Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында экономиканың түрлі салаларында 22 нысан іске қосылса, оның ішінде білім саласы бойыша 15 нысан бар. Нақтырақ айтар болсақ, Қарасай ауданында жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен жабдықталған, халыққа қызмет көрсететін заманауи медициналық зертхана, Талғар ауданында сауықтыру, әлеуметтік оңалту және педагогикалық іс-шараларға негізделіп құрылған 60 орындық оңалту орталығы мен мүгедек балаларға арналған тағы басқа да күндізгі орталықтардың маңызы аса зор. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру мақсатындағы маңызды жобалардың бірі ретінде өңірдің медициналық мекемелеріне ақпараттық жүйелер кешенін енгізуді келтіруге болады. Осы жобаның аясында Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының базасында серверлер арқылы мәліметтерді өңдейтін жағдаяттық орталық құрылды. Онда күн сайын өңірдің 13 медициналық мекемесінде жасалған барлық рентгендік зерттеулер жинақталып, мұрағатталады. Бұл жоба сырқатты ерте анықтауға мүмкіндік бере отырып, радиолог дәрігер кадрларының тапшылығын шешуге ықпал етеді. Денсаулық сақтау саласын цифрландырудың арқасында жасанды интеллектті қолдана отырып, озық ғылыми жетістіктерді пайдалануға жол ашылды. Мәселен, адамның көзі көлемі 5 мм үлкен жаңа өскінді көре алса, жасанды интеллект дәрігерге жаңа өскінді 1 мм кезінде-ақ анықтауға көмектеседі. Соның нәтижесінде онкологиялық ауруларды диагностикалауда өкпе және сүт бездері қатерлі ісігін ерте бастан анықтау 13 %-дан 60%-ға дейін өсті. Аталған ауруларды ерте кезеңнен диагностикалау науқастардың өмір сүру ұзақтығын арттыруға ықпал етуде.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік өңірдегі спорт саласының инфрақұрылымын дамытуға да оң әсерін тигізді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік басталғалы бері облыста спорт бағытында жалпы сомасы 22 млрд теңге болатын 5 жоба жүзеге асырылыпты. Өңірдің әр түкпірінде салынған дене шынықтыру-сауықтыру және спорт кешендері түрлі жастағы тұрғындардың, әлеуметтік әлжуаз топтардың, ауыл тұрғындарының спорттық инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігін арттырды. Сол сияқты спортпен айналысатын, саламатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар қатары барынша көбейді. Спорттық бағыттағы ең ірі жобалардың бірі – облыс орталығында салынып жатқан олимпиадалық типтегі жабық жүзу бассейні. Жалпы алаңы 27 мың шаршы метр болатын жобаның құны 13 млрд теңгеден асып жығылады. Жабық бассейнде жүзуден, аквааэробикадан, су добынан, суға секіруден оқу-жаттығуларын өткізуге арналған. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жаттығуына да жағдай жасалған.
Биыл Алматы облысында жалпы сомасы 30 млрд теңгеден асатын 21 жобаны жүзеге асырудың жобалық-сметалық құжаттамасы мен бизнес-жоспары дайындалуда. Соның ішінде білім саласында 21 жоба, денсаулық сақтау мен энергетика салаларының әрқайсысында 6 жобадан, туризм, мәдениет, қауіпсіздік салаларында 1 жобадан қарастырылған.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы