ДСМ не дейді, ДДСҰ не дейді?
ДСМ не дейді, ДДСҰ не дейді?
© коллаж: Елдар Қаба
157
оқылды
Аталған рейтингке сай, 2020 жылғы 3 тамыздағы жағдай бойынша Қазақ­стан  әлемде COVID-19 індетіне аса қа­таң шек­­теу шараларымен үн қатып отырған мем­­лекет саналады. Бірақ біз жал­ғыз емес­піз. Оксфорд ғалымдары әлемдегі бар­лық мемлекетті 9 топқа бөлді. Оларға те­лінген бал «10+»-тен бас­талып, «90+»-ке дейін бара­ды. Мұн­дағы «он плюске» жа­татын елдер мүл­дем карантин енгіз­бе­гендер не­месе оны толық алып таста­ғандар, ал «80+» және «90+» тобындағы түсі қызыл­мен және қою қызылмен боял­ған елдер  шектеуді сақтаған немесе оны одан әрі кү­шейтіп жатқандар. Біз «80+» тобына кі­ре­тін ел­дер­дің қатарын­дамыз.  

Талап емес, кеңес болатын

Қазақстанда үйден тысқары барлық жер­де бетперде тағып жүру міндетті та­лап­қа айналды. Денсаулық сақтау министр­лігінің түсіндіруінше, бұл – Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымның талабы. Шы­нында солай ма? Маусым айында Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымы бетперде киюге қатысты ұсыным-рекомендациясына өзгерістер ен­гізді. Жаһандық осы ұйым басшысы Тед­рос Гебрейесус тәуелсіз елдер үкімет­тері­не қайырылып, олардан халыққа әлеу­меттік қашықтықты қамтамасыз ету мүм­кін болмайтын жер­лерде – көлікте, дү­кен­де және басқа да бұқара көп жинала­тын орындарда бет­перде тағып жүруге кеңес беруді сұрады. Мемлекеттердің көбі солай етті: билік жұртшылыққа тиісті үндеу тастады. Ал Қазақстан сөзбен шектелмей, бірқатар даму­шы елдер қатарлы мұны нормативтік құ­қықтық актімен бекітіп, міндетті та­лапқа айналдырды. ДДСҰ-ның жаңартылған ұсынымы бойынша COVID-19 сырқатты емдеуге тартылған-тартылмағанына қарамастан, барлық дәрігерден және медициналық ұйым қызметкерлерінен міндетті түрде бет-жүзін бетпердемен тұмшалау талап етілуі керек. «Бұдан бөлек, КВИ кең таралған ау­мақтарда жасы 60-тан асқан адамдарға да, дерті барларға да әлеуметтік алшақтықты сақ­тауға келмейтін орындарға медици­на­лық бетперде тағуға кеңес береміз», – де­ді ДДСҰ бас директоры Тедрос Геб­рейе­сус. Оның айтуынша, басқа адамдардың да үйінен сыртта бетперде тағуын мемле­кет ынталандырғаны жөн. Ұйым коро­на­вирус симп­томдары бар адамдарға сол бұрын­ғы­д­ай үйінде қалуды ұсынды. Ал бойында COVID-19 инфекциясы табыл­ған науқас­тар шұғыл оқшуландырылуы, олармен араласқандар  карантинге жа­былуы тиіс. – Жалғыз бетперде сізді коронавирус ін­­детінен сақтай алмайды. Бетперде – КВИ-мен күрестегі жалпы шаралардың бір бө­­лігі. Сонымен бірге әлеуметтік қа­шық­тық және қол гигиенасы маңызды, – деді ұйым жетекшісі Т.Гебрейесус.  

