Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді
Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді
335
оқылды
Грек-рим күресінен тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді. Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды. 
"Бүгін аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Олимпиада чемпионы Жақсылық аға Үшкемпіровты ақтық сапарға аттандырдық. Кеңсайға қойылды. Аты ғана емес, заты да Жақсылық еді жарықтықтың. Мені еркелетіп "бала" дейтін. "Бала қалайсың?" деп арқамнан қағатын. Қазақтың "жақсыда жаттық жоқ" деген сөзінің мәнін мен осы кісіге қарап бағамдадым. Қаймана қазақты жатсынбай бауырына тартатын. Ұлтты бөлмей сүйетін. Қашан көрсең жарқылдап жүретін. Өзі айтқандай, Жақсылық ағамыздай бес мың жігіт болса, күллі қазақ ауылдарын дүркіретіп көтеруге болады.
Аты жаман дерт талай асылымыздан айырды. Ендігі қалған жұртқа Алла амандық берсе екен.
Мәңгілік мекенінде боз төбе болып қалды қайран ер! Бақұл болыңыз, Жақсылық аға!", - деп жазды ол.
 Еске сала кетейік, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров 2 тамызда қайтыс болды.