Әнге де, сәнге де сапа керек
Әнге де, сәнге де сапа керек
545
оқылды
Адамзаттың өнер тарихында, әлемге ортақ озық та кемел шығармашылықта «Құлақтан кіріп бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең менше сүй» деп таным мен талғамның нәзік пернесін дөп басқан данышпан Абайдай тұлға саусақпен санарлық.   Ол сөздің де, тыңдаушының да дең­гейін айқындап, өнеге көрсетіп кетті. Жыл өткен сайын дүниежүзінде қазақ әнін сүйе­тіндердің, халқымыздың өзге де өнер саласын бағалайтындардың саны артып келеді. Мұрасы саф асылдай сақталған, аты алтын әріппен тарихта жазылған әйгілі әнші, күйші, композиторларымыздың шығармаларынан бастап бүгінгі біртуар Димаш, Данелия, Ержан, Рахат-Би, Темірлан, Нұрәли сынды жас талант­тары­мыздың өнері әлем жұртшылығына несі­мен ұнайды? Бір сөзбен айтсақ, олардың жеңіс құпиясы, жетістік сыры төгілген маңдай терде, кәсіби білім мен білікке құштар­лығында, табиғи дарыны мен жоғары сапалы туындыларды орын­дауда­ғы ыжда­ғатында дер едік. Өнер нары­ғында бәсекенің бәсі де, бәйгесі де тоқта­мақ емес. Халық үмітті: ұлт өнері де жеткен жетістікке тоқ­мейілсімейді. Осы салада дүниежүзі кеңістігіне жол ашқан, батыл қадам жасап, өз бағын ұлт бағымен астастырған мақта­ныштары­мыздың ізбасарлары тағы нені ескеріп, елеуі керек? Жас талап пен таланттың биік дәрежеге жетіп, әлемдік сахнаға шығуына не кедергі? Бұл жөнінде айтудайын айтылып, жазудайын жазылып келеді. Алайда көбі жартасқа барып айғайлап, жаңғырығы далада қалатын істің кері. Жатып алып баршаны жаппай сынау, кіжінумен күн өткізу ешкімге пайда әкел­мейді. Әлбетте, «бұлақ көріп, көзін ашу» әрқашан сауапты іс саналған. Бұл қазір де көкейкесті. Одан да маңыздысы – елімізде әлем мойындайтын, тіпті бас иетін өнер ғылымын дамыту, білікті ма­ман, кәсіби орындаушы даярлаудың жаңа тұжырым­дамасын қалыптастыру. Бұл жұмыс әдістері мен тәсілдерін жүйелі жаңғыртумен ғана жүзеге асады. Осы тұрғыда өнер ұжымдары­ның тарихи бай тәжірибесін, жетістіктерін қайта зерттеп игеру, майталмандар мен саңлақтарды ұстаздық қызметке жүйелі тарту саланың табиғи түрде жаңғыруына ықпал етпек. Ал насихаттың орасан мүмкін­дігін ескерсек, қаз-қаз тұрып келе жатқан «Домбыра», «Абай» телеар­наларының концепциясына, мазмұнына, бағытына бейжай қарауға болмайды. Әлеуметпен байланыстың (қазір «кері байланыс» делі­неді) мүмкін­дігін пайда­лануды, саладағы кемшіліктерді қоғаммен кеңсіп түзеуді үйрену маңызды елдік іс екенін ұмытпалық. Соның ішінде телерадио эфирде, күнделікті қолда­ныстағы компьютер мен телефонда тұты­нушы үшін тәулік бойы шырқалатын әндердің тақырыбы, мәтіні ой салып, көңіл ауанына әсер ететінін баршаңыз білесіз. Осы тетікті неге жүйелі, сауатты пайдаланбасқа? Бұл – халқымыздың баға жетпес мәде­ни мұрасын насихаттап, ұлтымыздың рухани деңгей-талғамын қалыптастыратын оңтай­лы формат. Жекелеген әнші, орын­даушы белгілі бір талап деңгейінен көрін­бесе, сырттай сынап-мінеуге жақын тұра­мыз, алайда олардың өз ұлтымыздан шыққан талапты ұл-қыздар екенін естен шығарма­лық. Бап та, ынталандыру да, сын да, өлшем де жанашырлықтан тууы керек. Өнерпаз әрқашан ізденіп отырса, барша шығар­машылық биікті бірте-бірте бағын­дырады. Дегенмен өнерді қолдайтын орта, тұлғалар да елдің елдігін көрсететін ұстын­дар. Қазіргі замана көшінен қалмай, өнер­ді дамытуға ерекше үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі тиісті орындардың көмегінен де, назарынан да тыс қалып жататыны ақиқат. Көп өнерпаз маңдай терімен тапқан-таянғанын сүйікті ісіне жұмсайды. Әнді таңдау, студияда жазып, өңдеу, оркестрмен қосылып айту, лайықты костюм тіктіртіп, эфирге шығу, көрерменнің көңілінен шығу орасан зор еңбек пен шыдамдылықты талап етеді. Осыны жете түсінбейтіндер өнер ада­мының қалтасына үңілгісі келеді, шайлы­ғы мен байлығына қызғанышпен қарайды. Қоғамдағы әлеуметтік қиын­дықтардың себебін шығармашыл қауымға артудан да тайынбайды. Шын талант иесі, дарынды, еңбекқор өнер адамы неге бай болмауға тиіс? Әділін айтсақ, «тойдан – тобықтай» деген­дей, қуаныштың сәнін, мейрам-мерекенің мәнін қоғам мен өнер­паздар бірлесіп елдік арнаға бұрып жатса, ортақ жетістік болмай ма? Әлбетте, әңгіменің төркіні сапада. Оның ішіне репертуар да, көркемдік деңгей де, орындаушылық шеберлік те, дыбыс техникасы да, ең ақыры киген киім үлгісі де, бәрі-бәрі кіреді. Ең басты көрсет­кіш – әншінің табиғи даусы мен әнінің мазмұны. Сондықтан мұндай маңызды мәселелерді талдап, сараптауды көшедегі әлдекімге немесе көлденең көк аттыға емес, тиісті мамандардың, арнайы ғалым­дардың зерделеу нысанына қалдырған жөн. Біз аталған салаға «саннан сапа шыға­ды» деп сан қуудың (өзімізді өзіміз алдаусыратудың) орнына, «сапаны санға қарсы қою» қағидасын қатаң ұстану жолын ұсынбақпыз. Түптің түбінде бар мәселе көпшіліктің қалауы мен тыңдау­шының талғамында деп жүре берсек, екі тарап та ұтылатыны хақ. Оның үстіне, өнер атаулы, соның ішінде ән әлемі байытатын ұлттық құндылығымыз бүгінде қай кезде­гіден де қоғамның құнттауына зәру. Мұны терең сезіну жалпы өнерсүйер қауымның ғана емес, әрбір саналы азаматтың парызы. Сондықтан жақсы, мәнді әннің қоғам өміріндегі маңызды орнын түсінетін кез келді. Әріптесіміз, өнер қайраткері Бекболат Тілеуханның: «Бұрын даусы барлар әнші еді, қазір аузы бардың бәрі әнші» деген сөзі бар. Рас, қазір телерадио арналарының орасан зор ықпалы осындай дүдәмал түсінік қа­лыптастырып отыр. Бар кілтипан әнші мен көрерменнің, яки тыңдаушының ара­сындағы алтын көпірде болса, оған иман­таразы қарауыл қою керек деп ойлай­мыз. Оны әсте цензурамен шатас­тыруға бол­майды. Әннің сапасын бағалайтын көркем­дік алқа мен шығармашылық кеңес­­­тің шешімінсіз эфирге ешбір әнші шықпауға тиіс. Дамыған елдерде әншілер біздегіден аз деп ешкім кесіп айта алмас. Алайда шетел телеарналарының эфиріне толымды, толық­қанды, кәсіби әншілер ғана шығатынын баршамыз көріп-біліп жүрміз. Бұл – эстетикалық тәлім-тәрбие­нің ұтқыр фор­масы. Мұнда ысылған, өз талантын дә­лелдеген әншілер ғана бүкіл елдің алдына, ұлттық теледидар экранына шығу құқына ие. Өйткені олар насихаттың да, ақпарат құралының күш-қуатын да баға­лай біледі. Сапаға қатысты әңгімені ұзақ айтуға болады. Көңілге демеу игі істердің бірі – клас­си­ка­лық, дәстүрлі және халықтық әндердің жаңа өңдеумен құлпырып, өмірге қайта оралып жатқаны. Оның дені жасы егдеге де, жасамысқа да ұнап, жастарға да жақсы әсер еткенін байқап жүрміз. Сон­дықтан телерадиоларда ұлттық фольк­лорымызды насихаттайтын танымдық хабарларды ұйымдастырып, жолға қоя алсақ, рухани байлығымызды бүгінге, ертеңге жаратудың негізгі көзін тапқан болар едік. Қазір заманауи әндердің тақырыбы да мамандар арасында көп тал­қыға түсіп жүр. Оның басым көпшілігі өздеріңізге белгілі махаббат, Отан, туған ел, жер, ата-ана, әже, нағашы, бала, неме­ре, табиғат, қала, аудан, ауыл, сұлулық, достық және тағы басқа тақырыптағы әндер. Түрлі кәсіп иесі мен атақ-даңқы бар, мәшһүр адамдарға арнал­ған әндер де баршылық. «Барымызды ешкім тартып ала қоймас» дегендей, сол бардың өзі тез таралып, базар тарқамай ұмытылып жат­қаны қаншама? Ән база­рындағы «жиендік» ауыл арасын былай қойғанда, шекара асып кеткеніне де құлақ үйренді. Себебі теле-радио түрік, өзбек, қырғыз әндерін ұрлап, қазақша айтып жүр. Бұл жаппай белең алса, ұлттық мелодиканы әлсіретіп, тіпті жойып жіберуі мүмкін. Тұтастай алғанда, бұл композиция сала­сындағы дағдарыстың белгісі, соның ішін­де ән жанрындағы тоқыраудың сипаты екенін жасыруға болмас. Аталған проб­лемаларды ескере отырып, тиісті министр­лік жанындағы Мәде­ниет ғылы­ми-зерттеу институтының мақсатын, мінде­тін қайта қарау қажет деп ойлаймыз. Өмір болған соң дау-дамай аз кездес­пейді. Бірақ оған баға, пікір беретін құзы­ретті мамандар болғаны жөн. Аталған институт осыны үйлестірсе дейміз. Әуен ұрлап, тыңдаушыны адастырған жекелеген әншілер әннің не табиғатын, не мәтінін ұқпай жатады. Ер-азамат айтатын (мәтінінен аңғарылады) әнді әйел заты еншілеп, елді екі адастыратын жағдайлар да кездеседі. Осы мәселе сан мәрте айтылса да бір тоқтам болмай келеді. Мысалы, «Гауһартасты», «Ауылға Сүгір келді» деп басталатын Сүгірдің термесін, «Наз­қоңыр­ды» қыздар айта бастағанда ерлер төмен қарап, қызаратын болды. Әннің табиғатын танымайтын адамның талғамы да тұр­лаусыз. Әрине, бәрі де әуелі туындының сапа­сы мен мазмұнына, сонан соң орындау­шының қабілет-қарымына байланысты. Осы орайда, берідегі кезеңге көз сал­сақ, Л.Хамиди, А.Жұбанов, М. Тө­лебаев, Е. ахмадиев, Н.Тілендиев, Ә. Ес­паев, Ш. Қалдаяқов, Ә.Бейсеуов, И. Жақа­нов, М. аңғытаев, Е.Хасанғалиев, С. Бәй­тереков, К.Дүйсекеев, Ж. Тұрсын­баев, А.Қоразбаев, Т. Мұхамеджанов сияқты композиторлардың әндері сан мыңдаған күміс көмейден құйылып, талай қайталан­бас үздік дауысты ашып, танытқанына ел куә. Ал ұлттық ағару дәуірінде Абай, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Естай сияқты әншілердің туындылары осы күнге дейін ұлт рухын асқақтатып келеді. Бір таңданарлығы, дін мен діл шарықтап тұрған тұста сол әншілердің репер­ту­арындағы ән мәтінінде жалаң насихат, өзіңді бармен көзге ұру, жақынға жақынды­ғын әсіре жария ету жоқ десе болғандай. Оның мәні құдіретті де қа­сиетті ұғымдарға жауапкершілікпен қарау­да болса керек. Әрине, әуелі жарат­қанға, одан кейін ата-анаға деген шексіз құрметті әнмен айтуға бұрынғы және бүгінгі салтымызда еш­қандай тыйым да, кедергі де болмаған. Десе де, бұл тақы­рыпта ән жазуды тым көбейтудің, тіпті сәнге, ермекке айналды­рудың жөні жоқ деп ойлаймыз. Тағы да бар мәселе әннің мағынасы мен деңгейіне келіп ойысады. Нұрғиса Тілендиевтің «Әке туралы жы­рын», Ш.Қалдаяқовтың «Ана туралы жы­рын» бүгінде бауырлас түр­кітілдес жұрттар өз әндеріндей көреді. Әри­не, өмірде сирек туатын мұндай әндерге арнап ескерткіш қойса да артық етпейтін еді. Олардың мәтін мен әуен мазмұнында ұлтымыздың тәрбиесі, болмысы, арман-тілегі мен асыл мұраты бар. Сондықтан әрбір ән сөзі мен музыка­сының астарында елдік таным-түйсік, халық рухын көтеретін азаматтық сана-сезім, көңіл күй қуаты жатуы керек. Жал­пы, әр заманға лайықты жаңа әннің тууы қалыпты жағдай. Бұл жағынан Қазақстан өзге елдердің алдында немесе көштің соңында деп те айта алмай­мыз. Жаңа дүниені асыға күткен тыңдаушы оны қуана қабылдайтыны да заңдылық. Ел сұра­нысы отаншылдықты, елшілдікті, адамшы­лықты, имандылықты, намыс пен жауап­керші­лікті, әділеттілік, сабақтастық және өрлеуді өзек еткен әндерді қалай­тынын аңғарамыз. Жаңа әндерге, оның мәтініне руханият саласындағы мемлекет­тік маңы­зы бар іс, ұлттық тәрбиенің құрам­дас бөлігі ретінде қараған жөн деп есептей­міз. Талап деңгейінен көріну деген бар. Ақын ән мәтінін, композитор әннің әуенін жаз­ғанда, әншілер оны шырқағанда ұлт алдындағы жауапкершілікті сезінуі – кәсіп пен нәсіптің өлшемі. Ұлы мақсат жолында биік талғамның болуы – сапа­ның анық­таушысы. Міне, осының бәрі үйлес­кенде ғана төгілген тердің ақта­латыны сөзсіз.  

Дархан МЫҢБАЙ, Мәжіліс депутаты