– Қазақстанда вакцинациялауға жататын адамдар саны 2 миллион 182 мың адамды немесе жалпы халық санының 11,5%-ын құрайды. Бұл топқа созылмалы аурулары, жүрек-қан тамыр жүйесінің дерттері, қант диабеті, өкпенің созылмалы обструкциялық ауруы барлар, тәуекел тобына жататындар, соның ішінде жасы 65-тен асқан адамдар, сонымен қатар медицина қызметкерлері еніп отыр. Вакцина бұл санаттағы қазақстандықтарға тегін беріледі, – деді Бағдат Қожахметов.
Ол COVID-19 індетіне қарсы вакцина әзірге жоғын ескертті: бірақ тиімді вакцина пайда бола салысымен, оған Қазақстан қол жеткізеді. «Еліміз Вакциналар және иммунизация жөніндегі жаһандық альянсқа мүше болды. Осының арқасында біз енді әлемде алғашқылар қатарында вакцинаны халықтың жалпы санының 20%-ына тең көлемде әрі арзанға алу мүмкіндігіне иеміз. Вакцинаның орташа бағасы 10-нан 20 долларға дейін барады», – деді денсаулық ведомствосының өкілі.
Елімізде отандық вакцинаны бірнеше ұйым әзірлеуде. Соның бірі – Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы Халықаралық вакцинология орталығы. Осы университеттің проректоры, ғалым, Халықаралық вакцинология орталығының директоры Қайсар Табынов COVID-19 індетіне қарсы вакцинаның бірін өзіне сынап жатыр. COVAX-19 сауда атауымен белгілі бұл препаратты Аустралияның жетекші биотехнологиялық компаниясы Vaxine Pty Ltd әзірлеген екен. Оның КВИ-ге қарсы вакцинасы клиникалық сынақтардың І-фазасынан өтуде. Яғни, сол елдегі волонтерлердің бірнеше тобына сыналу үстінде 3 айдан кейін жаһандық клиникалық сынақтың ІІ және ІІІ сатысына шықпақ. Сонда 10 елден 30-100 мың волонтер тартылады.