Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, жергілікті тұрғындар зауыттың тазарту қондырғыларынан ауаға тарайтын жағымсыз иіске бірнеше рет шағымданған.
«Біз қоқыс жиналатын сүзу алаңдарын аралаған кезде, онда ластаушы заттардың жиналып қалғанын байқадық. Одан кейін жергілікті қоғамдастық өкілдерімен кездесіп, зауытты араладық. Бар мәселе оның қалалық, коммуналдық тазарту қызметіне сеніп, жеке қоқыс тазарту құрылғысынсыз жобаланғанында болып отыр. Ал 2018 жылы қалалық коллектор ластаушы заттардың көптігінен, бұл істен бас тартқан. Коллектор мұндай көлемге қызмет көрсете алмайтын еді. Сондықтан компания коллекторын салғанымен, қалдықты тазартпай, тікелей, сүзу алаңына құбыр арқылы жіберіп отырған», – дейді ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов.
Нәтижесінде жүгері өңдеуден қалған қалдықтың көп бөлігі сүзу алаңына жиналып, жағымсыз иіс аумаққа тарала бастаған. Сөйтіп, күкіртсутек шығарындысы пайда болып, жергілікті тұрғындар бұдан зардап шегіп отыр.
Экология министрлігі кәсіпорынды жақын арада толықтай тексеріп шығу туралы шешім қабылдады.
Тексерістің қорытындысы алдағы уақытта жарияланады.
Біз бұған дейін Жаркент халқының арыз-шағымы туралы жазған болатынбыз.