10 тамыз ба, әлде 23 тамыз ба?
Естеріңізде болса, 1995 жылы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен Абайдың 150 жылдығы тура 10 тамызға тұспа-тұс келген еді. Бұл ел жадында қалған үлкен тарихи оқиға болды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық қайта жаңғыру, кемеңгер тұлғаларды жаңа қырынан тану, жас ұрпаққа жеткізу, жаңару мен тарихты саралау процесі басталды. Ұлттық ой-сананы жаңғыртуда Абай сияқты тұлғаларды танудың маңызы зор болды. Тәуелсіздіктің 30 жылға жуық кезеңінде Абай есімі көшелер мен мектептерге берілді. Ірі мегаполистердегі негізгі даңғылдар Абай атымен айшықталды. Әрине, ең үлкен құрмет Семей халықаралық әуежайының Абай атымен аталуы еді. Бүгінде ел ішінде Абай тұлғасына қатысты пікірталастар да тыялар емес. Әсіресе, зиялы қауым өкілдері мен абайтанушылар арасында Абайдың туған күніне қатысты екіұшты пікір бар. Ақын-жазушылардың бір бөлігі кемеңгер ақынның туған күні 23 тамыз десе, басым бөлігі 10 тамыз дегенді бірауыздан қолдайды. Философия ғылымдарының докторы, профессор, ғалым Ғарифолла Есім Абайдың туған күніне байланысты пікірталастарды дау-дамай деңгейіне жеткізу дұрыс емес деген ұстанымда. – Абайдың туған күніне байланысты ешқандай дау жоқ, жеке адамдардың кереғар пікірлері ғана бар. Мәселен, Абайдың 150 жылдығын тойлау ісіне белсенді араласқан азаматпын. Естеріңізде болса, ЮНЕСКО көлемінде 10 тамызда тойланды. Тіпті, Мұхтар Әуезовтің көзі тірісінде Абайдың туған күні осы тамызда тойланған. Сыйлайтын ұстаздарымның бірі Мұхтар Әуезов еді. Бүкіл ғұмырын хакім Абайға арнаған кемеңгер тұлға. Кейде осы кемеңгерлердің жағасынан алып, білгішсініп кететініміз бар. Бір тоқтамға келуіміз керек қой. ЮНЕСКО көлемінде 10 тамызда тойланған дата халықтың да құлағына сіңіп қалды. Бірақ бұл мәселе бұдан былай толық шешілді деп есептеймін. Президент өз шешімімен бұл мәселеге нүкте қойды, – дейді профессор. Ғалымның айтуынша, мәселе ақынның туған күнінде емес, Абайдың қазақ қоғамындағы орнында боп тұр. – Мені Абайды XXII ғасыр ұрпағына жеткізу жөніндегі 100 жылдық бағдарлама мәселесі мазалап отыр. Қазір осындай бағдарламаны ойластырып жатырмын. Біз Абай айтып кеткен қандай мәселелерді болашаққа жеткіземіз, ақын халықтың болашағын қалай көрді деген түйткілдер бар. Басты мәселе – Абайдың шығармалары, өнегелі ғұмыры, болашаққа жолдаған бағыт-бағдары, халқына деген сенімі. Шамамыз жеткенше, біз елге осыны жеткізуіміз керек, – дейді Ғарифолла Есім. Абайтанушы Жабал Шойынбет ақынның туған күніне байланысты мәселеге ғылыми тұрғыдан да нүкте қойылғанын алға тартады. – Кезінде Абайдың туған күніне байланысты PR жасау үшін Асан Омаров мақала жазып, арты дауға ұласты. Жақында мұның нүктесін белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай қойды. Себебі Абайдың кесенесін қоюға Мұхтар Әуезовтің өзі қатысып, бір тұжырымға келген датаны тасқа ойып жазып кеткен еді. Ол белгіде Абайдың туған күнін 10 тамыз деп көрсеткен. Міне, бұдан артық ешқандай айғақ-дәлелдің қажеті жоқ, – дейді Жабал Шойынбет. Ғалымның пікірінше, Абай күнін науқаншылдыққа айналдыру дұрыс емес. – Өкінішке қарай, қай жердің әкімдігі болмасын, «Абай күні өтті» деген сөз үшін өздері білетін 5-6 ақын-жазушыны жинап, әр мекемеден тапсырмамен қатысушыларды алдыртады. Ендігі біздің үміт ететініміз – Абай күндері көрші Ресейдегі Пушкин күніндей жалпыхалықтық сипатта өткізілсе, жөн. Ол үшін әкімшілік бастамашы болып, арнайы қаржы бөліп, шын мәнінде халық ішінен Абайды сүйетін, шығармашылығын тануға ұмтылған, ақынға өлең-жырын арнаған әрі өз еркімен жиналатын азаматтардың поэзия алаңын ұйымдастыру керек. Абай күні маңызды мереке күніне айналуы керек, – дейді. Абайтанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы да ақынның туған күні ретінде 10 тамыздың белгіленгенін дұрыс санайды. Одан бөлек, Абайды тану мәселесі өзекті екенін айтады. – Абайды тану қиын. Оның көп сыры әлі ашылмай жатыр. Абайдың іздегені не өзі? Абай халқының мінез-құлқының сайлау арқылы бұзылғанын жақсы білген. Өмір бойы осыдан құтылудың жолын іздеді. Оның тапқаны – толық адам ілімі болды. Толық адам ілімінің берері көп. Жастарымызға осы ілімді үйретсек, олар толық, кемел адам болуға ыңғайлана бастайды, – деп сөзін түйіндейді. Ғалымның пікірінше, Абай күнінде ат шауып, көкпар тартқызып, жарыс ұйымдастыру жай нәрсе болып қалмақ. Халыққа қажеті – Абайдың мұрасын түсіндіріп беруімізде. – Халыққа толық адам ілімі жетпей жатыр, – дейді Мекемтас Мырзахметұлы. «Егер ел ішінде осы ілімді насихаттап, жастардың бойына сіңіре білсек, рухани жаңғыра аламыз. Өкінішке қарай, жоғары жақта оқулық жазу ісін жазатын адамға емес, жазбайтын адамға береді. Естуімше, біреулер қаламақысымен бөліседі, сондықтан осындай керітартпалық бар сияқты. Мен мектептің Абай туралы оқулықтарын жазуға толық дайынмын. Маған тапсырса, 5-6 айда жазып берер едім. Толық адам ілімі арқылы біз бір адамды ғана емес, бүкіл алда келе жатқан ұрпақты рухани жағынан тазартып алар едік», – деп ойын аяқтайды. Зиялы қауым өкілдері әлі күнге дейін кейбір ақын-жазушылардың Абай мұрасына терең бойлай алмағанына өкінеді. Сарапшылар ақын мұрасын заманауи технологиялар мен байланыс құралдарын, дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа мүмкіндіктерін пайдалана отырып, ел ішінде кеңінен насихаттау қажет дейді. Алдағы 10 тамыз күні Абайдың 175 жылдығы Ұлттық жаңғыру күні ретінде жалпыхалықтық деңгейде аталып өтсе, құба-құп болар еді. Бұл тұста ысыраппен той тойлау өткен заманның сарқыншағы іспетті. Зиялы қауым пандемияға байланысты онлайн жиындарға жиі қатысып, Абай күнін тойлаудың амал-әрекеттерін қарастырып жатқанын тілге тиек етті.Кәмшат ТАСБОЛАТ