Праймериз: өзгеріс жасаудағы жаңа бағыт
Праймериз:  өзгеріс жасаудағы жаңа бағыт
403
оқылды
Спикерлер «Елдегі қазіргі жағ­дайды түзеу үшін қандай қадамдар керек? «Nur Otan» партиясының прай­меризі эволюциялық дамудың не­гізі болу үшін не істеу керек?» де­ген сауалдар төңірегінде ашық ой­ларын ортаға салды.  

Билік пен халық арасындағы диалогты күшейту керек

Конференцияда айтылған пі­кір­лерді екіге бөліп қараған жөн се­кілді. Біріншісі айтылған сын­дар, ал екіншісі ұсыныстар.  Қазір елі­міздегі жағдай күрделі. Мем­ле­кет­ке көптеген мәселе бойынша өз­герістер қажеттігі туындады. Ал оларды іске асыру үшін партиялық  праймериз үлкен мүмкіндік.  ZOOM конференцияда қоғамдық ұйым­дардың қызметі сын көтер­мейтіні, сондықтан оның жұмысын дамыту қажеттігі айтылды. – Билік пен халық арасындағы диа­логты күшейту қажет. Сын  бел­гілі бір топтардың көзқарасы ар­қы­лы айтылып, Үкіметтің құла­ғы­на жеткізу қажет. Қазақстандағы қоғамдық ұйымдарың қызметін жандандыру маңызды. Ол үшін қа­жетті көмектер болуы керек. Бұл праймериз әділ өтуі тиіс», – деді Құр­мет Керімбеков. Сондай-ақ ол прай­меризге қатысатынын атап өтті. Ізден Анар да сайлауда бақы­лаушыларды үкіметтік емес ұйым­дар арасынан тарту маңызды еке­нін айтты. – Праймериз кезінде бақы­лау­шылар үкіметтік емес ұйымдардан ұсынылатын болса, оларды осы кез­ден дайындау керек. Бақылау­шы­лар жұмысын өз деңгейінде са­палы атқаруы тиіс, – дейді Анар Ізден. Qyzylorda телеарнасы дирек­торының орынбасары Айсұлу Қа­сымова халықтың бүгінде кімге се­нерін білмей қалғанын айтады. Оның айтуынша, індет кезінде адам­дар жаппай ауырып, дәрі тап­пай сарсаңға түскен кезде халық кім­ге барып жүгінетінін, кімге ша­ғы­натынын, кімнен пана сұрай­тынын білмеді. – Індет біздің мемлекетімізде қа­былданған бағдарламалардың түйткілдерін ашып берді. Біз әлі де үлкен сынақтарға дайын емес еке­німізді көрсетіп алдық. Қиын ке­зеңде ең бірінші халыққа кім кө­мек­­тесті? Еріктілер мен қарапайым адамдар бір-біріне көмектесті. Сол арқылы тығырықтан шығудың жолын іздеп жатты. Бұл бізде билік пен халықтың арасы алшақ жат­қа­нын анық көрсетті. Телеарнаға арыз айтып келген халық «Әкім­дік­ке бардым, прокуратураға бар­дым, ешқандай мәселем шешіл­ме­ді. Көмектесіңіздер!» деп келеді, – дейді Айсұлу Қасымова. Оның айтуынша, халықтың би­лікке деген сенімін қайтару үшін бі­рінші кезекте билік халыққа ашық болуы керек. Ал «Nur Otan» пар­­тиясы сол ашықтықты қам­тама­сыз етуі тиіс. Партия өзекті мәселелерді шешу үшін алдымен әлеу­меттік зерттеу жасап, содан кейін мемлекеттік кешенді бағ­дар­лама әзірлеуге мұрындық болуы ке­рек. Айсұлу Қасымова прай­мериз­ді әділдік тұрғысынан жаңа технология ретінде қабылдап, қатысуға бел буып отыр. «Социум Қызылорда» қоғам­дық қорының төрағасы, блогер Ерлан Мұсаев қазір қоғамда біраз мәселелер қордаланып қалғанын атап өтті. Сонымен қатар қоғамды өзгерту өзіңді өзгертуден басталады деп санайды.  Сондықтан прай­ме­ризге қатысып, өзекті мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етпек.  

