Дегенмен биліктің бұл жоспарына өмір өз өзгерісін енгізді. Коронавирус пандемиясының жаһанды жайлауына байланысты биылғы сәуірде Росстат бүкілресейлік санақты 2021 жылға көшіруді ұсынды. Біраз күткен Ресей 29 маусымда аталған шараны 2021 жылдың сәуіріне қалдыру туралы шешім қабылдады. Айта кету керек, оның алдында қырғыз ағайындар мерзімін ауыстырып үлгерген болатын. Пандемия кесірінен АҚШ пен Бразилия да биылға сәйкес келіп тұрған санақтарын кейінге шегерді.
Тек Қазақстан науқанға әзірленуді жалғастыра берді. Бюджеттен бөлінген қаражаттар игерілуі керек. Сондықтан шілде айының басында өңірлердің алды болып, Нұр-Сұлтан қаласының Статистика департаменті ұлттық санақты жүргізу және дайындау бөліміне нұсқаушы-инспекторларды іріктеуге конкурс жариялады. Қала әкімдігі 20 шілде мен 2 қыркүйек аралығында 23 нұсқаушы қажет болатынын хабарлады. Осы аралықта нұсқаушылар санақ жүргізетін қызметкерлерді үйретуге тиіс. Бұл ретте жоғары білімі жоқ болса да, кез келген азамат санақшыға айналып, табыс таба алатыны айтылды.
Енді Үкімет елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты халық санағының мерзімін бір жыл кейінге шегеруді ұйғарып отыр.
«Коронавирус инфекциясының таралуына қатысты қалыптасқан жағдайға, елде карантин және шектеу шараларының енгізілуіне байланысты Қазақстан халқының ұлттық санағын 2021 жылғы қазанға ауыстыру туралы шешім қабылданды» деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
Санақты өткізу тәсілдері әзірге өзгеріссіз қалады. Атап айтқанда, ол екі кезең бойынша ұйымдастырылады. Біріншіден, 1-15 қазан аралығында осы мақсатта арнайы жасалған sanaq.gov.kz порталында азаматтарға өз бетінше интернет сауалнамадан өту ұсынылады. Яғни, жұрт үйіне санақшыны кіргізбей, оның қойғысы келген барлық сауалына осы мамандандырылған порталда жауап бере алады. Жыл басынан бері қазақстандықтар бой үйрете беруі үшін онлайн-санақ тестілік режимде іске қосылған. Бүгінде портал жұмысы уақытша доғарылыпты.
Қалай болғанда, келер жылы екінші кезеңде, яғни 1-30 қазан аралығында планшет көтерген санақшылар елді аралап, өз бетінше сауалнамаға жауап бермеген отбасылардың үйлеріне бас сұғады деп жоспарлануда. Онлайн режимде санақтан өткен респонденттер екінші рет, қайталап сұралмауы тиіс.
«Санақ нәтижелері отбасылар мен олардың шаруаларының жағдайын арттыру, неке және отбасы қатынастарын жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша мембағдарламаларды әзірлеу үшін, сонымен қатар білім, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша шешімдер қабылдау үшін қажет», – деді ведомство.