Шарада сөз алған облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов Kaspi.kz пен көліктерді құрастырушы болып табылатын «СарыарқаАвтоПром» ЖШС басшылығына өңір тұрғындары атынан алғысын білдіріп, көлік кілттерін табыс етті.
– Бүгінде облыс бойынша 139 бригада жұмыс жасауда. Жедел жәрдем көліктері жоспар бойынша жеткілікті. Алайда елдегі қиын жағдайға байланысты соңғы кездері шақыртулар көп түсіп, мамандар науқастарға дер кезінде жете алмауда. Енді міне демеуші сыйға тартқан 10 жедел жәрдем көлігі жұмысымызға көп демеу болғалы тұр. Бұйыртса, алдағы уақытта демеушілеріміз тағы 18 жедел жәрдем көлігімен қуантпақ. Сіздерге айтар алғысым шексіз, – деді Марат Сейтбекұлы.
Айта кетейік, отандық өндіріс орны саналатын «СарыарқаАвтоПром» ЖШС көліктерді науқастарды тасымалдауға қажетті барлық медициналық, санитарлық және бактерицидтік жабдықпен жабдықталған күйде құрастырып беріп отыр. Бұл жедел жәрдем көліктері коронавирус кеселімен күресте өлшеусіз үлесін қосатындығы даусыз.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы