AlmaU университетінің ректоры Ербол Сүлейменов неліктен бағаны төмендете алмайтынын түсіндірді. «Біріншіден, біз оқу ақысын көтеруді жоспарлап отырмағанымызды айта кетейін. Былтырғы деңгейде қалдырдық. Яғни, бакалавриатта орташа баға – 1,1 млн теңге. Ал енді оқу ақысын азайтуға қатысты айтсам, кез келген тауардың құны болады. Ол құн түрлі шығындарға байланысты белгіленеді. Карантинге дейін күніне 5-6 сағат қана уақыт бөлсе, қазір он сағаттап жұмыс істейді. Осы тұрғыдан алғанда «үйден істеп отырғандықтан аз жұмыс істейді» деу қисынсыз. Кез келген оқытушыдан сабақ берудің қай форматы ұнайтынын сұрасаңыз, дәстүрлісі оңайырақ екенін айтады. Өйткені онлайнда жүктеме көбірек. Тиісінше, оның ақысы да төленуі тиіс», – дейді оқу орын басшысы.
Осы ретте оқытушылардың пікірін білдік. С.Демирел университеті, әлеуметтік ғылымдар кафедрасы меңгерушісі, Мадияр Саудбаев расында, онлайн форматтың жүгі ауыр екенін айтып отыр. «Аудиториядағы сабаққа қарағанда онлайн дәріс студентке де, оқытушыға да қиындау. Бірінші кезекте жауапкершілік тұрғысынан. Тағы бір қиын тұсы – авторлық құқық жағы. Мысалы, біз сабақ өтіп жатқанда түрлі еңбектерді аударып, сілтеме беріп, түсіндіреміз. Сабақ видеожазба түрінде сақталып, студенттерге жіберіледі. Сөйтіп, таралып кетуі де мүмкін. Одан кейін студенттерді бақылап отыру оңай емес. Былай қарағанда, оңай көрінгенімен, оқытушының уақытын алатын жайттар көп. Студенттерге не үшін қиын десеңіз, бұрын аудиторияда өткенде 70 пайызға жуығы ғана сабақ айтса, мынада үй тапсырмасын бәрі орындауы тиіс. Қалай десек те, онлайнның жүгі ауыр. Бірақ қашықтан оқу мүлдем басқа. Мұнда кері байланыс жоқ», – дейді университет оқытушысы.
Онлайн оқу кезінде оқытушылар дайындығына кей студенттер риза емес. Сонымен бірге сабақта уақыт алатын фактор көп болады екен. Тұран-Астана университетінің студенті Айдана Қадыр (кейіпкердің есімі өзгертілді – авт.) оқу ақысын төмендетпесе, академиялық демалыс алуға бел буып отыр. «Онлайн оқу бізге тиімсіз екен. Оқытушылар дайын емес. Бәрі бір уақытта кіргенде бірде дауыс шықпай қалады, енді бірде интернет қатып қалады. Сөйтіп, «анау жоқ, мынау дұрыс емес» деп отырып сабақтың аяқталатын уақыты да болады. Мұндай оқу үшін ақы төлеуге қимаймыз, шыны керек. Төлеген соң соған сай білім алғымыз келеді. Одан қала берді оқу ақысын төлеу де қиындады. Ата-ана болсын, студент болсын қосымша жұмыстан айырылды. Егер жылдық ақы азаймаса, академиялық демалыс алуға тура келеді», – дейді студент.
Министр жаңа оқу жылында бакалавриат студенттері қашықтан оқуды жалғастыратынын айтқан. Зертханалық сабақ, өндірістік оқыту не тәжірибеден өту керек болғанда ғана жағдайға қарай өзгеруі мүмкін. Басқалары қашықтан оқиды. Аймағамбетов бұған қатысты арнайы нұсқаулық әзірленгенін айтқанымен, нақтылай қоймайды. Сонымен бірге магистранттар мен докторанттардың оқу тәртібі бекітілген жоқ. Оқу орындарының көбі оқу ақысын көтермесе де, түсірмейтін сияқты. Жұмыссыз қалған ата-ана, қосымша жұмысынан айырылған студенттің күні не болары да белгісіз.
Жадыра АҚҚАЙЫР