Негізі, биыл 163 ауланы абаттандыруға 2,3 миллиард теңге бөлінген екен. Бұл орайда, бюджеттің қаржысын тиімді пайдалану маңызды. Алайда қара халық «онсыз да сау тұрған бордюрді бұзып, жаңасын қойғанша, бұл қаржыны басқа мақсатқа жұмсамады ма?» деген назын білдірді. Көпшіліктің жанайқайын Бердібек Машбекұлы назардан тыс қалдырмай, ең әуелі Әйтеке би көшесіндегі №30 көпқабатты үйдің ауласындағы абаттандыру жұмыстарын көзбен көрді. Құны 13,6 миллион теңгені құрайтын бұл жұмыстарды мердігер «ERK-Astana» жүргізуде. Бүгінде тұрғындардың өздері ауланы күтіп-баптауға белсене атсалысып, гүлдер мен көшеттер отырғызып аумақты көркейткен. Бұл жұмыстар облыс әкімінің көңілінен шықты.
Келесі кезекте Б.Сапарбаев Желтоқсан және Дулати көшелерінің қиылысындағы суармалы арық жүйесін қайта құру жұмыстарының барысын барлады. Мұнда 36 шақырымды құрайтын арық қалпына келтірілмек. Алайда бүгінге дейін тек 8,5 шақырымы жөнделген. Бердібек Машбекұлы сылбыр жүргізіліп жатқан жұмыстар үшін мердігер компанияны қатаң сынға алды.
Аймақ басшысы «Жайлау» ықшамауданындағы №1,3,4,6,7 үйлердің ауласын қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын жіті зерделеді. Себебі мұнда бұқараның наразылығын туғызып отырған жаппай бордюр ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бірақ Бердібек Сапарбаев үшін бұқараның өкпесі бекер-ақ екен. Оның сөзіне сүйенсек, облыс әкімдігінің міндеті қажетті қаржыны тауып беру, ал бордюрді ауыстыру, әлде ауыстырмау Тараз қаласы әкімінің құзыретінде көрінеді.
– Біз Тараз қаласы әкімдігіне қажетті ақшасын тауып беріп отырмыз. Ары қарайғы жұмыс солардың міндетінде. Сіздер жарамсыз деп тапқан жиектастар әлі 10 жылға жарайтынына күмәнім жоқ. Олардың бәрін ауыстырудың керегі қанша? Әлеуметтік желілерде өз наразылығын білдірген тұрғындардікі дұрыс. Бұған кеткен ақшаны балалар мен спорт алаңдарын абаттандыруға жұмсаған абзал. Қайталап айтамын, облыс әкімінің міндеті – қаражат тауып, бөлу. Ал орындалатын жұмыстың сапасы, тиімділігі мен мерзіміне тікелей бақылау жүргізу қала әкімінің міндеті.
Қазір халық арасында «Сапарбаев келгелі талдардың бәрін кесіп жатыр» деген әңгіме тараған. «Айтқазы Дәулетқұлұлы, мұны жеке бақылауға алыңыз, осындай негізсіз әрекеттерді тоқтату керек. Жұмысқа жауапсыздықпен қарауға болмайды» деп облыс әкімі Қарабалаевқа шүйлікті. Өз кезегінде қала басшысы «Иә, иә біз жауаптымыз» дегеннен артық сөз айта алмады.
Бердібек Машбекұлы мұнымен қоймай, облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевқа тұрғындар шағымданған бордюрлерді ауыстыру және аулалардағы ағаш-тарды кесу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың қаншалықты орынды екеніне талдау жүргізіп, жіті тексеруді тапсырды.
«Бәйтерек» шағынауданындағы №13, 14, 15 көпқабатты үйлердің аулалары да жан-жақты абаттандырылуда. «Алимансур» ЖШС директорының орынбасары Мәмбет Сағынбековтің айтуынша, 25 мамырда басталған жұмыс 10 тамызға дейін аяқталмақ екен. Бірақ мұндағы жұмыс та облыс әкімінің көңілінен шыға қоймады.
– Ықшамауданда абаттандыру жұмыстары 2017 жылы жүргізілген. Мұнда да бордюрлер ауыстырылуда. Мұның не қажеті бар? Оның орнына жолдарды сапалы жөндеген дұрыс емес пе? – деп облыс әкімі жауапты мамандарға тағы ескерту жасады.
Жалпы, Бердібек Машбекұлының сөзіне сүйенсек, аулаларды абаттандыру кезіндегі кемшіліктер мердігер мен оның жұмысын қадағалауға жауапты қала әкімдігі жұмысының салғырттығы екен. «Бөлінген бюджет қаражатына тиісті бақылау болатын болса, тиімділік арта түсер еді», – дейді аймақ басшысы.
Бұл күні облыс әкімі Сыпатай батыр, Көшенай, Қойгелді, Ниетқалиев, Абай және Жамбыл даңғылдарының бойындағы М-2 жылу магистралін қайта жөндеу жұмыстарын да көзбен көрді. Бердібек Сапарбаев Қойгелді көшесіндегі жол жамылғысын қалпына келтіру жұмыстарымен жіті танысты. Асфальттың бірінші қабаты төселген, сметалық құжаттарға сәйкес екінші қабатты төсеу жоспарлануда. Бірақ банкротқа ұшыраған мердігер компанияның жұмысты аяқтауға қаражаты жоқ. Екі жылдан бері қазылған жолдар Тараз тұрғындарының көптеген шағымы мен наразылығын тудыруда. Бердібек Машбекұлы тиісті барлық мемлекеттік органдарды қатыстыра отырып, бұл мәселені шешуді қала әкімі Айтқазы Қарабалаевқа тапсырды.
– Жұмыс қыркүйек айында аяқталуы керек. Сіздердің жүйесіз әрекеттеріңіздің салдарынан қала тұрығындары зардап шекпеуі тиіс, – деді облыс әкімі сөзіне зіл салып.
Бұдан кейін аймақ басшысы «Таразэнергоорталық» АҚ-да болып, 1 тамыздан бастап қала тұрғындарына ыстық су беру мәселесін тағы бір мәрте пысықтады.
– 31 шілдеде Тараздағы 300 көпқабатты үйге ыстық су беріледі. Ал тағы екі күн ішінде 631 көпқабатты үй ыстық сумен қамтамасыз етілмек. Бұл ыстық сумен қамтамасыз етуі тоқтатылған тұрғын үйлердің жалпы санының 76 пайызын құрайды. Қалған 190 үй жылу магистральдарындағы жұмыстардың аяқталуына қарай қосылатын болады, – деп облыс әкіміне Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев уәдесін берді.
Расында, 1 тамыздан бастап қаладағы көпқабатты үйлерге ыстық су беріле бастады. Қазір бұқара «Бердібек Сапарбаев айтқан уәдесінде тұрды» деп дән ризашылықтарын білдіруде. Енді бордюр ауыстыру мен тал кесу мәселесі де біржақты шешілсе, көпшіліктің ашу-ызасының басылары анық.