Демек, бізде электронды сауда үстем болатын заман туды. Елордалық белгілі сән салонының иесі, косметолог Гүлнәз Шалабаева биылғы мамырда сәбиін дүниеге әкеліпті: «Бөбектің перзентханадан шығару жиынтығынан, жаялығынан, киім-кешегінен бастап, бесік, кереуетіне дейін, бәрін-бәрін электронды дүкендерден сатып алдым. Рахат болды. Ешқайда сабылған жоқпын», – дейді ол. Локомотив сала Қазақстанда биылғы І жартыжылдықта электронды сауда нарығының жалпы көлемі былтырғыдан 2,2 есеге өсіп, 435 млрд теңгеге жетті. Премьер-министр Асқар Маминнің байламынша, бұл сала экономиканы ілгері сүйрейді: электронды сауда өзге ілеспе секторларға – логистикаға, контейнерлік тасымалдауға, курьерлік қызметтерге, цифрлық сервистерге, қолма-қол ақшасыз айналымға, еңбек нарығына және тағы басқаларға қуатты мультипликативті әсерін тигізеді. – Сондықтан Үкімет алдында электронды сауда рәсімдерін жеңілдету, инвестиция салуға жол ашу, интернет арқылы жасалатын мәмілелердің сенімділігін нығайту, киберқылмыстарға қарсы әрекет ету бағыттарында тиімді шара қабылдау міндеті тұр, – дейді А. Мамин. Саланың келешегі зор: Үкімет басшысының дерегінше, аралас салаларды қоса алғанда, Қазақстанның электронды сауда секторы 2025 жылға қарай шамамен 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орнының ашылуына, сондай-ақ жаңа мамандықтардың пайда болуына мүмкіндік береді. Осы орайда, Сауда, Еңбек министрліктеріне, «Атамекен» палатасымен және ірі интернет-дүкендермен тізе қосып, отандық кәсіпкерлерді онлайн-сауданы тиімді жүргізуге оқытудың арнайы бағдарламасын әзірлеу жүктелді. Бұған жастар белсенді тартылады. E-trade өзімен бірге инновациялық технологиялы шешімдерді өмірге енгізуде. Бірақ ұлттық заңнама оның адымына ілесе алмай, артта қалды. Сол себепті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы саладағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасын әзірлеуді жеделдетіп, Үкіметтің қарауына осы жылы ұсынуға міндеттелді.
Шағым қабылдайтын «терезе» ашылады
Интернет-трейдтің дамуымен бірге, алдау-арбау оқиғалары еселеп өсіп барады. Үкімет тұтынушылардың онлайн саудаға қатысты шағымдары мен ұсыныстарын «бір терезе» қағидаты бойынша қабылдау үшін «Бірыңғай платформаны» іске қосатын болды. Ал арыз-шағым аз емес. «Биылғы 26 маусымда Уайлдберриз интернет-дүкенінде 24,6 мың теңгеге тауар сатып алғанмын. Сұраған сомасын толық төледім. Тауар 2 шілдеде келіп жетті. Беру пунктіне барып, тауарды қарай келе, одан бас тартуыма тура келді. Дүкеннің өз ережесі бойынша, ақша төлем жасалған банк есепшотына қайтарылуы тиіс. 10 күн ішінде картама түсуі керек еді. Түспеді. Мұндай жағдайлар елімізде көп екен. Бұл интернет-дүкен алдын ала толық төлеммен ғана жұмыс істейді. Ал жиналған ақшаны сұрағанда кері бермей, ұстап отырады», – дейді оның клиенті Гүлмира Балтаева. Wildberries – Ресей азаматы Татьяна Бакальчук құрған халықаралық интернет-дүкен саналады. РФ сыртында, ол Қазақстанда және посткеңестік кеңістіктегі бірқатар елде жұмыс істейді. Елордалық Тимур Нұрмағанбетов те осындай жағымсыз жайтқа жолығыпты: «2020 жылғы 16 мамырда Уайлдберризде тауар сатып алдым. 4 маусымда тауарды алдым, көңілім толмағасын кері қайтардым. Ақша 10 күн ішінде оралуы тиіс болатын. Сайтында солай жазылған. Әлденеше рет хабарласқанымнан нәтиже шықпады. Сұрақтарыма қолдау қызметі жөнді жауап бермейді. Сауда-саттық бойынша барлық әрекеттерім «операциялар тарихында» көрініс тапқан еді. Енді қарасам, тарихымды тазартып қойыпты. Қолымда тек сақтық үшін жасап қойған скриндер қалды. Интернет-дүкен кімді алдағысы келеді?» – дейді Тимур. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, осы азаматтың «Уайлдберриз» ЖШС қызметкерлерінің заңға қайшы әрекеттеріне қатысты шағымы 14 шілдеде министрліктің ақпаратты есепке алу кітабында тіркелді және ары қарай тексеру, процессуалдық шешім қабылдау үшін Алматы қаласының Полиция департаментіне жолданыпты.Дүкен ашқым келеді интернетте...
