Вирусолог коронавирустың ең қауіпті таралу көзін атады
Вирусолог коронавирустың ең қауіпті таралу көзін атады
© сурет интернеттен алынды
5,147
оқылды
Қазақстан медициналық үздіксіз білім беру университетінің микробиология, вирусология және жалпы иммунология кафедрасының профессоры, доцент, медицина ғылымдарының кандидаты Раушан Тьесова-Бердалина елімізде шамамен 85 пайыз науқас медицина назарынан тыс қалуы мүмкін деп есептейді. Оның айтуынша, сиптомсыз науқастар вирусты жұқтырушы болатындықтан, олар ортасына қауіпті. Сондықтан оларды оқшаулау керек.
«Бүгінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесі тиімсіз. Аурудың анықталуы мен адамдардың жүгінуі бар болғаны 14 пайыз, сәйкесінше, шамамен 85 пайыз науқас медицина назарынан тыс қалуы мүмкін. Адамдарда аурудың белгісі білінбеуі мүмкін, дегенмен олар вирус тасымалдаушы бола алады. Оны тек зертханалық талдау арқылы ғана анықтай аламыз. Бірақ, егер адамдар үнемі медициналық тексерістен өтсе мұндай жағдай болмас еді. Созылмалы аурулары бар адамдардың иммундық жүйесі дұрыс істемейді. Сөйтіп олар осы инфекцияның симптомсыз тасымалдаушылары болады. Егер ол науқас осыны білетін болса, онда міндетті түрде оқшауланып, маска тағуы қажет», - дейді профессор.
Профессордың айтуынша, коронавирустан қорғайтын масканы дұрыс тағып, пайдалану керек.
«Маска тағып жүруге міндеттіміз. Бұл бүгінгі күннің басты шарты. Маска - медициналық құрал. Ол сонау XIV ғасырдан бері қолданылып келеді. Оба, басқа да жұқпалы аурулар кезінде қолданыла бастаған. Содан бері өзінің тиімділігін көрсетті. Коронавирус тыныс жолдары арқылы жұғатындықтан маска таққан жөн. Науқас түшкіріп, сөйлеген кезде, ол ауаға тарайды да 20-30 минуттан кейін айналасындағы заттарға қонады. Жалпы вирусттың өзі ауада 25 минуттай өмір сүреді. Осы уақыт аралығында біраз адамға жуғуы әбден мүмкін. Сондықтан қоғамдық орындарда, автобуста маска тағу керек. Бір реттік масканы екінші рет тағуға болмайды, ал матадан тігілген масканы бір рет қолданғаннан кейін кір сабынмен жақсылап жуған дұрыс. Қазір адамдар маскаға спирт сеуіп алады екен. Бұл дұрыс емес. Тыныс алу жолдарын зақымдайсыздар. Тағы бір айтарым, масканы дұрыс таққан жөн. Ол ауыз бен мұрынды толық жауып тұру керек.Өздеріңіз байқасаңыздар көшедегі адамдардың басым бөлігінде маска тек аузын жауып тұрады, мұрны ашық»,– дейді ол.