Ең әуелі аймақ басшысы «Қордай Агро 2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құлпынай өсіру шаруашылығына ат басын бұрды. Қожалық құлпынайдың «альбион» сұрыбын Қайнар ауылындағы 10 гектар алқапқа еккен. Негізінен, Қазақстан мен Түркия мемлекетінің инвесторлары бірлесе қолға алған кәсіпорын құлпынайды карантин енгізілгенге дейін егуі тиіс болатын. Наурыз айында Түркиядан 1 миллион көшет те алынған. Алайда сол уақыттан бері көшеттерді әкелу мүмкіндігі болмай, олар тоңазытқышта сақталған. Міне, енді көшеттерді жеткізу сәті түсіп, екі апта бұрын құлпынай 5 гектар алқапқа отырғызылды.
Кәсіпорын басшысы Варшахлы Ваиханың айтуынша, «альбион» сұрыбының дәмі ерекше, бұл жидектің 1 келісі 1 500 теңге тұрады.
Енді кәсіпкер құлпынай алқабының маңына 40 ара ұяшығын қоюды жоспарлауда. Жалпы, шаруашылық құлпынай алқабын 50 гектарға дейін жеткізуді көздеп отыр. Облыс әкімі өнімді тоғыз ай бойы үзбей алып отыру үшін құлпынайды жылыжайда отырғызу мәселесін қарастыруды ұсынып, жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сарыбұлақ ауылында өңір басшысы «Самғау» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Мұнда 478 гектар жүгері алқабына тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Евгений Трубников басқаратын шаруа қожалығы әр гектардан 980 центнер өнім алуды көздеп отыр. Ал тамшылатып суару құрылғысы Италиядан арнайы сатып алынған. Облыс әкімі шаруашылық жұмысына оң бағасын беріп, жүгері алқаптарын ұлғайту қажеттілігін атап өтті.
Отар ауылына барған облыс әкімі спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысып, 25 тамызға дейін нысанның іргетасын құю жұмыстарын аяқтап, 1 қыркүйектен қабырғасын қалауды тапсырды.
– Жұмысты тездету қажет. Жұмысшылар санын көбейтіп, қазан айының соңына дейін ғимарат құрылысын аяқтап, ішкі әрлеу жұмыстарын бастау үшін екі ауысым ұйымдастыру қажет, – деді облыс әкімі.
Сонымен бірге Бердібек Сапарбаев спорт кешенін безендіруге, атап айтқанда Қордай ауданының атақты спортшыларының суреттерін ілуге көңіл аудару қажет екенін атап өтті. Гвардейский қалашығында өңір басшысы №43 орта мектепке барып, содан кейін иммундық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыт құрылысын бақылады.
Зауыт осы жылдың аяғында іске қосылмақ. Десе де, құрылысшылар уақыт жағынан екі апта кешігіп келеді. Бұған баса көңіл бөлген өңір басшысы мердігерлерге нысанға қосымша жұмыс күшін тарту арқылы жоғалған уақыттың орнын толтыруды тапсырды.
– Зауыт биыл іске қосылуы керек. Бұл пандемия жағдайында өте маңызды. Зауытта иммунобиологиялық дәрілік препараттар, оның ішінде қазіргі таңда клиникалық тексеруден өтіп жатқан коронавирус инфекциясына қарсы вакцина өндірісін жолға қою жоспарланған, – деді Б.Мәшбекұлы.
Зауыт құрылысымен қатар кәсіпорын қызметкерлері үшін 60 пәтерлік тұрғын үйдің де құрылысы басталып кеткен. Бұйыртса бұл жұмыстар да биыл бітеді деп жоспарланған.
Үлкен Сұлутөр ауылдық округінде облыс әкімі «Сұлутөр» шаруа қожалығының жұмысын көзбен көрді. 24 мың гектарға бидай, арпа, жүгері, көпжылдық шөптерді еккен шаруашылық биыл 25 миллион теңгеге дән тазалауға арналған екі құрылғы сатып алған. Шаруашылық басшысы Серік Ермековтің айтуынша, құрал-жабдықтың басым бөлігі мен жалпы материалдық-техникалық база ескіріп, жаңартуды талап етіп тұр.
Сұлутөр ауылындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша жұмыс қыркүйек айының ортасында аяқталады.
Облыс әкімі жұмысты тездетуді, мектепті жаңа оқу жылының басына дейін тапсыру қажетін атап өтті.
– Мектеп оқушыларының саны аз болғандықтан, оқу процесі қашықтан емес, мектепте өткені абзал. Бірінші сынып оқушылары сабақты қашықтан оқыса, қандай білім алады? – деді Бердібек Сапарбаев.
Сонымен бірге Әлжан ана ауылында спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша спортзалдар мен боксшылар алаңы бар кешен құрылысы осы жылдың қазан айында аяқталмақ.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы іссапары барысында тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен ұсталғандардың ата-аналары және туыстарымен де кездесті.
Бердібек Сапарбаев ұсталғандардың туыстарының барлық өтінішін мұқият тыңдап, олардың ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын және құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен қаралатынын айтты. Облыс басшысы барлық өзекті мәселе Қазақстан заңнамасы аясында шешілуі тиіс екенін атап өтті.
– Біз қақтығыстар 11 адамның өліміне әкеліп соқтырғанын, 200-ге жуық адам жарақат алғанын, азаматтарымыздың мүлкі зардап шеккенін ұмытпауымыз керек. Сіздердің барлық өтініштеріңіз қаралады. Ұсталғандармен кездесулер мен телефон арқылы сөйлесу жұмысы ұйымдастырылады. Құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын аяқтады. Тергеу материалдарымен тараптар таныстырылуы керек. Заңды бұзған және кінәсі дәлелденген адамдардың бәрі жазалануы қажет екенін тағы да айтқым келеді. Барлығы заң бойынша болуы керек. Бұл мәселе Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында, – деді Б.Сапарбаев.
Сонымен қатар Бердібек Мәшбекұлы жергілікті тұрғындармен болған әңгіме барысында мемлекет тарапынан бөлінген қомақты қаражатқа Қордай ауданындағы ауылдарды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Мәселен, Қаракемер және Масаншы ауылдарындағы әлеуметтік нысандарды абаттандыру мен салу үшін қосымша 3 миллиард теңге бөлінген. Тұрғын үйлер, спорт және балалар алаңдары, дәрігерлік амбулатория, мектеп, көшелер салынып, газ құбыры, сумен жабдықтау желілері тартылып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жиын соңында өңір басшысы қордайлықтарды тәртіп пен заңдылықты сақтауға, түрлі арандатушылар мен жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.
Міне, осылайша аймақ басшысы Қордай қақтығысын назардан тыс қалдырмай, барлық мәселені жіті бақылауына алып отыр.