Негізі, осы салада кәсіпкерлік қызметпен айналысқысы келетін азаматтар өзге әріптестерінің, ізашарлардың тәжірибесімен таныс болып, барлық ықтимал проблемаларға дайын болғаны абзал. Мәселен, дәстүрлі дүкенге, базарға бас сұққан адам тауарды әрлі-берлі аударыстырып, ұстап көреді. Ұнамаса, сатып алмай жайына кетеді. Ал ғаламтордағы сауда орнының жайы бөлек. Тұтынушы о баста тауардың әдемі суретіне сүйсініп, аяқастынан ынтызар болуы мүмкін. Кейін қолына түскесін қорашсынып, оғаш көріп, бас тартып жатады. Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов интернет-дүкендерден жәбір көрген барлық тұтынушыға полиция бөліміне жүгінуге кеңес береді. – Егер сауда қызметін және қызмет көрсетуді жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе компания таразыдан жесе, ақысын қайтармаса, тұтынушыларды тауардың не көрсетілетін қызметтің қасиеттеріне, сапасына қатысты жаңылыстырса немесе өзгедей алдаса, ол үшін Әкімшілік кодекстің 190-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Ендеше, азаматтар тұтынушыны алдау фактісі бойынша өтініштерімен тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органына өтінішпен жүгінуі қажет, – деді Бақыт Сұлтанов өз блогында. Бұл жағдайда шағын кәсіпкерге – 20 айлық есептік көрсеткіш немесе биылғы есеппен 55 560 теңге, орта кәсіпкерлікке –83 340 теңге, ірі кәсіпкерлік нысанына – 138 900 теңге айыппұл салынуы мүмкін. [caption id="attachment_62629" align="alignnone" > © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] Егер интернет-дүкен бір жыл ішінде осы қылмысын екі рет қайталаса, онда жазасы ауырлай түседі. Мәселен, лицензиясынан айырылуы немесе қызметіне мүлдем тыйым салынуы ықтимал. Айыппұлы да еселеп ұлғаяды: шағын кәсіпкер – 138 900 теңге, орта кәсіпкерлік нысаны – 208 350 теңге, ірі кәсіпкерлік – 277 800 теңге айыппұл арқалайды. Интернет-дүкен ашамын деген тұлға «электронды сауда саласында қызметтің жекелеген түрлерін іске асыратын салық төлеуші» ретінде тіркеу есебіне тұруы қажет. Ол төл интернет-ресурсында тауарды электронды түрде сатуды жолға қоюы керек. Тауарларды жеткізетін төл қызметі болуы тиіс. Болмаса, жүк таситын, курьерлік және пошта қызметін ұсынатын фирмалармен келісімге отырғаны жөн.5 жыл жоспарына 1 жылда жетті
Сауда министрі Б.Сұлтановтың мәліметінше, COVID-19 пандемиясы онлайн сауданың буырқана дамуына алып келді және B2C арналары бойынша сатылым артты. Қазақстандықтар дәрі-дәрмекті, тұрмыстық заттарды және азық-түлік өнімдерін көбірек онлайн сатып алған. Қазақстанда 2 мыңнан аса интернет-дүкен тіркеліпті. Әйтсе де, оның көбі әрекет етпейтінге ұқсайды. Себебі табыс салығын төлеуден босату түріндегі жеңілдікті алуға соның тек 601-і ғана өтініш берген. 2020 жылдың бірінші жартысында мемлекетімізде электрондық сауда нарығының көлемі 435 миллиард теңгені құрады. Яғни, бөлшек сауданың жалпы көлемінің 9,4%-ына жетті! Осы жылдың соңына дейін 900 миллиард теңгеге дейін өседі деп болжануда. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш 2 триллион теңгеге жуықтамақ. – Бұрын жалпы бөлшек саудадағы электронды сауда үлесін 2025 жылға қарай 10%-ға жеткізу міндеті қойылған-тын. Енді мына қарқынмен жоспар асыра орындалатын түрі бар. Біз 2025 жылдың мақсатты көрсеткішіне биыл жақындадық. Тиісінше, мақсатты межені қайта қарауды бастадық: 2025 жылға қарай е-сауда үлесін 15%-ға жеткізу жөнінде жаңа нысана белгілемекпіз. Бұл 2021-2025 жылдары Сауданы дамытудың мембағдарламасында көрініс береді, – деді Бақыт Тұрлыханұлы. Дегенмен бұл міндеттің орындалуына кедергі келтіруі мүмкін түйткілдер жетерлік. Министрдің байламынша, бұған көлеңкелі экономика үлесінің жоғары болуы, эквайринг бойынша комиссияның және банкаралық төлемдерден алынатын комиссияның қымбаттығы, шағын және орта кәсіпорындардың онлайн сатылымға дайын болмауы, тауарлардың уақытылы жеткізілмеуі сияқты проблемалар жатады.Aliexpress-те қазақ секторы ашылмақ
Сауда ведомствосы бірнеше жобаны қолға алуда. Біріншіден, отандық өндірушілерді Alibaba тұғырнамасына шығаруға ниетті. – Өз ісін жаңа бастаған және тәжірибелі кәсіпкерлерімізді интернет-платформаларда ілгерілетуге мемлекет қолдау көрсететін болады. Компанияларымызды Алибаба, Amazon, Яндекс, Озон, Shopify сияқты халықаралық онлайн сауда алаңдарына шығару бойынша әріптестікті пысықтап жатырмыз. Alibaba тұғырнамасында «Алтын жеткізуші» мәртебесінде ұсыну үшін 50 компания іріктелді. Бұл премиум мәртебе жаһандық аудиторияға қол жеткізу, осы маркетплейс ішінде кешенді ілгерілету мүмкіндігін қамтамасыз етеді, – деді Б.Сұлтанов. Екіншіден, Сауда және интеграция министрі жедел қарқынмен дамып жатқан қазақстандық цифрлы сауда алаңдарын қолдауды, оларды салықтан босатуды сұрап, Үкіметке ұсыныспен шықты. – Бүгінде нарықта 13 платформа жұмыс істейді. Kaspi, Chocofamily, Technodom, Mechta секілді маркетплейстерде тауар мен қызметтің шамамен 20 санаты сатылады. Біз Салық кодексіне өзгеріс енгізіп, жылдық жалпы табысының кем дегенде 40%-ын электронды саудадан табатын жеке кәсіпкерлерді корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығын төлеуден босатуды қарастырудамыз, – деді Бақыт Сұлтанов. Үшіншіден, Қазақстан ITC халықаралық сауда орталығымен бірлесіп Ready4Trade Central Asia 4 жылдық ауқымды жобасын қолға алыпты. Ол өңірдегі 5 ел – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түркіменстан және Тәжікстан арасында өзара сауданы, соның ішінде электронды сауданы, логистиканы және электронды төлемді дамытуды көздейді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі міндетін уақытша атқарушы Бағдат Мусиннің дерегінше, биылғы 6 айда қазақстандықтар интернет-дүкен арқылы 19,5 млн тауар сатып алыпты. Оның 14 миллионы – отандық электронды дүкендер үлесінде. Былтыр бұл сан 7 млн тауарды ғана құраған көрінеді. Б.Мусин e-trade өркендеуіне «соңғы миля» мәселесі бөгесін екенін нұсқады. Клиенттер тапсырыс берген тауарын тез әрі қолайлы тәсілмен қолға түсіргісі келеді. Әйткенмен, интернет-дүкендер тұтынушыға хабарласып, қаланың қия шетіндегі әлдебір база-хабтан алып кетуін өтінуге мәжбүр. Үйіне жеткізу үшін курьерге жеке төлеуі керек. – Дәл осы логистикалық инфрақұрылымды дамыту е-саудаға соны серпін береді. Мысалы, Қазпошта бизнес үшін 3 фулфилмент орталығын ашып жатыр. Нарықтың қажеттілігіне қарай 2025 жылға дейін бүкіл еліміз бойынша 20 фулфилмент орталығын ашу жоспарланған. Нарық та өз бетінше төл инфрақұрылымын өрістетуге күш салуда. «Соңғы миля» мәселесін шешу үшін қала ішінде қоймалар салынуы керек. Бұл түйткілдің түйінін тарқату ісінде Қазпоштаның поштаматтары және сәлемдемелер супермаркеті көмекке келе алады, – деді Бағдат Мусин. Мұның сыртында тасымал-курьерлік қызмет көрсетумен 570 компания айналысып жатыр. Қалай болғанда, сауда жасау мақсатында ғаламтордағы қаптаған «қара базарға» бас сұғатын клиенттер үшін күрес көрігі қыза түсуде.