Ауылдық округтің әкімі 4 тамыз күні учаскелік инспекторға қоңырау шалып, жергілікті шіркеу аумағында адамдар мен машиналар тым көп жиналатынын байқағанын мәлім еткен екен. Әкім (әйел адам) оларға барып, Солтүстік Қазақстан облысының бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, той тойлауға тыйым салынғанын ескертеді. Мұны естіген ұйымдастырушылар заңға бағынып, тараудың орнына билік өкілінің өзіне дүрсе қоя берген.
Хабарды ести сала жедел жетіп барған мониторинг тобы мен полиция қызметкерлері тойдың қызған кезіне тап болыпты. Ғибадат орнының іші-сырты қонаққа толы көрінеді. Кейін анықталғанындай, Петропавл қаласының тұрғындары ресми некеге отырғаннан кейін діни жолмен неке қию жоралғысын және үйлену тойын ұйымдастыруға құмартып, Архангельское селосының шіркеуіне бет қойыпты.
Тексерушілер сол жерде дастарқан жайылғанын, той өтіп жатқанын фотосуретке және бейнекамераға түсіріп алды.
Полицияның учаскелік инспекторы Ерлан Башенов жергілікті храмның священнигіне және ұйымдастырушыларға – жас жұбайлардың ата-анасына қатысты әкімшілік материалдар жинады. Олардың бұл әрекеті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» деп аталатын 425-бабына сай жазалауға жатады. Бұл бап бойынша жеке тұлғаларға 30 АЕК немесе 83 мың 340 теңге, коммерциялық емес ұйымдарға – 230 АЕК немесе 638 мың 940 теңге айыппұл салынады.