Бүгінде ақпараттық-технологиялардың қарқынды дамыған уақыты. Өмірімізді сол жаңа медиа құрылғыларсыз елестете алмаймыз. Бұл жағдай – ақпараттық революцияның екпінді дамуының нәтижесі. БАҚ мемлекеттік басқарудың басты ресурсына айналды
– Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастыруға ерекше тоқталып: «Қазіргі таңда жаңа медиа саласында шындыққа жанаспайтын ақпарат таратушы арналар көбейіп келеді» деді. Білдей бір телеарна басшысы ретінде бұған не айтасыз?
– Иә, бұл мәселе өте орынды көтерілді. Елбасы «Nur Otan партиясы өзінің ақпараттық стратегиясын түбегейлі қайта қарауы қажет. Партияның бұқаралық ақпарат құралдары объективті және жедел ақпарат көздеріне айналып, халықтың сеніміне ие болуға тиіс» деді. Бұл тапсырмаға біздің тікелей қатысымыз бар. Халықтың сеніміне ие болуға күш салуымыз керек.
Бүгінде ақпараттық-технологиялардың қарқынды дамыған уақыты. Өмірімізді сол жаңа медиа құрылғыларсыз елестете алмаймыз. Бұл жағдай – ақпараттық революцияның екпінді дамуының нәтижесі. БАҚ мемлекеттік басқарудың басты ресурсына айналды. Ендеше, оның шынайы, әділ әрі жедел болмауына қақысы жоқ. Бүгінде тек еліміз бойынша ғана емес, бүкіл әлемдік деңгейде мәлімет алатын тетіктер көбейді. Бұрын халық тек қана жүйелі түрде телеарна, газет, радио арқылы жаңалықтардан хабардар болып отырса, қазір бір ғана смартфонмен қалың бұқараға жедел түрде жаңалық жеткізуге болады. БАҚ әлі де болса елге, сапалы, тәрбиелі, мағыналық мәні зор дүниелерді беруі тиіс. Яғни, біз өте жоғары деңгейде белсенді болуымыз қажет. Әлеуметтік желілердегі теріс пиғылмен таратылатын ақпараттардың халықтың санасына бірінші болып әсер етпеуіне жол бермеуіміз керек.
Осы тұрғыдан Nur Otan партиясының көтеріп отырған мәселесі мен партия басшылығының бізге қойып отырған талаптары түсінікті. Мемлекеттілігімізді, ұлттық мүддемізді, құнды дүниелерімізді дұрыс сақтап, ары қарай дамыту үшін сапалы, белсенді жұмыс істей алмасақ – бізге сын.
– Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарудасыздар? Жаңа маусымның жаңалығы қандай?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, осындай толассыз ақпараттар ағынының арасынан сапалы, дұрыс ақпаратты елге ұсыну – бөлек дүние. Сондықтан, біз көрерменді жалықтырмайтындай, үнемі бізбен бірге болуы үшін аса қызықты дүниелер жасаудамыз.
Күзгі телевизиялық маусымда он тележоба көрерменге жол тартады. Оның ішінде үш төл туындымыз бар. Былтыр отандық телеарналардың төл туындыларының арасында жоғары рейтингке ие болған «Жүрек сыры» телехикаясының ІІ маусымының түсірілімі аяқталды.
Қазақы қалпымызды, үлкенге құрметті, бауырлардың бір-біріне қамқорлығын, жанашырлықты, отбасылық тәрбиені, еңбекке баулуды, бүгінгі өміріміздің айқын көрінісін сипаттайтын «Алмасай» телехикаясы да жаңа маусымға көрік бере түспек.
Үшінші туындымыз «Киелі бесік» өзінің аты айтып тұрғандай, қасиетті шаңырағымыздың қадірін арттыруға бағытталған. Қарапайым ауыл адамдарының тыныс-тіршілігін, болмыс-бітімін көрсетеді.
