Құрбан айттағы қайырымдылық
Құрбан айттағы қайырымдылық
385
оқылды
Ақтүбектегі жаңа қоныс иесінің қуанышын бөлісуге округ әкімі Қайрат Тұрлыбеков, «Диана» қайырымдылық қоры­ның ұйымдастырушысы Қ. Қап­пар арнайы келіп, жұртпен бірге жақсылыққа куә болды. Округ әкімінің айтуынша, шалғай аудандағы елді мекенде шарапатты  шаралар жиі болып жатады. Қайырымдылық қор­лары, жекелеген азаматтар ортақ істен ешқашан шет қалмайды.  Мүмкіндігінше қол ұшын беріп, игі бастамаларды жүзеге асырады.
 «Мереке алдында шарапатты  шараның бастамашысы бол­ғанымызға қуаныштымын. Егер біз ынтымағымыз бен бірлігімізді көрсете білсек, елде жағдайы нашар, қиналған отбасы болмайтынына сенемін. Мұндай мейірімділік қадамы алдағы кезде де жалғасады» деген қор ұйымдастырушысы үйдің кілтін көпбалалы ана Самал Нұрпейісоваға тапсырды.
Жалғызбасты ана өзінің 5 баласымен бірге бірнеше жыл пәтер жалдап тұрғанын, енді олардың өз баспаналары  болатынын айтып, қуаныштан көз жасына ерік берді. Алыстағы Алакөлде Құрбан айт күндері «Мың алғыс» рес­публикалық акциясы аясында, «Бейсенбаев» ШҚ атынан 1 ірі қара мен «Алимбеков», «Бутунчинов» және «Шынқожаев» шаруа қожалықтары атынан 4 қой  құрбандыққа шалынып, ауданның ірі ауылдық округтерінің бірі Бескөлдегі тұрмысы төмен, мұқтаж 50 отбасыға таратылған. Сондай-ақ ауданның тұрақты  демеушілері Бауыржан Оспанов төрт, Елжан Әбдрахманов бір ірі қараны құрбандыққа шалып, тұрмысы төмен отбасыларға таратса, Б.Сиырбаев, Ж.Абдрах­манов және М.Беков сынды кәсіпкерлер 3 ірі қараның етін қауіпті індетпен күресіп жүрген медицина қызметкерлеріне жеткізіп беріп, қолдау көрсетті. Жалпы,  Алакөл ауданы бойынша демеушілер, кәсіпкерлер мен қайырымды азаматтар тарапынан барлығы 17 ірі қара, 530 ұсақ мал құрбандыққа шалынып, 1 000-нан аса отбасыға таратылды.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы