Талап емес, кеңес болатын
Қазақстанда үйден тысқары барлық жерде бетперде тағып жүру міндетті талапқа айналды. Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның талабы. Шынында солай ма? Маусым айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бетперде киюге қатысты ұсыным-рекомендациясына өзгерістер енгізді. Жаһандық осы ұйым басшысы Тедрос Гебрейесус тәуелсіз елдер үкіметтеріне қайырылып, олардан халыққа әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ету мүмкін болмайтын жерлерде – көлікте, дүкенде және басқа да бұқара көп жиналатын орындарда бетперде тағып жүруге кеңес беруді сұрады. Мемлекеттердің көбі солай етті: билік жұртшылыққа тиісті үндеу тастады. Ал Қазақстан сөзбен шектелмей, бірқатар дамушы елдер қатарлы мұны нормативтік құқықтық актімен бекітіп, міндетті талапқа айналдырды. ДДСҰ-ның жаңартылған ұсынымы бойынша COVID-19 сырқатты емдеуге тартылған-тартылмағанына қарамастан, барлық дәрігерден және медициналық ұйым қызметкерлерінен міндетті түрде бет-жүзін бетпердемен тұмшалау талап етілуі керек. «Бұдан бөлек, КВИ кең таралған аумақтарда жасы 60-тан асқан адамдарға да, дерті барларға да әлеуметтік алшақтықты сақтауға келмейтін орындарға медициналық бетперде тағуға кеңес береміз», – деді ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебрейесус. Оның айтуынша, басқа адамдардың да үйінен сыртта бетперде тағуын мемлекет ынталандырғаны жөн. Ұйым коронавирус симптомдары бар адамдарға сол бұрынғыдай үйінде қалуды ұсынды. Ал бойында COVID-19 инфекциясы табылған науқастар шұғыл оқшуландырылуы, олармен араласқандар карантинге жабылуы тиіс. – Жалғыз бетперде сізді коронавирус індетінен сақтай алмайды. Бетперде – КВИ-мен күрестегі жалпы шаралардың бір бөлігі. Сонымен бірге әлеуметтік қашықтық және қол гигиенасы маңызды, – деді ұйым жетекшісі Т.Гебрейесус.Тәртіпсізге – 83 мың теңге айыппұл
Шілде айының соңында еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетованың барлық азаматты сыртта, қоғамдық орындарда, жабық ғимараттарда және қоғамдық көлікте медициналық немесе матадан тігілген бетперде тағуға міндеттейтін шешімі күшіне енді. Бас санитардың жаңа қаулысына сәйкес азаматтар бетперде тақса, сыртқа еркін шыға алады. Егер тақпай шығып кетсе, құқық қорғау органдары оны ұстап алып, айыппұл салуға құқылы болады. – Халықтың көшеде қорғаныс бетпердесін тағып жүруі азаматтардың індетке шалдығу тәуекелін азайту үшін қажет. Мұндағы мақсат – адамдарды инфекция жұққан қолын бетіне, мұрнына, аузына кездейсоқ тигізуінен қорғау. ДДСҰ дерегінше, орташа есеппен минутына 3-5 рет адамның қолы мен беті жанасады. Бұл процесс саналы түрде емес, бақылаусыз жүреді. Лас қол инфекция таралу қаупін арттырады, – деді өз шешіміне түсініктемесінде А.Есмағамбетова. Ізінше, 5 жасқа дейінгі балаларға бетперде тақпауға рұқсат етілді. Себебі Жапония және басқа да елдердің ғалымдары балдырғандардың бетперде тағуы толық қалыптасып үлгермеген ағзаға зиян-залал келтіретінін анықтады. Сондай-ақ ДСМ өз бұйрығына өзгеріс енгізіп, ашық ауада, табиғат аясында жеке немесе топ болып спортпен шұғылданатын адамдарды да осы міндеттен босатты. Рас, шарты бар: спортшылардың бір жерде 5 адамнан көп жиналмауы және әлеуметтік қашықтықты сақтауы міндет. Өз кезегінде Әділет министрлігі далада бетпердесіз жүргендерді полицейлердің тегіс ұстап, жаппай жазаламайтынын түсіндірді. – Жауапкершілікке тартуға негіз болатын жағдайларды нақты, жеке-жеке қарау қажет. Мысалы, 2-3 адамнан ғана тұратын топ ашық ауада бетпердесіз, бірақ өзгелерден оқшаулау жүрсе, онда олардың әрекеті санитарлық ережелерді бұзу болып саналмайды. Сәйкесінше, сол үшін әкімшілік жаза қолданылмайды, – деді әділет ведомствосы. Әйтсе де, Әділет министрі Марат Бекетаев карантин шараларын бұзғаны үшін айыппұл сыртында қылмыстық жауапкершілік те көзделгенін еске салды. Оның мәліметінше, көктемдегі ТЖ кезеңінде талапты аяқасты еткендерге қарсы негізінен Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің «Төтенше жағдай режимiн бұзу» деп аталатын 476-бабы қолданылған: ескерту жасалды, 10 АЕК айыппұл салынды, кейбірі 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынды. Қайта ұсталғандар 20 АЕК (55 560 теңге) айыппұл арқалады немесе бір айға қамалды. Қазіргі кезде шектеу шараларын бұзғандарға негізінен кодекстің 425-бабы қолданылады. «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» деп аталатын осы бап жеке тұлғаларға – 30 АЕК немесе 83 340 теңге, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлерге немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 230 АЕК (638 мың 940 теңге), орта кәсіпкерлік нысандарына – 310 АЕК, ірі кәсіпкерлік компанияларына 1 600 АЕК (4 млн 444 мың 800 теңге) айыппұл салуды қарастырады. Халықтан, ұйымдардан, кәсіпкерлер мен компаниялардан әлеуметтік алшақтықты сақтауды және бетперде тағуды қамтамасыз ету, санитайзерлер орнату талап етіледі.Бетперде бәріне жете ме?
