Ең бірінші мәселе – еңбекті ту ету
Ең бірінші мәселе – еңбекті ту ету
580
оқылды

Халқымызда «Еңбек ет те, міндет ет» деген жақсы бір сөз бар. Қазіргі күннің биігінен көз салсақ, әлемдегі алға озып кеткен отыз елдің қай-қайсысы да еңбекті басты орынға қойған. Еңбексіз еш нәрсе болмайды. Игілік өздігінен келмейді.

Біз бәсекеге қабілетті болу дегенді қалай түсініп жүрміз? Мә­селен, дүниежүзіндегі жоталы даму үрдісіне қол жеткізген елдер «қа­зақ бізді қашан қуып жетеді» деп тосып тұрмайды ғой. Дүние ди­дары ашық. Кім мықты, сол оза­ды. Бәсеке деген – сол. Ал сол бә­секеге ілесу үшін әр қазақ қабі­лет­ті де қайратты болуы керек пе, жоқ па?

Мәселенің басы ашық: біздің би­лік әлемдегі озық 30 елдің қата­ры­на қосылуды ұлттық мұрат етіп отыр. Бұл – күндіз-түні тынбай ең­бек ету, жақсы өмір сүру, жайлы тұрмысқа қол жеткізуге ұмтылыс дегенді аңғартады.

Шашасына шаң жұқтырмай, алға зуылдап бара жатқан Жапо­ния­ны қарайық. Еңбек ету қар­қыны сұрапыл. Демалыс дегенді біл­мейді. Бұл елдің үкіметі еңбек­керлерге ақысы төленетін демалыс белгілеген. Жылына 20 күн де­малыс алуға болады. Соның он күнін әзер алатын адам көп. Неге? Жапон жаратылысында демалыс алған адам «жалқаулыққа бой ұрған» немесе «тапсырылған жұ­мыстан жалтарған» адам санатына жатқызылады. Жаппай жұмыс істеуге деген құлшыныс «кароши» деген проблеманы туғызғаны да жасырын емес. Сөзбе-сөз аудар­ғанда «бейнеттен қаза табу» деген мағына береді. Есіл-дерті жұмысқа ауып кеткен адамдар кейде өзіне-өзі қол салуға дейін барады екен. Қазіргі жапон билігі бұл проб­лемаға қатты назар аудара бастаған. Елдің халқы қартая бастағаны белгілі, 2050 жылдары жұмыс күші күрт азаяды деген болжам бар. Сол себептен 2020 жылға қарай апта­сына 60 сағаттан артық жұмыс істейтін адамдарды 5 пайызға азайту туралы мемлекеттік бағдар­лама қабылдаған. Елдің 8-9 па­йызы солай жұмыс істейтін кө­рінеді. Жұмысқа шексіз беріл­гендікті бәсеңдету үшін үкімет белгіленген еңбек демалысының 70 пайызын пайдалануды мін­деттеуге ұмтылып отыр.

Екінші жаһандық соғыстан кейін дереу есін жинаған жапон жұрты солдат униформасын кос­тюмге ауыстырды. Бұл елдің жұмыскерлері бірыңғай қара түсті костюм-шалбар киеді. Жалпақ тілде salarymen атанған еңбекқор адамдардың шоғыры Жапонияны әлемдік көштің алдыңғы сапына бір-ақ шығарды.

Сонымен, жапондықтар де­малыс дегенді білмей еңбек етіп келеді. Сенбі-жексенбі демалыс күндері саналады. Кей компания­лар жылына бірнеше күн қосымша демалыс береді. Айталық, жұ­мысшыға 10 күн демалыс берілді дейік, оны бірден алуға болмайды. Бұл күндерді тек бөліп алуға бо­лады. Аяқ астынан жол жүруге, бір жаққа баруға тура келсе, бір ай бұрын жұмыс орныңызға ескертіп, орныңызды алмастыратын адам табуыңыз керек. Сондықтан «шаруа шығып тұр», «құдалыққа баруым керек еді», «бір той бар еді» дегендей біздің сылтауларымыз бұл елде жүрмейді. Жексенбіде ауырып қалып, дүйсенбіде жұ­мысқа шықпай қалу деген атымен жоқ. «Обон» деген өлгендерді еске алу күні мереке санатына жат­қызылады. Тамыздың ортасында берілетін мерекелік демалысқа жұмысқа кіргеніне екі жыл тол­маған адамдар мүлдем шықпайды. Жаңа жылға 1-3 күн демалыс беріледі. Егер ол күн сенбі-жек­сенбіге тура келіп қалса, біздегідей күнді жылжыту деген атымен жоқ. Мамыр айында «алтын апта» дейтін күндері бар. Бұл тұсқа бірнеше мемлекеттік және діни мейрамдар қабат келеді. Сондай күндерде де жанталаса жұмыс істейтіндердің қатары сұмдық көп.

Жапондықтар – өте еңбекқор, күндіз-түні бір тыным таппайды. Олар жайдан-жай түскі асын ішпей-ақ күніне 15-18 сағат жұмыс істей беруі мүмкін. Сондықтан да музейде, метрода, аялдамада, тіпті жұмыс арасында да көз шырымын алып отырған жапондықтарды көрсеңіз, еш таңырқаудың реті жоқ. Жапонияда жұмысқа тура уақытында келгенді жаратпайды. Жұмыс орнына кез келген адам кемінде жарты сағат ерте болуы керек.

Жапония халқының саны жөнінен дүниежүзінде 10-шы орын алады. Қазіргі таңда Жапония халқының 91 пайызы қалаларда тұрады. Жапония теңіз кемелерін, автомобиль, тұрмыстық техника мен робот өндірісі бойынша да әлемде жетекші орындардың бірін иемденіп отыр. Бұл елде өте сапалы болат бал­қытылады. Жапон автомобильдері мен техникасын біздің ел де пайдаланып отыр.

Жапондықтар балаларға тым көп зат алуды, олардың әр еркелігіне құлақ аса беруді дұрыс нәрсе емес деп есептейді. Жа­пондар өте үнемшіл халық, бала­ларын да «қанағат қарын тойғызар» қағидасымен тәрбиелейді. Олар­дың ойынша, баланы ұқыптылық пен қарапайымдылыққа ерте бастан үйреткен дұрыс. Мысалы, баланың ойнайтын ойыншығы аз болған сайын, сындырып немесе жоғалтып алмас үшін ойыншықтың қадірін түсіне бастайды. Дәл сол сияқты мектепке барарда алынған былғары сөмкені бастауыш сы­ныпты бітіргенше ұстауы мүмкін. Мұндай қарапайымдылық ба­ланың салмақты болуына әсер етеді. Міне, ұлттық тәрбие.

Жапон және Сары теңіз аралығындағы Корея түбегінің оңтүстігінде орналасқан Оңтүстік Корея да солай. Халқының саны 50 миллионнан астам. Басым көпшілігі қалаларда тұрады. Ел тұрғындарының 99 пайызы – корейлер.

Корея Республикасының экономикасы қарқынды дамып келе жатқан әрі күшті экономика санатына жатады. Бүгінде Оңтүстік Корея экономикасы – ІЖӨ-нің номиналды көлемі бойынша Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің арасында 4-орында. Өткен ға­сырдың 60-жылдарынан бастап, қырық жылдан аз уақыттың ішінде Оңтүстік Корея дамымаған аг­рарлы елден әлемдік экономи­каның ең биік шыңына көтерілген елге айналды.

Оңтүстік Корея өткен ғасыр­дың 60 шы жылдарына дейін әлемдегі ең кедей елдердің қа­та­рында болғаны белгілі. 1959 жыл­дың мәліметтері бойынша, мем­лекеттің әр оныншы адамы тубер­кулезбен ауырған, ал әр жүз адамы алапеске шалдыққан. Елдің кейбір жерлерінде ғана суқұбыры болған және халықтың 90 пайызы өзен суын және қоғамдық құдықтарды пайдаланған. 1963 жылы халықтың жан басына шаққандағы жалпы ұлттық өнім 100 долларды құраса, бүгінде 31 000 доллардан асады. Оңтүстік Корея автомобиль, кеме құрылысы, болат құю өнеркәсібі саласында, тұрмыстық техника мен электроника өндірісінде әлемдік көшбасшылардың біріне айналды. Ең бастысы, ел аз уақыт­тың ішінде 1997–1998 жылдардағы қаржылық дағдарыстың ауыр салдарын жеңіп,өз экономи­касының бәсекеге қабілетті екенін әлемге дәлелдеп берді.

Оңтүстік Корея білім мен ғы­лымға ерекше мән береді. Жас­тардың басым бөлігі универси­теттерде білім алады. Жапондықтар секілді кәрістер де қатты жұмыс істейді. Еңбек ету ұғымы бала кезден бойға сіңіріледі. Мәселен, бұл елдің балалар ертегісінде бір баланың инемен ағаштан кеме жасап шыққаны айтылады. Шұқып, шұқып, шұқып отырып, бала кеме жасап шықты дейді.

Сол сияқты Финляндияны алайық. Бұл ел бірінші кезекте білікті мамандарға арқа сүйеді. Бұл елде мұғалім мәртебелі мамандық саналады. Әсіресе, мұғалімдердің шығармашылық белсенділігіне ерік берілген. Оқытушы болып жұмысқа тұру оңай шаруа емес. Үздік магистрлік диплом да еш кепілдік бермейді. Олар емтихан тапсырады, арнайы әңгімелесуден өтеді. Ең алдымен, өздерінің тұл­ғалық қасиеттерін, адалдығын, тез тіл табыса алатынын және бала­ларға деген кіршіксіз махаббатын көрсетуі қажет.

Фин мектептерінде үй шаруа­шылығы сабақтарына қатты мән беріледі. Балалар пәндік сабақтар­дан кейін тамақ пісіру, үй жинау, үтіктеу, тігін, бау-бақша жұмысы, кір жуу секілді тұрмысқа қажетті жұмыстарды атқара отырып есейеді. Осы арқылы ерте бастан дербес еңбекқор тұлға болып өседі.

Жауапкершілік пен еркіндікті басты өлшем санайды. Үлкендер балаларының өздері сияқты шынайы болғанын құп көреді. Осы­лайша, балаларға еркіндік беру арқылы әлеуметтік жауапкер­шілік дағдыларына үйретеді.

Екінші жаһандық соғыстан кейін дереу есін жинаған жапон жұрты солдат униформасын кос­тюмге ауыстырды. Бұл елдің жұмыскерлері бірыңғай қара түсті костюм-шалбар киеді. Жалпақ тілде salarymen атанған еңбекқор адамдардың шоғыры Жапонияны әлемдік көштің алдыңғы сапына бір-ақ шығарды.

Салыстырып, салғастырып қарайтын болсақ, әлемде мұндай мемлекеттер аз емес. Бәрінің табыс сыры – еңбекте. Жастай еңбекке баулу, жауапкершілікті ерте сезіну, еріншек болмау – тәрбиенің маңызды буыны.

Мұның бәрін неге сөз етіп отырмыз? Мына елдердің бетке ұстар өнеге жолы Абайдың «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым, ойлап қой» деген ойымен өзектес. Өкінішке қарай, біздің қазақ қоғамы «өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» жолымен кетіп барады.

Әлемдік еңбек нарығы өзгеріс үстінде. Халықаралық еңбек ұйы­мының мәліметтері бойынша дү­ние­жүзі бойынша шамамен 62 мил­лионнан астам адамға жұмыс орындары жетіспейді. Жастар арасындағы жұмыссыздық елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейіне қарағанда 2 есе жоғары, ал әйелдер арасында ерлерге қарағанда 26 пайыз жоғары. Әйелдер қауы­мы­ның еңбекақысы ерлерге қара­ғанда 20 пайыз төмен. Дүниежүзі бойын­ша 313 миллион жұмыс істейтіндер тәулігіне 1,25 АҚШ долларына күн көруде.

Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жоқ емес. Жыл сайын ондай азаматтардың саны артып келеді. Негізінен алғанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың негізгі үлесі оңтүстік өңірлерге тиесілі. Арнайы жүргізілген әлеуметтік сауалнама соңғы 25 жылда ауыл­дық жерлерде өзін-өзі асырап отырғандардың үлесі 36 пайызға көбейгенін айғақтайды. Бірақ елдімекендердегі еңбек өнімділігі небәрі 6 пайызға артыпты. Ма­мандар Алматы, Түркістан, Жам­был және Қызылорда облыста­рында зерттеу жүргізген екен. Зертеу орталығының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан халқының 26 пайызы мемлекетке үміт артпай, өзін өзі жұмыспен қамтып отыр. Жартысынан көбі – 20 мен 44 жас аралығындағы жастар. Жоғары білімді немесе орта-кәсіптік білімі бар азаматтардың үлесі 51 пайыз­дан жоғары. Ал еңбекке жарамды халықтың саны 8 миллион 600 мың адамға жеткен.

Қазақстандағы индустриалды-инновациялық даму жолы бола­шақта урбанизация үдерістерінің ширақ жүргізілуіне, қалаларға ауыл халқының белсенді түрде көшуі есебінен қалалардың халық санының жылдам өсуіне әкелетіні сөзсіз. Бұл табиғи үрдіспен қатар еңбек өнімділігі арттады деген сөз. Себебі, қалаға көшкен ауыл халқы индустриялық сектор кәсіпорын­дарына жұмысқа орналасады, онда әдетте еңбек өнімділігі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен салыстырғанда жоғары болып келеді.

Осылайша, еліміздің бәсекеге қабілеттілігі арта түседі. Бұл жағдайға индустриалды-иннова­циялық даму туралы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру оң әсер береді. Өйткені өнеркәсіпте еңбек ететін халық саны аталған бағдар­ламаны іске асыру жылдары шамамен 150 мың адамға ұлғайды, ал ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамдар саны 900 мың адамға қысқарды. Біздің Үкімет 2030 жылға қарай қала халқының үлесін 70 пайызға дейін жеткізуді (қазір - 53 пайыз) жоспарлап отыр. Бүгінде елімізде индустриялан­дырудың екінші бесжылдық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Оны іске асыру оң нәтиже берері анық. Мәселен, бірінші жылы бағдарламаны ИИДМБ құралдарымен іске асыру кезінде шамамен 34 мың жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды, олардың көбісі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Жұмысшыларының саны көп екінші сектор – сауда мен тұр­мыстық қызмет көрсету. Сауда кәсіпорындары, тамақтану және тұрмыстық қызмет көрсету ұйым­дары құрылуда. Экономиканың осы секторлары ауыл жастары үшін тартымды болып отыр.

Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында Үкіметтің алдына экономикалық өсімнің жаңа үлгісімен қамтамасыз ету туралы үлкен міндет қойды. Сонымен қатар экономиканың алдыңғы қатарлы цифрлы технологияларға бағдарланған инновациялық жолға ауысуын ерекше атап өтті және бизнестің дамуына ең қолайлы жағдайларды жасауды талап етті.

Әлемдік бәсекелестік жағ­дайында экономика мен әлеумет­тік саланың тұрақты өсімін қам­тамасыз ету елде адами капиталды арттыруға, сондай-ақ оларды тиімді пайдалану үшін үздік жағдай жасалған кезде ғана мүмкін бола­ды. Бұл үшін білім беру деңгейін, біліктілікті, еңбек ету қабілеттерін арттырып, кәсіпкерлік қабілетті шыңдау қажет. Сондай-ақ еліміз­дің талапты азаматтарына өз идея­ларын жүзеге асыру үшін еркіндік беріп, адами капитал сапасын жақсартуға ұмтылыс жасауымыз қажет.

Америкада адамдардың да­рыны жоғары бағаланады. Жапо­нияда «талпыныс пен еңбекқор­лықсыз еш сәттілік болмайды» дейді. Табандылық – табысқа жетудің кілті. Бар ынтасын сала, тынымсыз еңбектенген адам кез келген салада биікке шығады деген пікір талай жапон баласын жетіс­тікке жетелеп келеді. Сондықтан әлемдік бәсеке алаңында қазақ елі шаң қауып қалмас үшін бірінші кезекте еңбек ету қағидасын санаға сіңіру өте маңызды.


Нұртөре ЖҮСІП, 
Сенат депутаты