Тәртіпсізге – 83 мың теңге айыппұл

Шілде айының соңында еліміздің бас мем­лекеттік санитар дәрігері Айжан Есма­ғам­бетованың барлық азаматты сыртта, қоғамдық орындарда, жабық ғимараттарда және қоғамдық көлікте медициналық немесе матадан тігілген бетперде тағуға міндеттейтін шешімі күшіне енді. Бас са­нитардың жаңа қаулысына сәйкес аза­маттар бетперде тақса, сыртқа еркін шыға алады. Егер тақпай шығып кетсе, құқық қор­ғау органдары оны ұстап алып, айып­пұл салуға құқылы болады. – Халықтың көшеде қорғаныс бет­пер­десін тағып  жүруі азаматтардың індетке шал­дығу тәуекелін азайту үшін қажет. Мұн­дағы мақсат – адамдарды инфекция жұққан қолын бетіне, мұрнына, аузына кездейсоқ тигізуінен қорғау. ДДСҰ дере­гін­ше, орташа есеппен минутына 3-5 рет адамның қолы мен беті жанасады. Бұл про­цесс саналы түрде емес, бақылаусыз жүре­ді. Лас қол инфекция таралу қаупін артты­ра­ды, – деді өз шешіміне түсінік­темесінде А.Есмағамбетова. Ізінше, 5 жасқа дейінгі балаларға бет­пер­де тақпауға рұқсат етілді. Себебі Жа­пония және басқа да елдердің ғалымдары балдырғандардың бетперде тағуы толық қалыптасып үлгермеген ағзаға зиян-залал келтіретінін анықтады. Сондай-ақ ДСМ өз бұйрығына өзгеріс енгізіп, ашық ауада, табиғат аясында жеке немесе топ болып спортпен шұғылданатын адамдарды да осы міндеттен босатты. Рас, шарты бар: спортшылардың бір жерде 5 адамнан көп жиналмауы және әлеуметтік қашықтықты сақтауы міндет. Өз кезегінде Әділет министрлігі далада бет­пердесіз жүргендерді полицейлердің тегіс ұстап, жаппай жазаламайтынын тү­сіндірді. – Жауапкершілікке тартуға негіз бо­ла­тын жағдайларды нақты, жеке-жеке қарау қа­жет. Мысалы, 2-3 адамнан ғана тұратын топ ашық ауада бетпердесіз, бірақ өзге­лер­ден оқшаулау жүрсе, онда олардың әрекеті са­нитарлық ережелерді бұзу болып санал­майды. Сәйкесінше, сол үшін әкімшілік жа­за қолданылмайды, – деді әділет ве­домс­твосы. Әйтсе де, Әділет министрі Марат Бе­кетаев карантин шараларын бұзғаны үшін айыппұл сыртында қылмыстық жауап­кер­шілік те көзделгенін еске салды. Оның мә­ліметінше, көктемдегі ТЖ кезеңінде та­лапты аяқасты еткендерге қарсы негізі­нен Әкімшілік құқықбұзушылық кодек­сі­нің «Төтенше жағдай режимiн бұзу» деп ата­­­латын 476-бабы қолданылған: ескерту жа­салды, 10 АЕК айыппұл салынды, кей­бірі 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алын­ды. Қайта ұсталғандар 20 АЕК (55 560 тең­ге) айыппұл арқалады немесе бір айға қамалды. Қазіргі кезде шектеу шараларын бұз­ған­дарға негізінен кодекстің 425-бабы қолданылады. «Халықтың санитарлық-эпи­демиологиялық саламаттылығы сала­сындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» деп ата­латын осы бап жеке тұлғаларға – 30 АЕК немесе 83 340 теңге, лауазымды адамдарға, ша­ғын кәсіпкерлерге немесе коммер­ция­лық емес ұйымдарға – 230 АЕК (638 мың 940 теңге), орта кәсіпкерлік нысандарына – 310 АЕК, ірі кәсіпкерлік компанияларына 1 600 АЕК (4 млн 444 мың 800 теңге) айыппұл салуды қарастырады. Халықтан, ұйым­дардан, кәсіпкерлер мен компания­лардан әлеуметтік алшақтықты сақтауды және бетперде тағуды қамтамасыз ету, са­нитайзерлер орнату талап етіледі.  

Бетперде бәріне жете ме?

