Аудандарда құрылыс қарқын алды
Аудандарда құрылыс қарқын алды
271
оқылды
Мұнайлы аймақтың қара алтынды кенішімен әлемге әйгілі Жылыой мен Мақат аудандарында әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілетін күн де алыс емес. Кеше Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Жылыой мен Мақат аудандарына барып, құры­лыстарды тексеріп,  екі ауданның әкіміне тапсырма берді. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов алдымен жұмыс сапарын Доссор кентінен бастады. Ондағы  инфра­құрылым жобаларды аралап көрді. Мұнайлы өңір Доссор кентіндегі тұрғын үйлердің кәріз жүйесі  осы кезге дейін өзекті мәселе болып келді. Мақат ауданында былтыр құрылысы аяқталып, қолданысқа енгізілген кәріздік тазалау стансасының ғимараты қазіргі күні тәулігіне 3 000 текше метр суды қабыл­дайды. Ал аудандағы инфрақұрылымдардан келетін лас судың мөлшері бар-жоғы 600-700 текше метрді құрайды. Бұл аздық етіп отыр. Сол себепті Доссор кентінің кәріз жүйесін Мақат ауданында жұмыс істеп тұр­ған стансамен қосу мақсатында жұмыстар жүруде. Тұрғындардың игілігіне қызмет көр­сететін кәріз құрылысының жобалық-сметалық жұмысына жалпы 5,5 миллиард теңге бөлінген. Бас мердігер – «Гарант Строй» ЖШС. Мақат ауданының Доссор кентінің кәріз су жүйелерін күрделі жөндеуге және құрылысына облыстық бюджеттен 3,951 миллиард теңге бөлініп толықтай игерілген. Кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осы өзекті мәселемен жан-жақты  танысып шыққан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов кәріз жүйесі құрылысының уақытылы пайдалануға берілуін алдағы уақытта өзі қадағалайтын болды. Қазіргі таңда алдын ала болжау бойын­ша «Доссор-Мақат» сорғы стансалары кәріз жүйелерінің құрылысы жасақталуда. Осы 3,5 миллиард теңгені құрайтын жобалау жұмыстарының техникалық қызметтері мен құжаттарын «Қазақ­СуАрнаЖоба» ЖШС дайындап жатыр. Бұл жобаның да жергілікті атқарушы билік назарынан тыс қалмай, пайдалауға бері­луін жергілікті халық асыға күтуде. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Мақат ауданына жұмыс сапары барысында Доссор кентінде салынып, жуырда пайдалануға берілген жаяу жүргіншілер өткелінде болып, жұмыс сапасын қарады. Доссор кентіндегі өткел мәселесі талай жылдан бері шешілмей келген еді. Екі мыңнан астам халқы бар «Ынтымақ» және «Бірлік» елді мекендерін Доссор кенті орталығымен теміржол бөліп тұр. Ауыл тұрғындары емхана, балабақша, мектепке немесе әкімдікке бару үшін теміржол астынан салынған құбырдан өтіп жүрді. Жыл басында өңірге «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орын­басары Бауыржан Байбек жұмыс сапа­рымен келген кезде  Доссор тұрғын­дары осы мәселені көтерген болатын. Енді міне, тұрғындар тілегі орындалып, доссорлықтар үшін жаяу жүргіншілер өткелі де салынды. Өткелге бағдаршам мен пойыздың жақындағанын білдіретін дыбыстық белгі орнатылған, арнаулы жолақ, басқа да қауіпсіздік белгілері қойы­лып, айналасы жарықтандырылған. Доссордың «Бірлік» және «Ынтымақ» ықшамауданының тұрғындары кент орталығына теміржолдан қауіпсіз жол арқылы қатынай бастады. Бұрын бала­лары мектептен келгенше алаңдап оты­ратын ауыл адамдары облыс әкімі Ма­хам­бет Досмұхамбетовке ризашы­лығын жет­кізді. Атырау облысы әкімінің Мақат ауда­нына жұмыс сапары Жылыой ауданында жалғасты. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында салынып жатқан 75 орындық жаңа аурухананың құрылыс жұмыстарының қарқынын көрді. «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» әлеуметтік бағдарламасы аясында салы­нып жатқан орталық аурухананың құрылы­сы биыл мамыр айында  басталған. Құрылысы басталған аурухананың негізі бөлігі  55 орынға жоспарланған. Бұған қоса, балаларға арналған 10 кереует­тік орын, инфекциялық ауру бойынша 10 кереуеттік орын болады. Ауруханада кір жуатын бөлмелер, үш көлікке арналған гараж, бақылау-тексеру пункттері, өрт сөндіру қауіпсіздігіне арналған жабдықтар, арнайы орындар, 65 текше метр  таза су жинайтын цистерна, кәріз суы ағатын жүйе, ауруханадағы науқастарға арналған автотұрақтар қарас­тырылған. Бұл нысан­ның құны – 7175,4 миллиард теңге. Құры­лыс жұмы­сына жергілікті тұрғындар тартылған. Ауру­­хана келесі  жылы пайда­лануға беріледі. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов құрылысқа жауапты мердігерлерге ауру­хана құрылысының  сапалы болуын, белгі­ленген кестеге сәйкес жұмыс істеуді тап­сырды. Аудандардың экономикалық-әлеу­меттік дамуына серпін беретін инфра­құрылымдық жобалардың сапалы жүзеге асуы аудан халқының әлеуметтік жағдайын жақсартып, аудан халқының тұрақтанып, еңбек етуіне ықпал ететіні сөзсіз.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы