Көтергіштер «құлатқышқа» айналды
Ведомствоның дерегіне сенсек, Қазақстанда жалпы алғанда лифт орнатылған 51 мың көпқабатты тұрғын үй бар. Мұның сыртында 5,5 мыңнан аса аурухана, емхана және басқа да денсаулық сақтау мекемесі өзіндегі «жеделсаты» қызметіне жүгінеді. Мұның сыртында, ЖОО-ларда, сауда және ойын-сауық орталықтарында, туристік көрнекті нысандарда, сауда үйлері мен жабық базарларда және басқасында лифт пен эскалаторлар қолданылады. Осының барлығы ұзақ жылдан бері мемлекет тарапынан бақылаусыз қалып келді. Бұлай жалғаса бергені жөнсіз. Билік бизнесті өркендетемін, заңнаманы ізгілендіремін деп, халықтың басын тәуекелге тікпеуі тиіс. Сондықтан ел Үкіметі салада реформа жасауға кірісті. – Ішкі істер министрлігінің дерегінше, елімізде бірінші кезекте сапасыз техникалық қызмет көрсету салдарынан жыл сайын лифтілерге, эскалаторларға қатысты апаттардың және жазатайым оқиғалардың саны өсуде. Заңды тұлғалар мен ұйымдар ең арзан бағаны іздеп, не білікті қызметкері, не өндірістік базасы, не авариялық қызметі, не істен шыққан лифтінің ақауын жедел жөндеуге қажетті қосымша бөлшектері, сондай-ақ ішінде қалған адамдарды эвакуациялайтын құрал-жабдығы жоқ компаниялармен, жеке тұлғалармен келісімге отырады. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы жұмыс түрі бойынша қызмет нарығында рұқсатнама рәсімін енгізу және заңды тұлғаларға біліктілік талаптарын қою қажет, – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тиісті талдамалық нысанда. Ресми мәліметке сәйкес, 2017–2019 жылдары елорданың өзінде лифт, эскалатор, көтергіштердің жұмысындағы ақауға байланысты 40-тан астам оқыс оқиға тіркеліпті. Павлодарда одан да көп – 63 оқиға. Бұдан бөлек, 2017 жылы Астана қаласында 3 рет, Павлодарда 1 рет лифт құлады. Адамдар зардап шеккен ұқсас оқиғалар Алматыда, Ақтөбеде, Атырауда, Лисаковта болды.Аттестаттау – атүсті істен арылу
Мұндай сорақылыққа жол бермеу үшін енді мемлекет осы саладағы компанияларды аттестаттауға ниетті. Тиісінше, лифт, эскалатор, траволатор, сондай-ақ мүгедек арбасын көтергіштерді орнатумен, оларға техникалық қызмет көрсетумен, техникалық диагностикалаумен, техникалық куәландырумен және жөндеу жүргізумен шұғылданғысы келетіндер тиісті біліктілік талаптарына сәйкес келетінін дәлелдеуі шарт. ИИДМ түсіндіруінше, қазіргі уақытта лифтілерді, эскалаторларды, траволаторларды және арба көтергіштерді орнату, жөндеу, техникалық қызмет көрсету саласы заңнамалық түрде еш реттелмеген! Осы жұмыс түрлерін жүргізетіндерге, тіпті біліктілік талаптары белгіленбепті. Нәтижесінде, жеке кәсіпкер, заңды тұлға ретінде тіркелген кез келген адам осы салада кәсіпкерлік қызметін бастағаны жөнінде хабарлама жібере салып, еш рұқсат алмай-ақ, осы құрылғыларды монтаждау, оларға қызмет көрсету жөнінде келісім бекіте береді. Өз ісін адал атқарса, жөн. Алайда оқыс оқиға орын алса, не құрылғы авариялық жағдайға жетсе, бұлардың сайда санын, құмда ізін таппай қаласыз. «Олар не ағымдағы, не күрделі жөндеуді орындамай, өзі қызмет көрсететін жабдықты мүшкіл жағдайға жеткізіп, кәсіпкерлік қызметін тоқтата салады. Ал ғимарат иелері, өзге азаматтар өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін ақаулы, қауіпті құрылғыны одан әрі пайдалануға мәжбүр болады», – делінген министрлік құжатында. Ендеше, осы сала ойыншыларын аттестаттап, оларға талап қою – ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алуға септесуі тиіс. Бұл «Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды бекіту туралы» Инвестициялар және даму министрі міндетін атқарушының 2014 жылғы 26 желтоқсандағы №299 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің жаңа бұйрығы жобасында көзделген.Лифт компаниялары прораб іздемек
Құжат қабылданса, лифт, эскалатор, траволатор және мүгедектерге арналған көтергіштерді монтаждаумен, оларға техникалық қызмет көрсетумен, техникалық диагностикалаумен және жөндеумен айналысатын заңды тұлғаларға аттестаттау кезінде келесідей талаптар қойылады: біріншіден, оның жоғары техникалық білімі бар кем дегенде 1 маманы және орта техникалық білімі бар 2 маманы болуы керек. Екіншіден, жоғары техникалық білімді жұмыскерлерінің өтілі 2 жылдан, ал орта техникалық білімді жұмыскерлерінің өтіл-тәжірибесі 3 жылдан кем болмауы міндетті. Білікті жұмысшыларының ең құрығанда біреуі бұған дейін құрылыс саласында басшылық қызметте, мысалы учаске бастығы, шебер, прораб болып кемінде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс. Өйткені негізінен осы мамандар жаңа ғимаратта лифт орнату жұмыстарымен таныс. Бұл маман аутстаффинг фирмалары ұсынатын қзметкер қатарында емес, лифт компаниясының штатындағы қызметкер болуы шарт. Үшіншіден, компанияның монтаждау жұмыстарын жүргізуге қажетті құрылыс механизмдері, көлігі, технологиялық құралдары, қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдары, бақылау және өлшеу аспаптары болуы қажет. Төртіншіден, қолында монтаждау жұмыстарының сапасын бақылау жүйесін қамтамасыз еткенін растайтын құжаттары болуы керек. Басқа да талаптар қарастырылған. Негізі, Қазақстанда урбанизация үрдісі күшейген сайын лифт мәселесінің өзектілігі де арта түспек. Бұл түйткіл басқа түгіл, бас қалада да шешілмеген. Мысалы, елордада «Отан» ТК тұрғындары араша іздеп, биліктің әр органына хат жазуда. «Нұр-Сұлтандағы көпқабатты осы тұрғын үйді «ЖСК ЖанұяИнвест» адамдардың жарнасына тұрғызған. 2018 жылғы қарашада іске қосылды. Бірақ құрылыс барысында көптеген бұзушылыққа жол берілген. Мысалы, үйде баспалдақ жоқ! Тұрғын үй кешенінде адамдар тек лифт арқылы ғана кіріп-шыға алады. Бұл – адамдардың өмірі мен денсаулығына төнген қауіп. Төтенше жағдай туындай қалса не болады?» – дейді мүлік иелері бірлестігінің (бұрынғыша – ПИК) төрағасы Жанар Аязбаева. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, ТКШ жаңғырту бағдарламасы аясында 2020 жылы 50-ден аса көппәтерлі үйде жөндеу жүргізіліп, 100-ден астам лифт жаңасына ауыстырылады. Өзге ескі қалалар да осындай бағдарламаға зәру.Елдос СЕНБАЙ