Қара металл лоббиі
Қара металл лоббиі
506
оқылды
Бұл ретте ішкі нарықтың тым шағын әрі шектеулі екенін айтқан сала кәсіпкерлерінің жанайқайына да, сондай-ақ уақытында жинап үлгермесе даладағы ескі металл көнеріп, тұтас тот басып, табиғатты бүлдіретіні, су мен жерді улайтыны туралы экологтардың дабылына да құлақ аспады. Дәніккені дағдарғанның досы емес 90-жыл­дардағы аса ауыр дағ­дарыста ауыл, қаладағы көп­теген отбасы айна­ланы кезіп, «металлолом» жинап күн көрді, жан сақтады. Әрине, оңай олжа іздеп, сымы үшін электр және телефон желілерін үзген, тұтас ауыл, қа­ланы жа­рық пен байланыссыз қал­дырған; кә­різ-канализация люк­терінің қақ­пақтарын ұрлап, қаншама адамның құдыққа құ­лауына себеп болған; тіпті түнде теміржол рельстерін бұзып әкетіп, пойыз­дарды қаңтарып тастаған бұзақылар да көбейді. Қазақ­стан­да ме­талл қалдығы тау-тау болып қор­да­ланып қалғанын естіп, шетелдік өңдеу кәсіп­орын­дарының өкілдері елімізге ағылды. Нәтижесінде, елде жиналған «ломның» басым бөлігін жанталаса жар­масып, таласып-тармасып солар сыртқа әкетті. Ши­кізаттың әр келісіне бағасы 200 теңгеге дейін шы­ғындады. Салыстыру үшін айтсақ, бүгінде отан­дық зауыт­тар келісін 15, әрі кетсе, 25 тең­ге­ден ғана алады. 2014 жылы мемлекет «отан­дық өндірушіні қолдаймын» деп металл сынықтары мен қалдықтарын шетелге шығаруға мораторий жариялады. Оның мерзімі 2017 жылы аяқталды. Алғашында бұл сала «құрсаулы жылдарды» әупірімдеп жүріп еңсере алды. Рас, Ресей, Қытай, Еуропа секілді шетелдегі ірі өткізу нарықтарынан айырылды. Шағын ішкі нарыққа тәуелді болып қалғандықтан, тауарының құны күрт құлдырады. Ешқандай кен орнын игермей-ақ аста-төк әрі тым арзан шикізатқа қол жеткізуге үйреніп қалған металл өңдеу зауыттары қайтадан тосқауыл қоюды өтініп, Үкіметке жүгінді. Билік бетін қақпады, сұрағанын берді. Сонымен, металл сынық­тарын, қара және түсті металл қал­дықтарын Қазақстан аумағынан Еуразиялық одақ мемлекеттеріне және басқа елдерге автокөлікпен әкетуге тағы тыйым салынды. Мораторий Индустрия және инфра­құрылымдық даму, Ұлттық эко­номика және Қаржы министр­лерінің «Қара және түсті металдар сынығы мен қалдықтарын тасы­мал­даудың кейбір мәселелері ту­ралы» 2018 жылғы бірлескен бұй­ры­ғы­мен бекітілген. Бұйрық­тың күші 2019 жылғы қыркүйекте ұзар­тылды. Енді тыйым 2020 жылғы 18 қа­рашаға дейін күшінде болады. Бұл неге әкеліп соқты? Осы сала өркендеудің белесіне кө­терілген тұста онда жүз мыңнан аса кәсіпкер нәпақа табатын, бүгінде оның көбі банкрот болды. Жұмысын жалғастырушылар «шықпа жаным, шықпа» деп күн кешуде.  