Партияның қолдауымен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, тағдыр тәлкегіне түскен адамдарға демеу беретін, Бақыт Шойымбек жүргізетін «Айтарым бар» атты ток-шоуы – мәселелерді көтеріп қана қоймай, оның шешімін де ұсынатын, шешілуін қадағалайтын бағдарлама.
Сондай-ақ қоғамдағы қордаланған мәселелерді қозғайтын «Саяси Ринг» ток-шоуы көрерменге жол тартады. Бұл жерде ел аузынан түспей жүрген күрделі мәселелер көтеріліп, олардың нақты шешімдері көрсетілетін болады. Сондықтан да, алаңға шығып айқайлап айтқыңыз кеп жүрген мәселелерді осы бағдарламаға келіп талқылаңыздар дегім келеді. Біз әр мәселеге партияны араластырып, соның ықпалы арқылы оң нәтижеге жетуді көздеп отырмыз.
– Әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысты бағдарламалар бар ма?
– Иә, соңғы кезде көпбалалы аналардың қоғамға көңілі тола бермейтін тұстары жиі қылаң бере бастады. Ал біз бұрын қандай ел едік? Ешқашан бала санын айтпайтын, оларды өмірге әкелгенімізді, бағып-қаққанымызды міндет етпейтін, «Дүниеге бір қозы келсе, жерде бір түп жусан артық шығады» деп, бала қашанда өз несібесімен туатынын білетін, ұғынған ел едік. Міне, сондай тегі асыл аналарымыз арамызда әлі де көп. Адал еңбек етіп, қазір үлкен жетістікке жетіп отырған адамдардың өмірін үлгі ететін, «Оңай емес» атты бағдарламамызды өзі де көпбалалы ана, телеарнада өзіндік қолтаңбасы бар, кино саласында да көпке танылып үлгерген белгілі журналист Салтанат Қалиева жүргізеді.
Еліміздің тұмса табиғатын айшықтайтын Q-travel бағдарламасы әзірленуде. Бағдарламаның басты ерекшелігі – жүргізушіміз де, қонағымыз да шетел азаматтары. Олар – испан жиһанкезі Диего Гарсия және камерундық балет артисі Сабина Пайюс. Бұл кісілер еліміздегі әр өңірдің өз ерекшелігін, қонақжайлығын өз қабылдауынша баяндайтын болады.
– Дәл қазір көрерменге өзіңіз айтып отырған еңбек тақырыбы көбірек керек сияқты. Бұл бағытта қандай жобаларыңыз бар?
– Осы ретте ауыл өмірін суреттейтін «Біздің ауыл» бағдарламасына тоқтала кеткім келеді. Бұл жерде бізде екі журналист болады. Орыс тіліндегі жүргізушіміз еш уақытта ауыл өмірін басынан өткермеген, ауыл тірлігі ол үшін жат әрі таңсық дүние. Туған жерінің тарихын, мәдениетін, тілін меңгергісі келеді. Қазақ тілді жүргізушіміз – танымал радиожүргізуші. Ол ауылды бес саусағындай біледі. Ауыл менталитетін бойына сіңіріп өскен. Өз кезегінде әріптесіне көмек қолын созып отырады. Жүргізуші қыздарымыз еліміздің әр өңіріне сапарлап барып, ауыл тіршілігіне етене араласады. Адал, маңдай термен келетін еңбектің отаны – ауыл. Қарапайым жұмысшының қолынан келмейтін іс жоқ.
Елордамыздың тіршілігіне қатысты, жергілікті билік өкілдері тұрғындардың сауалдарына тікелей эфирде жауап беретін «Елорда Lifе» бағдарламасы әлеуметтік мәселелерді қозғайтын, сұхбат жанрында болмақ. Әр саланың өз мамандары қала тұрғындарының ауызсу, денсаулық, білім беру секілді ушыққан мәселелері бар салаларға байланысты толыққанды жауап беретін бағдарлама.