Шектеу шараларынан шаршап, коро­навирусқа қолды бір сілтеп, бұрынғы бей­қам қалпына түсе бастаған қазақстан­дық­тарға талаптарды орындату оңайға түс­пейтін түрі бар. Бизнес-омбудсмен ап­параты басшысының орынбасары Шың­ғыс Темір Қарағандыда дүкенге бет­перде та­ғып кіру керегін еске салғаны үшін ер адам­ның сатушыны соққыға жыққанын ай­тады. – Санитарлық талаптарды бұзған кә­сіп­керге айыппұл тағайындалады. Ал келу­­шілер ол талапты орындаудан жаппай бас тартса не болады? Қазақстанда заңға реп­рессивтілік тән. Салдарынан кәсіпкер ша­малы жаза басса болды, қудалауға ұшы­райды. Онсыз да экономикалық күй­зеліс­тен қажыған кәсіпкерлер барлық санитар­лық талаптарды сақтауға барын салып жа­тыр: жұмыс орындарын қайта құрды, де­зинфекция заттарын сатып алды, нысан ішіне тұтынушылардың бетпердемен кіруін бақылауға алуда. Осыған байланыс­ты түсінбеушіліктер де туындай бастады. Ко­ронавирусқа сенбейтіндер «өз на­нымыңды маған таңба!» деп заңды ес­кертпелерге ызамен үн қататынды шы­ғарды. Мысалы, Қарағанды облысында азық-түлік дүкенінің сатушысы сатып алу­шының бетпердемен кіруін ғана сұрай­ды. Ер адам оны ести сала жұдырығымен сату­шының бетінен бір ұрған. Бұл бейне­ба­қылау камерасына жазылды. Төбелес далада жалғасқан, – дейді Шыңғыс Темір. Сатушы дәрігердің көмегіне жүгініп, по­лицейге шағымданған. Шиеленісті бастаған бұзақы ұсталды. Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл институты тұтынушылардың шектеуді бұзғаны үшін бизнесмендер жауапты болмауы керек деген мәселе көтерді. Өйткені адал кәсіп­керлер бюджет қаржысын толық­тыруда, халықты азық-түлікпен және қажетті өнімдермен және жұмыспен қамтуда. – Егер тұтынушының санитарлық та­лап­ты бұзғаны үшін кәсіпкердің жауапкер­шілікке тартылу фактісі кездессе, биз­нес-омбудсмен кеңсесіне жүгінуді сұрай­мыз. Сондай-ақ «Атамекен» палатасының 1432 байланыс орталығына қоңырау шалуға болады. Біз қолымыздан келгенше көмектесеміз, – деді Ш.Темір. Дегенмен өткен аптадағы Үкімет оты­рысында Денсаулық сақтау министрі Алек­сей Цой осы салада «қауіпсіздік бел­дігін тағу қағидаты» қолданылуы керек деп мәлімдеді. Естеріңізде болса, бірнеше жыл бұрын елімізде автокөлік ішінде қауіпсіздік белдігін тағуға міндеттеу бойынша кең ауқымды науқан жүрді. Сонда жолаушысы белдік тақпағаны үшін жүргізушінің өзіне айыппұл салу тәжірибесі өмірге жолдама алды. Нәтижесінде үлкен айыппұл төлемеу үшін автокөлік иелері осы талапты өзі ғана сақтап қоймай, оның орындалуын қасына жайғасатын адамдардан да талап етуді әдет­ке айналдырды. Бас санитардың жаңа шешімі белгілі бола салысымен, әлеуметтік желіде: «Жұрт­тың бәріне бетперде қайдан жетсін? Тағы да жасанды тапшылық тудырғалы тұр» деп алдын ала дүрліккендер табылды. Әйткенмен, дәріханаларда дүрбелең жоқ, бұл медициналық бұйым еркін са­тылуда. Тіпті, саны бойынша шектеу қойыл­мапты. – Сұраныс зор деп айту қиын. Кейбір адам бір бетпердені сыртқа «түбіті» шық­қан­ша ұзақ уақыт киетінді шығарды. Жа­қында сатып алушылардың бірі келіп: «Маған сатқан бетпердең сапасыз. Үш күнге шыдамай бауы үзіліп қалды» демесі бар ма? Бірреттік бетпердені екі сағат қана киюге болатынын, содан кейін ауыстыру керегін көбі ескермейді, – дейді елордалық белгілі дәріханалар желісінің провизоры Айымкүл Айдынқызы. Қазақстандықтардың тағы бір бөлігі бет­пердеге интернет арқылы тапсырыс беріп жатыр: мысалы, вайлдберриз арқылы 50 бірлігін 1 мың 610 теңгеге Ресейден алғызуға болады екен. Яғни, 1 бетперде құны – 32 теңге. Бұл жерде қаптамада елу емес, 45-47 данасы ғана болатынын ескеру керек. Оның үстіне, бір-екі апта күтесіз. Елорда дәріханаларында  осындай меди­циналық бетперде 79-85 теңге аралығында сатылып жатыр.  

АйханАйхан ШӘРІП