Монополия осылай туады

«Түсті және қара металдар сы­нығы мен қалдықтарын жинау, өткізу жөніндегі компаниялар қауымдастығы» бірлестігі тағы бір мәселеге назар аудартады: бірлескен бұйрықта автокөлікпен шетелге шығаруға тоспа құрылған болатын. Тиісінше, теміржолмен тасуға мүмкіндік қалғандай еді. Бірақ билік ол жолды да жауып тастағанға ұқсайды. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіп­керлер бірлестігінің мәліметінше, металл сынықтарын әзірлеушінің бәрі тауарын экспорттауға рұқсат ала алмай отыр. Неге? Пандемия жағдайында онлайн-конференция және ғаламтормен келіссөз өткізу барысында анықталғандай, ведом­ствоаралық комиссия шешім қабылдап, темір сынықтары мен қалдықтарын теміржол арқылы экспорттауға да 2020 жылғы 30 қыркүйекке дейін біржақты тәр­тіппен шектеу қойып тастапты. Бұған «отандық металлургтерді шикізатпен қамту» себеп болған екен. – Осының алдында, биылғы ақпан-наурыз айларында дәл солардың бастамасымен металл сынығы экспортына ары қарай тыйым салатын қаулы қаралған. Талқылау қорытындысында эко­номикалық және әлеуметтік тұр­ғыдан орынсыз деп танылып, ол қаулыны қабылдаудан бас тар­тылды. Мұны қолдаймыз. Өйткені отандық металлургиялық зауыттардың өңдеу көлемі ең көп де­генде жылына 1,5 мил­лион тон­наны ғана құрайды. Ал елімізде жыл сайын 3,5 мил­лион тонна металл сынығы мен қал­дығы пайда болады! – дейді Түсті және қара металдар сынығы мен қалдықтарын жинау, өткізу жөніндегі компаниялар қауым­дастығы төрағасының орынбасары А.Бисенғалиев. Ол тыйым салу ақырында салада монополистердің туындауына ықпал еткенін жеткізді. «Бұл бұйрық «Кастинг» ЖШС, «KSP Steel» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ се­кілді ірі металлургиялық компа­ниялардың нарықты моно­по­лия­ландырып алуына, түсті және қара металл сынығы мен қалдық­тарын жинаумен айналы­сатын кәсіпорындарға өз шартын тықпалауына мүмкіндік береді. Металлургиялық кәсіпорын­дар­дың «лом» шикізатын жеткізушілер алдындағы берешегі уақытылы төленбей, бірнеше айға созылады. Басқаша айтқанда, шағын және орта бизнес осылай алпауыттарды амалсыздан несиелендіріп отыр. Тіпті, 2019 жылы жеткізген металы үшін төлемін алмаған компаниялар бар. Ірілердің сөзі өтімді. Ал шағын және орта кәсіпкер өз тіршілігі үшін соңғы күші қалғанша күресіп, зорығуға мәжбүр. Көбісі жабылу алдында, банкроттықты бастан өткеруде», – дейді бірлестік бас­шы­сының орынбасары. Өз мүдделері үшін лобби жасайтын металлургиялық кәсіп­орындар шектен тыс табыс алуға ұмтылады. Бұл ретте олар қара және түсті металл сынықтарын елден жинап, жет­кізетін әріп­тестерінің тағ­ды­рына еш бас қатырмайды, алаң­дамайды.  

Тығырық түбінде жарық бар ма?

Сала кәсіпкерлерінің мәліме­тінше, металлургиялық алыптар­дың алдындағы берешегі 2020 жылғы мамыр айының соңында 4 миллиард 557,5 миллион теңгеге жетіпті. Және бұл тек ірілеу 6 жет­кізуші алдындағы қарызы ғана. Батыс Қазақстандағы, со­ның ішінде Ақтөбе, Атырау, Ақтау және Орал қаласындағы металл сынығын дайындаушы кәсіп­орындар толығымен дерлік қызметін тоқтатқан: себебі олар Үкімет шикізатты сатуға міндет­теген отандық өңдеуші зауыттар­дан қашықта орналасқан. Осы зауыттар төлейтін азын-аулақ қара­жат олардың қызметкерлерінің жала­қысын және салықты төлеу түгіл, жол шығынын да жаппауы мүмкін. metal Өзгелері елде коронавирус пан­демиясына байланысты төтен­ше жағдай және карантин жария­ланған 16 наурыздан бері қалыпты жұмыстан қағылып жүр. Соның кесірінен шамамен 25 мыңдай адам осы салада табысынан айырылған. Мұның барлығы Қазақстан эко­номикасына зиян тигізіп отыр. Металл қалдығы экспортына тыйым салу нәтижесінде елге қан­дай пайда әкелгенін шенеуніктер жария етпеді. Металлургиялық зауыттар да төлейтін салық кө­лемін арттырып жатқаны ша­малы. Ал бұл қадамның зала­лы белгілі. Біріншіден, шетел­дік сатып алу­шылар үшін ішкі нарық­тың жабылуына байланысты бәсе­келестік азайып, сұраныс тө­мендеді, баға құлдырады. Екін­шіден, қауым­дастық дерегінше, 200 ірі компаниядан және 1 мыңдай шағын кәсіпкерлерден тұратын, 100 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтыған сала күйзелді, қабылдау пункттері жабылып жатыр. Үшіншіден, металл сынықтары мен қалдықтарын жасырын әкету жолға қойылған, сектор ойын­шылары көлеңкеге кетіп жатыр. Төртіншіден, осы нарық­тан бюд­жетке түсетін салық­тық түсім­дер кеміді. Бесіншіден, Қазақстанда металл қалдықтары далада, ауыл мен қалада қордаланып, қалың тот басып, тозып, экологияға нұқсан келтіруде. Оны жинайтын адам жоқ.  

Темір қоқысынан құтылу жолы

Тұйықтан шығарар жол ретінде кәсіпкерлер экспортқа тыйым салуды тоқтатуды ұсынады. Ал отандық зауыттарды шикізатпен қажетті көлемде қамтамасыз етудің басқа тәсілдері қолданылуы керек. Біріншіден, ішкі нарыққа шикізат жеткізушілер үшін қара және түсті металл сынығы мен қалдығын тасымалдау тарифін төмендетуге болады. Екіншіден, металлургиялық ірі кәсіпорындар айналасында сервистік шағын және орта бизнес дамытылуы тиіс. Олармен зауыт ұзақмерзімді келісімшартқа отырып, жинаған «ломын» еш делдалсыз, тікелей сатып алатынын кепілдендіруі қажет. Сонымен қатар бұрын жет­кізілген шикізат үшін береше­гін өтеп, жаңа жеткізілім ақысын уа­қытылы төлеп тұруға алпауыттарды міндеттеген жөн. Үшіншіден, сала кәсіпкерлері «Даму» қоры, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы өздерін жеңілдікті кредиттеу мәселесін пысықтауды сұрай­ды. Бұл сынық әзірлеуші кәсіп­орындарды дамыған елдердегідей пресс, гидро­қайшылар, ломовоз­дар және басқа да жаңа құрал-жабдықтарды сатып алуға, тұрғын­дар үшін лайықты жұмыс орнын жабдықтауға ынталандырады. Соның арқасында металл сынық­тары мен қалдықтарын өңдеу са­пасы артады, олар ұлттық стан­дарттарға сәйкестендіріледі. Төртіншіден, көлеңкедегі ойын­шылармен күрестің күшей­тілгені, осы қызмет түрін хабар­ламалық сипаттан лицензиялауға көшірген дұрыс. Саладағы белсенді ойын­шының бірі «ААА-Шын Нұр Астана» компаниясының басшысы Асылбек Өзбақанов елорданың өзінде заңсыз металл сынықтарын жинайтын орындар әрекет ететі­ніне шағымданады. «Олар жақсы табыс табады, бірақ тіркелмегендіктен, ешқан­дай әлеуметтік аударымдар ауырт­палығын көтермейді, салық төле­мейді. Бюджет қан­шама қара­­жат­тан қағылуда. Жи­на­ған сынық­тарын жүк кө­лігі­мен, «КамАЗ»-бен тасиды. Бұл олар­ға мем­лекеттік баж алымын төлеуден жал­таруға мүмкіндік береді. Өйт­кені мемкірістер ор­ганы тек темір­жолмен ел ішінде тасыл­ған шикізатты қадағалайды. Сон­дықтан KSP Steel, Кастинг компа­нияларын металл қал­дықтарын теміржол көлігінен ғана қабылдауға міндеттеу қажет. «АрселорМиттал Теміртау» ком­паниясы солай жасап отыр. Үкімет қазақстандық зауыт­тарды теміржолмен жет­кізіл­ген металл сынықтарын ғана қа­был­дауға көшіруі керек. Сонда заңсыз «лом» тасымалы тоқтайды», – дейді компания жетекшісі. Осының бәрі елімізде мың­даған жаңа кәсіпкерлік ны­санының ашылуына мүм­кіндік беруі тиіс. Даладан сынық жи­нау және оны сатуға әзірлеу қарапайым адам­дардан жоғары біліктілік пен білімді талап ет­пейді, демек мектеп түлектері де онымен айналыса алады. Сала еңсе тіктесе, олар жинай­тын металл қалдығы отан­дық кәсіпорындарға да, шетелдік экспортқа да молынан жетпек. Себебі Қазақстан Кеңес одағы зама­нынан бері үйіліп жатқан метал­дарды кәдеге жаратып үл­гер­­ген жоқ. Оған әлгінде айтыл­ғандай, жыл сайын 3,5 миллион тонна жаңасы қосылады. Сөйтіп, пандемия және дағда­рысты шақта бюджетке түсер түсімдер де көбеймек, жаңа жұ­мыс орын­дары құрылмақ, жаңа құрал-жабдықтар сатып алынбақ, экономикаға серпін беріліп, ЖІӨ жоғары өрлемек. Кірісі бар бизнес, тұрақты немесе бос уа­қытта айналысар жұмыс пен ермек табылған жұрттың көңілі көтеріліп, елдегі психологиялық жағдай және әлеуметтік ахуал түзелуі мүм­кін­дігін де жоққа шы­ғаруға болмас.  

Елдос СЕНБАЙ