Желіде сын айтқыш азаматтарды жетекші позицияларға тарту керек

Бұл пікірді  журналист Құр­ман­әлі Қалмахан қолдады. Журналист ел­дегі жүйені сынаушыларды би­лік­ке жіберу керек деген пікірде. – Мен «100 ауыл әкімі» деген жо­ба ұсынғым келеді. Бұл тіке сол жер­дің халқы мен ауыл азаматтары ара­сынан шығатын ауыл әкімі. Екіншіден, сынап жүрген аза­мат­тарды биліктің о жақ, бұ жағына тар­ту керек. Басшылық қызмет бол­маса да, сол жердегі жетекші по­зицияларға апарса. Біз әлемдік стан­дарттарға сай болғымыз ке­леді, бірақ әр елдің ұлттық ерек­шелігін, менталитетін ескеретін бол­сақ, бізде бір жақсы өзгерістер бо­лады. Праймериз 17 тамыз бен 3 ақ­пан аралығында болатынын бі­леміз. Мен жаңа бір ақпараттардан қарасам, Түркістан облысында 1 000-ға жуық азамат праймеризге қатысуға ұсыныс беріпті. Жаңа біз «сенім жоқ» деп жатырмыз ғой, бі­рақ оның бәріне салыстырмалы түрде байсалдылықпен қарау ке­рек. Кім, қалай жұмыс істеп жатыр де­­гендей. Әлеуметтік платформа­лар­мен көп жұмыс істеп, саяси жүйеге тікелей әсер ететін бағдар­ла­ма керек», – деді Құрманәлі Қалмахан. Ал жиын модераторы, саясат­танушы Бауыржан Серікбаев жур­налист Құрманәлі Қалмаханның «сын айтқыштарды билікке жа­қын­­датуға» қатысты пікірін қол­да­ды. – Желіде сын айтқыш аза­мат­тарды билікке жақындату керек де­ген ұсынысыңызды қолдаймын. Жалпы, өзгерісті бәріміз қалаймыз, бірақ ол өзгеріс эволюциялық тұр­ғыда болуы керек. Сондай-ақ оны ақырындап, сауатты мемлекет­ті­лігімізді сақтай отырып іске асыра­тын болсақ, одан әрмен дамитын мемлекеттің қатарында боламыз деп есептеймін. Бүгінгі өткізіліп отыр­ған онлайн конференцияда тың ойлар да, түрлі сындар да ай­тылып жатыр. Мақсатымыз да осын­дай алаңда ой айтып, сын ес­тіп, оны естіп қана қоймай, іске асыру, –  деді саясаттанушы. Жиында белсенді азаматтар праймериздің әділеттілік, шындық талаптарына сай өтуін қадағалау қажеттігін бірнеше мәрте айтты. Конференция соңында «Nur Otan» партиясы Саяси жұмыс де­партаментінің директоры Ерлан Қарабалаев  айтылған кейбір сын-ескертпелерге тоқталды. Оның сө­­зінше, карантин кезінде кері­сін­ше, партияға жүгінушілердің саны екі жарым, үш есеге дейін артқан. – Індет басталғалы халыққа ең бірінші және жалғыз болып көмекке «Nur Otan» партиясы келді. Халыққа қаржылай көмек берілді, тегін бетперделер мен азық-түлік себеттері таратылғанын білесіздер. Басқа партиялар мұндай көмек жасап жатқан жоқ. Карантин кезінде партияға жүгінушілердің саны екі жарым, үш есеге дейін көбейді, – деді Ерлан Қарабалаев.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