Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жол апатынан қаза тапқандардың тең жартысы – жылдамдықты шамадан тыс асырғандар не мас күйінде рөлге отырғандар екенін бұдан ертерек те бірнеше рет айтқан. Ал осыдан бір жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен твиттерде, кейін Алматы қаласына сапарында мас күйінде автокөлік жүргізгендерді қатаң жазалау керегін тапсырған болатын. Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Президент: «Елімізде, оның ішінде Алматыда жол-көлік оқиғаларының көп тіркелетіні алаңдатады. Адамдар қаза тауып, жарақаттанып жатыр. Жол апатынан зардап шеккендер саны басқа елдердегі қарулы қақтығыстардан қаза табатындардың санынан кем емес. Жол қозғалысы мәдениеті айтарлықтай төмендеп кетті, – деп дабыл қағып, аталған жағдайға алаңдаушылық білдірген еді.
Бүгінде еліміздің әр аймағында осы мәселе бойынша, яғни жол-көлік оқиғасын азайту мақсатында бірқатар ілкімді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Статистика комитетінің баспасөз қызметі 2019 жылы 24 мың қазақстандық жол-көлік оқиғасынан зардап шеккенін жариялады. Онда 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында 16 614 жол-көлік оқиғасы тіркелгені, одан 24 585 адам зардап шеккені, 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол апаты 5% өскені көрсетілген. Ал 2020 жылдың қаңтар-маусым аралығында елімізде 5,3 мың жол-көлік оқиғасы (ЖКО) тіркеліпті. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 25,8%-ға аз. Сондай-ақ COVID-19 пандемиясының аясында карантиндік іс-шараның енгізілуіне байланысты автомобиль жолдарындағы көлік қозғалысының қарқындылығы бірнеше есе азайған. Осы орайда, жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға төмендеп, қаза болғандар саны 35%-ды құрапты.
Өңірлер бойынша ЖКО-ның ең көп саны Алматыда тіркелген. Елдегі барлық жол-көлік оқиғаcы санының 23,6%-ы осы шаһарға тиесілі. Жарты жыл ішінде қаржы орталығында 1,2 мың ЖКО тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,7 есе аз. ЖКО саны жөнінен екінші орында Алматы облысы тұр. Мұнда 802 ЖКО тіркелген. Жол апаттарының саны 28,2%-ға қысқарған. Үшінші орында – Жамбыл облысы. Аталған өңірде 447 ЖКО тіркелген. Жол-көлік оқиғаларының саны 25,3% азайған.
Алты айдың қорытындысы бойынша ЖКО-дан 7,7 мың адам зардап шегіпті. Оның ішінде 6,9 мың адам жарақат алса, 712 адам көз жұмған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 25,5%-ға аз. ЖКО-дан жарақат алғандардың көбісі Алматы қаласында тіркелсе, қаза тапқандардың басым көпшілігі Алматы облысынан. Алматы облысында 137 адам жол апатынан қаза тапқан. Аталған тізімнің басында Түркістан мен Жамбыл облыстары да бар.
– Бүгіндері көлік жолдарының сапасы жақсарып келеді, есесіне көлік ағымы еселеп өсу үстінде, – дейді комитеттегілер. Жол-көлік оқиғаларының елеулі саны демалыс күнінің алдында болады, себебі алдағы демалыс күндерде демалысқа не басқа да отбасылық жағдаймен қаладан тез шығуға немесе кері қайтуға жүргізушінің асығуы қозғалыс қарқындылығының жоғарылауына әкеп соғады. Нәтижесінде, жол қозғалысы ережесі, әсіресе, жылдамдық тәртібін сақтау талаптары бұзылады. Әсіресе, халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда ең ауыр жол-көлік апаттары тіркеледі. Бұл ретте жол қозғалысы оқиғаларының сандары мен фактілерінде көптеген адамның өмірі, тағдыры және денсаулығы тұрғанын ұмытпауымыз керек.
Ең қорқыныштысы, жол қозғалысы оқиғалары кезінде балалардың қаза болуы. Бұл мәселені шешудің негізгі жолы – балаларды жол қозғалысы ережелеріне дұрыс дайындау және үйрету. Қазақстанда өткен жылы 250 бала жол-көлік оқиғалары кезінде көз жұмған. Ювеналды полиция басқармасының мамандары осындай статистиканы жариялады. Мәселен, өткен жылдың өзінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен 3 мың жол апаты болған. Мыңдаған бала жарақат алып, оның 250-і көз жұмған. Ал биыл осыған ұқсас 600 оқиға тіркелді. Әсіресе, қазіргідей оқу маусымы аяқталып, жазғы демалыс басталған тұста аса сақ болу керегін ескертеді полиция қызметкерлері. Балаларды тасымалдайтын автобустардың алдында және артында арнайы белгі орнатылуы қажет. Ал оның тізгінінде отырған жүргізушінің кемінде 5 жыл еңбек өтілі болуы міндетті.
Бізге ендігі кезекте шетелдік тәжірибеге де иек артқан жөн. 2019 жылы жол апатынан бір ғана адам көз жұмған Норвегия астанасындағы жағдай көпке үлгі. Биыл Осло көшелерінде бірде-бір жаяу жүргінші қаза таппаған. Бұған қала ішіндегі жылдамдықтың азаюы, жол сапасының жақсаруы сынды факторлар әсер етсе керек. Жолдарының құрылысы жағынан бізге ұқсас Оңтүстік Корея елінде де жол апаттарымен жылдамдықты шектеу арқылы күреседі. Кәріс ғалымдарының зерттеуінше жылдамдықты 10 пайызға қысқарту арқылы адам өлімін 50 пайызға азайтуға болады екен. Осындай озық тәсілдерді қолдану арқылы еліміздегі жол-көлік оқиғасына тосқауыл бола алсақ, қаншама адамның өмірін қауіп-қатерден сақтап қала аламыз.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен елімізде жыл сайын арнайы акция өткізіліп тұрады. Бұқара көп шоғырланған орындарда жол апатынан жарамсыз күйге түскен көліктер көпшілікке көрсетіледі. Бұл да болса, жол-көлік апатының азаюына септігін тигізері анық.
Қорыта айтқанда, жүргізушілерге немесе жаяу жүргіншілерге жол ережелерін бұзғаны үшін жазаны одан әрі қатайтқан және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында да бақылауды күшейткен жөн. Тек тиісті жол ережесін сақтау ғана қауіп-қатерден аулақ болуға көмектеседі.