«Жаңа оқу жылына дайындық қарқынды жүріп жатыр. Елдегі санитарлық жағдайға байланысты 1 қыркүйектен бастап оқу жылы жалпы қашықтан оқыту форматында басталады. Қабылданған шешімге сәйкес, бұл жерде екі ерекшелік бар. Біріншіден, шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептер эпидемиялық ахуал жақсы болған жағдайда оқуды дәстүрлі түрде бастайды. Екіншіден, бастауыш сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтініші негізінде қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар ашылады», – деді министр.
Бұл жағдайда ол балалардың тек бір кабинетте бір мұғаліммен ғана оқитынын атап өтті. Үзілістер әртүрлі уақытта болады.
«Сыныптағы бала саны 15-тен аспайтын болады. Кезекші сыныптарға өтініштер қолжетімді байланыс құралдары арқылы электронды түрде қабылданады. Сонымен, алдын ала болжам бойынша интернет платформалар мен теледидарды пайдалана отырып, қашықтан оқыту форматында 2,6 млн оқушы, кезекші сыныптарда 530 мың бала, штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы білім алады деген жоспар бар», – деді Аймағамбетов.
Сондай-ақ министр Үкімет отырысында егер эпидемиологиялық жағдай жақсарып, пандемия қарқыны бәсеңдесе дәстүрлі оқуға көшу үшін арнайы жоспар дайын екенін айтты. Бірақ керісінше болса, қашықтан оқу тетіктері одан әрі тағы да жетілдіріледі. Министрдің айтуынша, кез келген шешім Қазақтандағы эпидемиологиялық ахуалға қарай қабылданады.
Бұған дейін Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі болып Бағдат Мусин шалғай ауылдарда әлі де шешілмеген интернет проблемасын көтергенін жазған болатынбыз.