Ұстаздар жалақысы туралы «жыр»
Ұстаздар жалақысы туралы «жыр»
788
оқылды
Алдағы төрт жылда педагог­тердің жалақысы екі есеге артады. Яғни, осы уақыт ішінде жыл сайын 25 пайыздан қосылып отырады. Одан бөлек, ұстаздар қауымына қуаныш сыйлайтын үстем­ақылар бар. Дәптер тексеріп, сынып жетекшілігін атқарғандарға тө­лене­тін ақы көлемі екі есе ұл­ғайды. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі бар бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының мұға­лімдеріне 27 780 теңге мөлшерінде қосымша ақы төлене­ді. Одан бөлек, тәжірибесі мол мұғалім жас маманды қана­тына алса, тә­лімгерлік қызметіне 17 697 теңге қоса беріледі. Бұл — биылғы өзгерістер. Осы жылдың бірінші тоқсанын қорытындылай келе, Ranking.kz дерегі бойынша, білім беру саласы қыз­меткер­лерінің орташа жала­қысы 154,6 мың теңге болғанын білдік. Былтырмен салыстыр­ғанда 40,6 пайызға өскен. Бұл салада ең төменгі жалақы алатын мектепке дейінгі білім беру қызметкерлері болатын. Инфля­цияны ескеріп, былтырғы көрсет­кіш­пен салыс­тырсақ, 21,5 пайызға көте­ріл­ген. Биылдан бастап жалақыға әсер ететін фактор көбейді. Оның бірен-сара­нын жоғарыда атап өттік. Ең негізгі әсер ететіні — ұлттық біліктілік тесті. Жақсы тапсырып, нәтижесі жоғары болған маман­ның қалтасы да қалыңдайды.  

 18 жылда жалақы қаншаға өскен?

Әр жылы ұстаздардың жала­қысы қалай өзгергенін білу үшін статис­тика коми­тетінің мәлі­меттеріне үңілдік. Қолда бары – 2002-2018 жылдар аралығында әр сала қызметкерлерінің айлық ақысы қандай болғаны туралы деректер. Соның ішінде білім беру саласын таңдап алып, көлемі мен ол кездегі инфляция деңгейін де қарастыруды жөн көріп отырмыз. Мәселен, 2002 жылы ел бойынша орташа жалақы 20 323 теңге болса, білім саласында 15 233 теңге болыпты. Соның ішінде орта мектепте сабақ беретін ер мұға­лімдер – 16 279 теңге, әйел ұстаздар 14 718 теңге алған. Бас­тауышта ерлердің жалақысы – 14 108 теңге, әйел мұғалімдердің еңбекақысы орта есеппен 13 315 болған. Ол кездегі инфляция деңгейі 6,69% болған еді. 2003 жылы саладағы орташа жалақы 15 274 теңге болып елеусіз ғана көбейген. Ел бойын­ша – 23 128 тг. Бастауыш мұғалімдерінің жалақысы бастап­қыда орта мектеп ұстаздарынан төмен болып келген. Инфляция да көбейіп, бұл жылы 7 пайызды көрсетті. 2004 жылы білім беру саласындағы орташа жалақы 18 542 теңге болыпты. Оның ішінде орта мектеп мұғалімдері 19  285 теңге, соның ішінде ерлер – 20 428 теңге, әйелдер 19 008 теңге алса, бастауыш сыныпқа білім беретіндер 17 873 теңге алған. Бастауыш сыныптарға сабақ беретін ерлер – 16 638 теңге, әйел­дер 17 917 теңге жалақы алыпты. bilim Жалпы, елімізде ұстаздар жалақысы­ның жыл сайын өсіп отырғаны байқалады. Инфляция да бірде көтеріліп, бірде түсіп отырды. Мәселен, 2005 жылы мектеп мұғалімдері – 25 351, бастауыш сынып мұғалімі 22 954 теңге жалақы алған. Сол кезде бірден 30 пайыздан астамы өскені байқалады. Бір жылда. Кейін жалақы екі жыл ішінде жедел өсті. Мысалы, 2007 жылы бүкіл республикадағы қызметкер­лерді есепке алғандағы орташа жалақы 52 479 теңге болса, білім саласында 36 423 теңге болды. Орта мектеп ұстаздарының орташа жалақысы 35 536 теңгеге жетті. Бастауыш сыныпқа сабақ беретін педагог­тер 36 645 теңге алған. Дәл осы жылы бастауыш сынып мұғалімдерінің орташа жалақысы орта мектеп ұстаздарының айлы­ғынан артық болғаны байқалады. Кейін бас­тауыш сынып ұс­таз­дарының табысы орта сынып мүғалімдерінің еңбек­ақысынан артта қалып қой­ды. Тағы да. Тек 2010 жылы жағдай теңеле бастаған. Сол жылы орта мектеп те, бастауыш сынып мұғалімдері де шамамен 55 мың теңгедей алған. Бұл кезде елдегі орташа жалақы 77 мыңның айналасында болған еді. Айтпақ­шы, орташа жалақыны есептеу әдісі мынадай: жұмыскерлерге төленген жа­лақы қорын жалпы қызметкер санына бөледі. Сөйтіп, саладағы орташа жалақы шығады. Әйтпесе, жүктемесіне байла­нысты түрлі деңгейде жалақы алып жүрген ұстаздар жетіп артылады. Дегенмен 2016 жылы білім беру саласы қызмет­керлерінің орташа жа­ла­қысы 100 мыңдық межеге жақын­дап, 99 мың теңге көлемінде болды да, келесі жылы бұл межеден асты. 2017 жылы мұғалімдердге 103 мың теңге, 2018 жылы 126 мың теңге орта есеппен төленіп отырыпты. Айтпақшы, Білім және ғылым ми­нистрі инфляция деңгейі ұс­таздар жала­қысын құнсыз­дан­­ды­р- майды деген ойда. «Прези­дент педагогтердің жалақысын екі есеге көтеруді тапсырды. Ұстаздар бү­гінде әртүрлі айлық алады. Жас маман болса, кем дегенде 70 мың алады. Ағылшынша сабақ бере жүргізетіндер 200 мың теңгеге дейін табады. Яғни, жалақы оның ауыл не қалада жұмыс істегеніне, санатына, дәрежесіне байланысты» деген еді министр Аймағамбетов.  

