«Әлеуметтік желідегі қудалау өте қорқынышты»...
Мамыр айының соңында жапониялық жас қыз Хана Кимура өзіне қол жұмсаған. Әлеуметтік желіде жазған соңғы жазбаларының бірінде ол қудалау мен үркітіп-қорқытуға тап болғанын жеткізген. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицид тек Жапония үшін ғана емес, Қазақстан үшін де аса өзекті. Бүгінде әлемнің 38 елінде суицидтің алдын алу үшін мемлекеттік деңгейде арнайы бағдарламалар қабылданған. Мұндай бағдарламалар өз нәтижесін беріп те жатыр. Бүгінде Еуропа елдерінде мұндай теріс статистика азайған. Жалпы, оффлайн буллинг мен кибербуллингтің бала психикасына әсері қандай? Буллингті қалай тануға болады? Кибербуллинг, моббинг немесе троллинг – ағылшын сөзінен шыққан сөздер, ол электронды коммуникация құралдары арқылы, атап айтсақ, әлеуметтік желі, электронды хаттар мен SMS-хабарламалар арқылы адамды үркітіп-қорқыту, қоқан-лоққы көрсету, ар-намысына тию, жалған жала жабуды, тіпті харрассментті білдіреді. Мамандардың айтуынша, оң-солын енді танып жатқан бала үшін кибербуллинг шешілмейтін мәселедей көрінуі мүмкін. Егерде аула, мектепте болатын қудалау фактілері бала үйге келгенде тоқтаса, интернет моббингтің бір жаман жері – ол аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат бойы географиялық алшақтыққа қарамастан үздіксіз қайталана беріп, бала психикасына кері әсер етуі мүмкін. Қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша подкаст, яғни интернетте теле-радиобағдарламалар стилінде аудио-бейнефайлдар тарату ісіне белсене араласып жүрген психоаналитик Анна Құдиярова баланы қудалау фактілерін дер кезінде байқаудың маңызын айтады. – Бала кішкентай болсын, үлкен болсын, әлеуметтік желілерде қудалау өте қорқынышты. Әсіресе, бала кім боламын деп ойлана бастаған жасөспірім кезінде қиын. Бәлкім, әлеуметтік желіде бір баланың достығында небары 250 адам бар шығар. Бірақ жасөспірім кезінде, әсіресе қыз балаға оның ішкі сырын бүкіл әлем білетіндей көрінеді. Егер сіз балаңыздың бойына өзіне деген сенімін арттыра білгеніңізде, сіздің балаңыз мұндай қиын жағдайға тап болмас еді. Бала бәрін біліп өседі, «желіде менің аяқтарым қисық деп жаза беріңдер, бірақ әкем үшін мен ханшайыммын. Менен артық ешкім жоқ» дейді де, мәселені ешбір салдарсыз жаба салады. Яғни, «Ит үреді, көш жүреді» деген ұстанымда болады, – дейді. Бірақ білікті маманның айтуынша, буллингке шыдамай, төтеп бере алмайтын балалар баршылық. Бұған қатысты Анна Құдиярова: – Ең қорқыныштысы – ит үргенде, жасөспірімнің оған шыдамай, сүрініп-құлауы. Бұған ата-аналар кінәлі. Неге баланың 3-5 жасынан бастап, тіпті көзін ашқан күннен бастап, оның көздерінің әдемі екенін, білегінің күшті екенін айтпадыңыздар? Әке-шешесіне жақын бала қандай мәселе туындамасын, жақындарына жүгіріп барады. Сондықтан әке-шешесі баласының қандай қиындыққа тап болғанын дер кезінде біледі, – дейді. Ұзақ жылдан бері психоанализбен айналысып жүрген маман мектеп, үй ауыстырғанда, буллингке дайын болып, баламен бұл туралы ашық сөйлесу қажеттігін алға тартады. Қудалаудан әлсіз баланы кім қорғай алады? Ең алдымен, жанашыр, дұрыс тәрбие алған сыныптастары қорған бола алады. Өйткені қорқытып-үркіту фактілері олардың көз алдында өтеді. Екіншіден, ата-аналар балаларымен мектептегі, ауладағы, желідегі соңғы жаңалықтарды талқылап, кіммен дос болып жүргенін, кіммен ренжісіп қалғанын, неге туған күнге бір баланың келмегенін, бәрін-бәрін анықтап сұрап, қоғам тынысының тамырын басып отыруы керек. Кейде ата-аналар комитетіне кіретін белсенді аналар да жағдайдың реттелуіне сеп болуы мүмкін. Бұл тұрғыдан білікті маман соңғы кезде психологиялық сауатты жас ата-аналардың көбейіп жатқанына қуанады.Кибербуллинг үшін заңға тиісті жаза енгізілуі керек
IT маманы Аршат Ораз білім жүйесінің оффлайннан онлайнға өткен заманында кибербуллингтен сақтану үшін интернетті шектеудің мүмкін емесін айтады. Бүгінгі таңда интернет балалар үшін тек ақпарат пен байланыс құралы ғана емес, білім алу тетігі боп тұр. – Сондықтан балаға ненің не екенін ашық түсіндіруіміз керек. Ол өзіне ұнамаған нәрсені, әрекетті, реакцияны ата-анасына ашық айтуы тиіс. Яғни, балаға ата-анасы онлайн мазақ, қорқыту, үркітудің не екенін әрі оның жауапкершілігін түсіндіруі керек. Тек мектеп психологі емес, үйде де психолог керек екенін түсінуіміз қажет, – дейді. Маманның айтуынша, қазірше мұның нақты жазасы жоқ. – Әлеуметтік желілер де тек қолданушы шағымдарын қабылдап, сол бойынша тиісті шаралар қолданады. Заңды тұрғыдан мұның қылмыс екенін мойындап, тиісті жаза енгізу керек. Балаға интернет қолдануға тыйым салғаннан көрі желі әдебін түсіндірген жөн, – дейді Аршат Ораз. Расында да, дамыған елдерде кибербуллинг Қылмыстық кодекспен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексімен реттелетін заң бұзушылық болып саналады. Оңтүстік Кореяда 2007 жылдан бері интернеттегі қудалаумен күресетін арнайы заң бар. Германияда кибермоббинг ұйымдастырған ересек адам 10 жылға дейін, жасөспірім 5 жылға дейін сотталуы мүмкін. Интернетте басқа баланы қудалаған кибербуллерді түзету жұмыстарына тарту да қарастырылған. Биылдан бастап Германияда кәмелетке толмаған балалармен порнографиялық сурет алмасқан, анайы әңгіме жүргізген қолданушылар үшін жаза тіптен қиындады. Егерде бұрынғы заң бойынша, баламен сексуалды сипаттағы әңгіме құрған азаматтар қылмыстық жазаға тартылса, қазіргі заң бойынша жұмыс бабымен баланың атынан аккаунт ашқан полиция қызметкерімен анайы әңгіме құрғаны үшін де желі қолданушысы қамауға алынады. Сондай-ақ кибербуллинг үшін Англия, Франция, Канада мен АҚШ-тың бірқатар штатында қылмыстық жауаптылық бар. Посткеңестік елдер үшін интернеттегі қудалау әлі де таңсық нәрсе. Соңғы жылдары Ресейде бұл мәселе жоғары деңгейде талқыланып, тіпті «Интернеттегі қауіпсіздік сабағы» барша мектепте өткізілген еді. Таяуда Facebook қудалауды алдын алу орталығын қайта жүктеді. Бұл ақпараттық ресурс қолданушыларға кибербуллингтен өзін және жақындарын сақтандыруға мүмкіндік береді. Пікірлерді модерациялау қызметі, бейтаныс адамды банға тығу сияқты қосымша қызметтер тағы бар. Бұл тұрғыдан әлеуметтік желі мамандары жыл сайын буллингтен сақтандыру амалдарын жетілдіріп келеді. Қазақстанда әлі күнге дейін кибербуллинг тиісті заңдарда арнайы көрсетілмеген. Негізгі арқа сүйейтін бап – Жала жабу бабы. Естеріңізге сала кетсек, биылдан бастап президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Жала жабу бабы Қылмыстық кодекстің 130-бабынан Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне ауыстырылған еді. Оған сәйкес, заң бұзушы азамат ең кемі 424 000 теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Тіпті, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің тиісті бабы бойынша, 2 000-нан 7 000-ға дейінгі АЕК көлемінде айыппұл төлеу көзделген. Заңгерлер буллингке тап болған балалар мен ересектерге қандай да бір хат келмесін, оны скриндеп, яғни көшіріп, сақтап отыруға кеңес береді. Әрине, скриншоттың заңи тұрғыдан салмағы болмауы да мүмкін. Бірақ егер сіз өзіңізге қарсы жазылған үркітіп-қорқыту, жала жабу, жеке басқа тиісу хаттарын сақтап, оны нотариуста бекітіп, мықты сарапшы-филологтан әрбір сөздің мән-мағынасын түсіндірмесімен жаздырып алсаңыз, моральдық құқыңызды қорғау үшін сотқа жүгіне аласыз. Заңгерлер кибербуллинг үшін тиісті заңдарға арнайы бап енгізу қажеттігін қолдайды. Өкінішке қарай, көп жағдайда интернетте қудалап, суицидке итермелеген адамдар жеңіл жаза – айыппұлмен құтылып отырады. Психологтар «ар жазасы біреуде бар, біреуде жоқ» дейді. Яғни, киберқылмысты біреудің арына қалдыруға тағы болмайды. Еуропа мен АҚШ елдеріндей кибербуллингті зерттеп, заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу – уақыт талабы.Кәмшат ТАСБОЛАТ