«Нақты қай форматта оқитынын студенттің өзі таңдайды. Ұсынылатын оқу түрі биылғы көктемдегіден өзгешеленеді. Өйткені қашықтан оқыту бастапқыда уақытша шешім ретінде енгізілді. Әрине, бұл жұмысты оқытушыларды қайта даярлаумен және білім беру бағдарламаларын жаңартумен ұштастыру қажет. Қашықтан оқыту нысанын толық бейімдеу үшін заңнамалық өзгерістер керек», – деді А.Аймағамбетов.
Ол көп ұзамай докторанттар да жаңа оқу жылын басқа студенттер сияқты бастайтынын еске салды. Бағдарламаның екінші қадамы аясында ведомство білім алушылардың қаржылық жүктемесін азайтуға мән береді. Министр ЖОО ректорларынан оқу ақысын көтермеуді сұраған. Көтермеуі үшін оларға да жағдай жасамақ. Яғни, дағдарысқа қарсы шаралар пакеті ұсынылады: біріншіден, ЖОО-лардағы оқу ақысының көлемін мемлекеттік грант ақысымен байланыстыру тәжірибесі тоқтатылады. Бұрынғы министрлердің: «университеттегі білім сапалы болу үшін ақылы оқу тарифі мемгрант құнынан төмен бола алмайды» деген талабының күші жойылады. Оқытушылар санының студенттер санына қатынасы бойынша талаптар да жойылады. Бағдарламаның үшінші қадамы аясында білім сапасын бақылауға екпін түсіріледі. – БҒМ «шаңсорғыш» оқу орындарын анықтау саясатын жалғастыра береді. Кейде жұмыстарын адал атқарып жүрген ЖОО-да мемлекеттік бақылаудың қатаң саясатынан зардап шегеді. Осыған орай, ЖОО-ларды әртүрлі лига бойынша саралау ұсынысы қолдау тапты. І санатқа халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ЖОО-лар енеді. ІІ санатқа ұлттық деңгейде бәсекеге төтеп беретіндері кіреді. ІІІ санатқа өңірлік ЖОО-лар жатады. Олар республикалық деңгейде бәсекелесе алмайды, алайда өңірлердегі студенттерге тиісті деңгейде білім береді және «өз» шәкіртіне бағдарланады. Ал қалған ЖОО-лар IV санатқа қосылады. Олар мемлекеттік бақылауға алынады, сапа мен сенімнің төмен деңгейде болуына байланысты оларға қатысты көптеген талап пен норма қолданылады, – деп түйді Асхат Аймағамбетов.Елдос СЕНБАЙ