Шектеу шараларынан шаршап, коронавирусқа қолды бір сілтеп, бұрынғы бейқам қалпына түсе бастаған қазақстандықтарға талаптарды орындату оңайға түспейтін түрі бар. Бизнес-омбудсмен аппараты басшысының орынбасары Шыңғыс Темір Қарағандыда дүкенге бетперде тағып кіру керегін еске салғаны үшін ер адамның сатушыны соққыға жыққанын айтады. – Санитарлық талаптарды бұзған кәсіпкерге айыппұл тағайындалады. Ал келушілер ол талапты орындаудан жаппай бас тартса не болады? Қазақстанда заңға репрессивтілік тән. Салдарынан кәсіпкер шамалы жаза басса болды, қудалауға ұшырайды. Онсыз да экономикалық күйзелістен қажыған кәсіпкерлер барлық санитарлық талаптарды сақтауға барын салып жатыр: жұмыс орындарын қайта құрды, дезинфекция заттарын сатып алды, нысан ішіне тұтынушылардың бетпердемен кіруін бақылауға алуда. Осыған байланысты түсінбеушіліктер де туындай бастады. Коронавирусқа сенбейтіндер «өз нанымыңды маған таңба!» деп заңды ескертпелерге ызамен үн қататынды шығарды. Мысалы, Қарағанды облысында азық-түлік дүкенінің сатушысы сатып алушының бетпердемен кіруін ғана сұрайды. Ер адам оны ести сала жұдырығымен сатушының бетінен бір ұрған. Бұл бейнебақылау камерасына жазылды. Төбелес далада жалғасқан, – дейді Шыңғыс Темір. Сатушы дәрігердің көмегіне жүгініп, полицейге шағымданған. Шиеленісті бастаған бұзақы ұсталды. Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл институты тұтынушылардың шектеуді бұзғаны үшін бизнесмендер жауапты болмауы керек деген мәселе көтерді. Өйткені адал кәсіпкерлер бюджет қаржысын толықтыруда, халықты азық-түлікпен және қажетті өнімдермен және жұмыспен қамтуда. – Егер тұтынушының санитарлық талапты бұзғаны үшін кәсіпкердің жауапкершілікке тартылу фактісі кездессе, бизнес-омбудсмен кеңсесіне жүгінуді сұраймыз. Сондай-ақ «Атамекен» палатасының 1432 байланыс орталығына қоңырау шалуға болады. Біз қолымыздан келгенше көмектесеміз, – деді Ш.Темір. Дегенмен өткен аптадағы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осы салада «қауіпсіздік белдігін тағу қағидаты» қолданылуы керек деп мәлімдеді. Естеріңізде болса, бірнеше жыл бұрын елімізде автокөлік ішінде қауіпсіздік белдігін тағуға міндеттеу бойынша кең ауқымды науқан жүрді. Сонда жолаушысы белдік тақпағаны үшін жүргізушінің өзіне айыппұл салу тәжірибесі өмірге жолдама алды. Нәтижесінде үлкен айыппұл төлемеу үшін автокөлік иелері осы талапты өзі ғана сақтап қоймай, оның орындалуын қасына жайғасатын адамдардан да талап етуді әдетке айналдырды. Бас санитардың жаңа шешімі белгілі бола салысымен, әлеуметтік желіде: «Жұрттың бәріне бетперде қайдан жетсін? Тағы да жасанды тапшылық тудырғалы тұр» деп алдын ала дүрліккендер табылды. Әйткенмен, дәріханаларда дүрбелең жоқ, бұл медициналық бұйым еркін сатылуда. Тіпті, саны бойынша шектеу қойылмапты. – Сұраныс зор деп айту қиын. Кейбір адам бір бетпердені сыртқа «түбіті» шыққанша ұзақ уақыт киетінді шығарды. Жақында сатып алушылардың бірі келіп: «Маған сатқан бетпердең сапасыз. Үш күнге шыдамай бауы үзіліп қалды» демесі бар ма? Бірреттік бетпердені екі сағат қана киюге болатынын, содан кейін ауыстыру керегін көбі ескермейді, – дейді елордалық белгілі дәріханалар желісінің провизоры Айымкүл Айдынқызы. Қазақстандықтардың тағы бір бөлігі бетпердеге интернет арқылы тапсырыс беріп жатыр: мысалы, вайлдберриз арқылы 50 бірлігін 1 мың 610 теңгеге Ресейден алғызуға болады екен. Яғни, 1 бетперде құны – 32 теңге. Бұл жерде қаптамада елу емес, 45-47 данасы ғана болатынын ескеру керек. Оның үстіне, бір-екі апта күтесіз. Елорда дәріханаларында осындай медициналық бетперде 79-85 теңге аралығында сатылып жатыр.Айхан ШӘРІП