 Қай өңірдің ұстаздары «бай»?

Аймақтарға бөлгенде ең жоға­ры жалақыны елордалық ұстаздар алады екен. Орта есеп­пен – 260,3 мың теңге. Бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 32,5 пайызға өскен. Тағы бір айта кететін тұсы – бұл мөлшер ел бойынша орташа көр­сеткіштен 1,7 есе көп. Екінші орын­­да – Алматы қаласы (181,3 мың тг, 27,5%-ға өскен), үшінші орында – Алматы облысы (158,5 мың тг, 49,5%-ға өскен). Ел бойынша ең төмен жалақы Батыс Қазақ­стан облысы (134,6 мың тг, 43,1 %-ға өскен) мұғалімдеріне төленеді. Бүгінде Қазақстан бойынша білім саласында қызмет ететін 1,1 млн адам бар. Оның ба­сым бөлігі, 73,8 пайызы – әйелдер. 98,5 пайызы — жалдамалы қыз­еткер.  

 Өзге елдердегі айлық ақы қандай?

Еуропа Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымы статистика агенттігі әлемнің әр еліндегі ұстаздардың жа­ла­қысын салыстырған. Нәти­жесінде, мұға­лімдерге жоғары ақы төлейтін елдердің үштігі мынадай: Люк­сембург (51,7 млн тг/жылына), Корея (35,4 млн тг/жылына) және Германия (31,2 млн тг/жылына). Ал төмен жалақыға келсек, Еуропа елдерінің ішінде Эстония (7 млн тг/жылына), Словакия (9,1 млн тг/жылына), Чехия (10,4 млн/жылына) сынды елдер көш соңында. Жүктеме әр елде әртүрлі. Мысалы, Люксембург мектебінде сабақ беретін мұғалім көп жала­қыны көп жұмыс істегені үшін алмайды. Өйткені ол жақта 50 млн теңге табу үшін жылына 800 сағат немесе аптасына 16 сағат уақыт бөлсе жеткілікті. Сондықтан ұстаздық етуге талпынып, жастар көбірек құлшынады деседі. Соның арқасында мұғалімдердің 60 пайыз­ға жуығы – 40-қа толмаған жастар. Ustas jalaki Ұстаздардың жүктемесі көп елдер қатарында Колумбия, Чили, Мексика және АҚШ бар. Колум­бия тіпті көш басында. Мұндағы мұғалімдер жылына 1 200 сағатын жұмысқа бөледі. Бұл уақыт – тек мектептегі сабақ берген сағат. Одан тыс дайындық, қосымша жұмыстар есепке алынбайды екен. Сонымен бірге бір ұстаздың қанша шәкіртті оқытуына қа­тысты қызық деректер кел­тірейік. Мәселен Норвегия мен Швецияда бас­тауыш сыныпта бір мұғалімге тоғыз оқушыдан келсе, Орталық Африка Респуб­ликасында бір ұстаздың 80 оқушыға сабақ беруіне тура келеді. Өйткені кадр тапшы. Біздегідей тәлімгер тағайындау тәжі­рибесі Польшада бар. Мек­тепке жұмысқа келген жас маман тәжірибеден өтуші ұстаз болады. Оған білікті мұғалім бас-көз болып, тоғыз айдан соң ол туралы ойы мен пікірін білдіреді. Содан кейін емтихан тапсырып, 10 ұпайдың 7-сін алса, келі­сімшарт жасасып, ұстаз ретінде жұмысқа қабылданады. Екі жылдан кейін жас ұстаз штаттағы педагог болуға бақ сынай алады. Бірақ ол үшін, әлбетте, сынақ тапсырып, сәтті өтуі тиіс.   Түйін: Байқасақ, биылғы бі­рін­ші тоқсанның қорытындысы бойынша, білім беру саласы қыз­меткерлері орта есеппен 154 600 теңге алады екен. Былтыр бұл 110 мың теңгеден аз болған. Бұл ретте орташа жалақыны есептеу әдісін ескеру қажет. Был­тыр Статистика комитеті медиа­налық жалақыны жа­риялады. Ондағы деректерге сәйкес, 3,3 млн қазақ­стандық қызметкер 112,2 мың теңгеден аз алатынын кө­ріп отырмыз. Яғни, басшылық қызмет атқарып, жо­ға­ры жалақы алатын­дардың есебі­мен әдетте орташа жалақы мөлшері «айдан» бір шығады. Мұндайда медиана­лық, яғни дәл ортасын табатын әдіс қолданып, шынайы жағ­дайды көрген артық бол­майды. Әйтпесе, жуырда Ста­тис­ти­ка комитеті ел­дегі орташа жалақы мөлшерін 212 мың теңге деп жариялады.  

Жадыра АҚҚАЙЫР