздің есімізде мәңгі сақталады.   Жанар ТӨЛЕМІСОВА, ҚазҰАУ  «Биологиялық қауіпсіздік» кафедрасының меңгерушісі, профессор, биология ғылымдарының докторы: Адамдарға ашық, қолжетімді еді... – Гүлнар Сабырқызы адами қасиеті жоғары, үлкен жүректі жан болатын. Ол жұмыстағы қыз-келіншектермен де, ер-азаматтармен де дос бола білді. Оның өте көп адамға көмегі тиді. Жастарды үнемі қолдап отыратын. Жұмыс барысында да, отбасылық жағдайында да жастарға моральдық және материалдық тұрғыдан үнемі көмектесіп отырды. Оның шәкірттері өте көп. Оннан артық шәкірті ғылым кандидаты мен PhD докторы. Кез келген уақытта ол ақыл-кеңесін айтып, қолынан келген көмегін аямайтын. Ол соншалықты жүрегі кең жан еді. Универсиеттің кез келген жай қызметкерінің өзі оған қымсынбай келіп көмек сұрайтын, ал ол мүмкіндігінше сол мәселені шешіп беруге тырысатын. Ол адамдарға ашық және қолжетімді болды. Сонымен қатар ол кез келген жерде өз ойын, көзқарасын ашық білдіре алатын. Сол үшін де өз ортасына сыйлы болды. Оны жастар, студенттер қауымы да жақсы көрді. Олар ұстаздарының өзіндік пікірі бар жан екенін білді. Гүлнар Сабырқызы отағасымен бірге екі ұл тәрбиелеп өсірді. Оның отбасында, балаларының алдында да аса сыйлы екені көрініп тұратын. Қызметтес болып, қатар жүрген, сыйлас, сырлас болған жан туралы өткен шақта әңгіме айту өте қиын, бірақ өкінішке қарай, солай болып тұр...