6 тамыздан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК мемлекеттік инспекция комитеті тарапынан Қазақстанға Өзбекстан Республикасының аумағынан қара өрік әкелуге тыйым салды, деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.
«Мұндай шешім Өзбекстаннан келген жемістерде карантин объектілерін анықтаудың жиілеп кетуінен туындады. 2020 жылдың 24 шілдесінен 1 тамызына дейін өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы бұзудың 18 фактісі анықталды, оның ішінде 3 жағдайда жемісте Шығыс көбелегі (Grapholitha tolesta Busck), бір жағдайда – Комсток құрты (Pseudoccus comstocki (Kuwana) табылды», - делінген хабарламада.
Шектеу шаралары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге уақытша қолайлы карантиндік фитосанитариялық жағдайды қамтамасыз ету құқығы берілген заңнамаға сәйкес енгізілген.
«Шығыс көбелегі - қауіпті карантиндік зиянкес саналады. Шабдалы, өрік, алма, нектарин, қара өрік, беже (айва), алмұрт, шие, лавр, бадамның өсінділері мен жемістеріне 90% дейін зиян келтіруі мүмкін. Құрт кемірген бұтақ қурап, жапырақ солып, өсімдік жемісі сарғайып, сапасы нашарлайды. Сондай-ақ, бұл құрт зақым келген ағаштың жанында өсетін көкөніс дақылдарына да қауіпті. Нәтижесінде көбіне қызылшаға 35%, картопқа 42% зиян келеді» , - деп хабарлады министрліктен.