G7: Макрон жеңді
G7: Макрон жеңді
106
оқылды

Франциядағы Биарицке көз тіккендердің көкейінде «Алпауыт жетіліктің» саммиті өткен жылы Канададағыдай еш нәтижесіз аяқтала ма деген сұрақ тұрды. Алайда француз басшысы Макрон келісім жолында күш-жігерін аямағаны байқалады. Саммитке қатысушылар Иран ядролық бағдарламасы, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысын тоқтату, сандық салық салу мәселелері бойынша ортақ келісімге келе алған. Десе де бұл жеті ел басшылары арасында қайшылыққа толы мәселелердің барын жоққа шығармайды.

Франция президенті Макрон қорытынды баспасөз конференциясы аясында Дональд Трамп және өзге де қатысушыларды Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Роуханимен кездесіп, ядролық қаруға қарсы Бірлескен іс-қимыл жоспарын талқылауға көндірген. Бұл турасында Макрон Иран СІМ басшысы Зариф пен ел президенті Роуханиді де құлағдар еткенін алға тартты. Euronews таратқан ақпарға сәйкес, Ақ үй басшысы Иран президентімен кездесуге келіскенін, бірақ белгілі бір шарттар аясында екенін жасырмады. «Олар (Иран-ред) әділетті ойнауы тиіс. Менің не айтқым келгенін түсінген боларсыздар. Олар бұған дейін өздері мәлім еткендерін жасамауы тиіс, жасар болса, қатаң тойтарысқа ұшырайды», - деп ескертті Трамп.

Иран СІМ басшысы Мұхаммед Жавад Зарифтің саммитке қатысуы бірқатар фигуранттар үшін күтпеген оқиға болды. Зариф Франция президенті Эммануель Макронмен, өзінің француздық әріптесі Жан-Ив ле Дрианмен кездесті. Өзінің Twitter-дегі парақшасында Зариф сындарлы өзара қарым-қатынас құру үшін Иран белсенді дипломатияны жалғастыра беретінін жазды. «Алға бастар жол күрделі, бірақ өзімізді сынап көруге болады», - дейді Зариф жазбасында.

Қытай мен АҚШ арасындағы сауда қақтығысына тоқталған Трамп Вашингтон мен Бейжің арасындағы келіссөздер «жақын арада» жанданатынын хабарлады. Оның сөзінше, «Төраға Си – ұлы көшбасшы». Үш миллион жұмыс орнын қысқа уақыт ішінде жоғалтуға құлықты емес, дейді Ақ үй басшысы.


Келісімсіз Brexit, сауда мәмілесі

Биаррицте сондай-ақ британ премьері Борис Джонсон Еурокеңес басшысы Дональд Тускпен кездесу жүргізді. Тараптар Лондон мен Брюссель кез келген жағдайда жақсы қарым-қатынасты сақтап қалатындығына келісті. Алайда «Brexit» бойынша ешқандай келісімге қол жеткізілмеді.

Джонсонның пікірінше, Ұлыбритания мен Еуроодақ 31 қазаннан кейін де «жақсы достар» болып қала береді.

Ал Ақ үй басшысы Дональд Трамп жақын арада Вашингтон Лондонмен ірі сауда келісімін жасайтынын мәлім етті. Трамптың сөзінше бұл келісім осыған дейін Корольдікпен жасалған келісімдердің ішіндегі ең ірісі болмақ. «Оларда (келісімде-ред) ешқандай кедергі болмайды, ешкім тосқауыл бола алмайды», - деді АҚШ президенті.

«Алпауыт жетіліктің» саммитіне тұрақты түрде қатысып келе жатқан Жапония, Франция, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия, Канададан өзге саммит жұмысына Мысыр, Үндістан, Сенегал, Чили және ОАР басшылары да қатысты. Кең форматта өткен келіссөздер барысында лидерлер теңсіздік және климаттың өзгеруін талқыға салды.

Бұдан өзге Ресейдің «G7» құрамына қайта оралуы да сөз болған. Бұны АҚШ басшысы Дональд Трамп та растады. Алайда президенттер бұл мәселе бойынша ортақ шешімге келе алмапты.

Сондай-ақ саммит барысында климаттың күрт жылынуы тақырыбында сөз қозғалды. G7 тобының лидерлері Амазониядағы өртке қарсы көмек ретінде 20 миллион еуро бөлуге ниет танытты. Бұл туралы Макрон чилилік әріптесі Себастьян Пиньермен болған келіссөздерінен кейін хабарлады. Осылайша, саммиттің тізгінін алған Франция нәтижелі жұмыс көрсетіп, әлеуетті мәмілелерге қол жеткізді. Ал оның қорытындысы жақын болашақтың еншісінде.