Бүгіннен бастап оқушылардың қысқы демалысы басталады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қысқы каникул кезеңі 2024 жылдың 30 желтоқсаны мен 2025 жылдың 8 қаңтарын қоса алғанда 10 күнге созылады.
1-сынып оқушылары үшін 2025 жылғы 10-16 ақпанды қоса алғанда, 7 күн қосымша демалыс енгізіледі.
Мектеп оқушыларының қысқы демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары жасалды. Ол бойынша мектептерде бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізу жоспарланған:
- "Оқуға құштар мектеп" жобасын іске асыру аясында "Қыста кітап оқимыз, жадымызға тоқимыз" мектепішілік іс-шарасы;
- театр фестивальдері мен қойылымдары;
- жаңажылдық әшекейлер жасау бойынша шеберлік сабақтары;
- қауіпсіздік сабақтары;
- мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар;
- спорттық ойындар, коньки, шаңғы тебу;
- қайырымдылық акциялары және басқа да шаралар.
Ең бастысы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың көшедегі қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аударылады.
Айта кетейік, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданады.