Бүгінде ақ халатты абзал жандарды қолдау мақсатында дәрігерлерге «Дәрігерлерге мың алғыс!» акциясы еліміздің барлық аймағында ұйымдастырылуда. Ізгі шараның негізгі мақсаты – қоғамда, өскелең ұрпақ арасында мейірімділік пен қайырымдылық қасиетін насихаттау мен ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсету, олардың жұмысын бағалау.
Аталған акция аясында Қызылорда облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, партия белсендісі, «Жан-Арай» ЖШС директоры Бағдаулет Мақашовтың қолдауымен облыс орталығында орналасқан облыстық медицина орталығы, қалалық аурухана, жедел жәрдем, облыстық туберкулезге қарсы диспансеріне, жалпы 1 700 қызметкер мен емделушілерге арнайы ас берілді. Яғни, 4 ірі қара еті, 150 литр шұбат пен 150 литр қымыз және дәруменге толы жеміс-жидектер адам жанына араша түсіп жүрген дәрігерлер мен емделушілерге арналды.