Әрине, эфирімізде ойын-сауықтық бағдарламаларға да орын табылады. «Шімән апа» ситуациялық комедиясы отбасы құндылығы, әулеттегі туысқандық қарым-қатынастар жайлы болмақ. Кейіпкерлеріміз – Шімән апа және оның үш ұлы мен келіндері және немерелері. Сондай-ақ, көрермендердің көзі үйренген «Ел аузында», «Той жыры» бағдарламалары бар.
– Сіздің ойыңызша телеарналар рейтинг қуалап, көрермен сұранысын қанағаттандыра беруі керек пе, әлде оның мәдениетін өсіруге қызмет еткені дұрыс па?
– Жалпы халықтың санасын өсіруге, азаматтық қоғам қалыптастыруға қажетті телеөнімдер жасаудан гөрі, рейтингті көтеретін жеңіл-желпі өнімдерге көшіп кеткеніміз рас. Бұл – үлкен кемшілік. Енді осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Бүгінгі көрермен өте сапалы дүние көргісі келеді. Бірақ олар көбіне ойландыратын емес, жеңіл-желпі бағдарламалар көруге пейіл. Соңғы он жылда осындай ойын-сауық бағдарламаларына көрермендеріміз әбден үйреніп алды. Ал ойландыратын дүние ұсынсақ, рейтингтен айырылып қаламыз. Сондықтан, біз қазір көрермендеріміздің көңілін көтере отырып, ойландыруға талпынудамыз.
Осы жерде біздің арнамызға қатысты ескере кететін жайт бар. AstanaTV-ның басқа республикалық телеарналардан ерекшелігі бар. Біріншіден, біз республикалық бюджеттен бірде-бір тиын алмаймыз. Өзін-өзі жарнама арқылы қамтамасыз етіп отырған арнамыз. Ал ол жарнаманы бізге рейтингі жоғары бағдарламалар әкеледі. Бұл тұрғыда үнді мен түрік сериалдарының бәсі артық. Осы қызметке келгелі бері «Үнді сериалдарын тоқтату керек» деген ұсыныстар, әсіресе, зиялы қауым өкілдерінен жиі келеді. Жасыратыны жоқ, ол бізге арзанға түседі. Біз олардың бір бөлімін шамамен 90 мың теңгеге алатын болсақ, отандық өнімдерімізге одан он-он бес есе көп қаржы жұмсалады. Отандық бір сағаттық сапалы дүние көп қаржыны талап етеді. Енді қараңыз, жарнамадан табыс тауып отырған арнаға оның қайсысы тиімді?
Екіншіден, республикалық телеарналардың ішінде, әсіресе, коммерциялық кейбір телеарналар мемлекеттік тіл жөніндегі заңды толыққанды орындап отырған жоқ. Олар өз рейтингін көтеру үшін орыс тіліндегі және шетелдік бағдарламаларға көбірек уақыт беріп жатады. Заң талаптарына сай әр телеарнада отандық өнім 50 пайыздан кем болмауы керек.
– Ал рейтинг деген нәрсе мен ұлт мүддесін тоғыстыру мүмкін бе?
– Осы жолда телеарнамыздың кәсіби мамандары бір кісідей жұмылып қызу жұмыс істеп жатыр. Біздің телеарна көрермендеріміздің 70 пайызы – қазақтілді, 30 пайызы ғана – орыстілді көрермен. Сондықтан ұлттық құндылықтарымызға баса назар аударып отырмыз. Патша көңіл көрермендерімізді телеарнамыздың жаңа телемаусымы қуантады деп ойлаймыз.
Ал, жалпы жүректен шыққан нәрсе жүрекке жетпей қоймайды. Біздің қазақтілді аудиториямыз кеңейіп, көрерменнің талғамы өсіп келе жатқан уақытта рейтинг пен ұлттық мүддені тоғыстыру – біздің басты міндетіміз. Көзі қарақты, көкірегі ояу көрермендерімізді ойландыратын салмақты, тың жобалар күтіп тұр. Біздің таразымыз – көрерменнің талғамы болғандықтан, сол үдеден шығуға әзірміз.
Сұхбаттасқан
Гүлжан РАХМАН