Атырауда экология ақсап тұр
Атырауда экология ақсап тұр
1,748
оқылды
Мұнай компаниялары ауаға жіберетін күкірттің кесірінен қаншама адамның ұйқысы қа­шып, басы ауырып, өзге де түрлі ауруға шалдығатыны бірнеше рет айтылып жүр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлына Атырау облысының тұрғындарының атынан ашықхат та жазылды. Күні кеше ғана Атырау об­лысын­дағы экологиялық мәселе бойынша Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрі Мағзұм Мырзағалиев Атырау облысының эко-белсенділерімен онлайн жиын өткізді. Басқосуда Атырау қаласының әкімі Қайрат Құлымұлы мен қазір ауаны ластап жатқан негізгі ошақтың бірі АМӨЗ-дің (Атырау мұнай өңдеу зауыты) бас директоры Шухрат Данбай да болды. Жиында Экология министрі Атырау қаласының әкімдігі мен Атырау мұнай өндеу зауытынан  шығарындылар мен ауаның жай-күйі туралы барлық ақпаратты ашық беруді талап етті. Сондай-ақ Атырау қаласының тұрғындары қаланың экологиялық проблемаларын шешу жоспарын жасауға қатысатынын айтты. Бұл туралы министрдің өзі мәлімдеді. «Соңғы бірнеше жылда Аты­рау ауаның ластануы бойынша «көшбасшылардың» қатарында. 2020 жылы 100-ге жуық зиянды заттардың рұқсат етілген кон­центрациясынан асып кету жағ­дайы тіркелді. Тұр­ғындардың әлеуметтік желіде өңір­дің қын­жыларлық экологиялық жағ­дайына шағымдануы түсінікті. Атырау МӨЗ басшылығынан зауыт­тың шығарындылары туралы мәліметтерді жариялау жұмысын тездетуді сұрадым. Бұл ақпарат халыққа ашық болуы керек. Сон­дай-ақ қала басшылығының назарын ауаның жай-күйін LED-экрандарға шығару қажеттігіне аудардым» деп атап өтті М.Мыр­зағалиев. Айтпақшы, кездесуден кейін қоғам белсенділері Атыраудағы экологиялық проблемаларды шешудің жоспарын, жол картасын жасайтын болды. Таяу уақытта карта қабылданып, әкімдік оны жүзеге асыруды бастайды. Жақында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің пәрменімен тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, ауа құрамындағы күкірт сутегілерінің концентрациялары рұқсат етілген шекті шоғырланудан асуы анық­талып, ауаны ластайтын Атырау қаласының сол және оң жақ булану алаңдары екені анықталды. «Соңғы кездері Атырау қала­сының атмосфералық бас­сейнінің ластануы жиі қай­таланып, аталған деректер қала аумағындағы ауа сапасын бақылау стансаларының мәлім­еттерімен рас­талуда. Осы орай­да, ағымдағы жылдың 10 шіл­десіндегі түнгі уақытта Атырау облысы бойынша Экология департаменті Қазгидрометтің Атырау филиалымен және Атырау өңірінің эко-амбассадоры А.Хайруллинмен бірге Атырау қаласының атмосфералық ауа­сына мониторинг жүргізді. Мони­торинг жүргізу барысында қаланың атмосфералық ауа­сындағы ластаушы заттардың концентрациялары рұқсат етілген шекті шоғырланудан асқан жоқ. Сонымен қатар департаментпен қала аумағында орналасқан ауа сапа­сын бақылау стансаларының 2020 жыл­дың 12 шілдесіндегі мәліметтеріне талдау жүргізілді. Сондай-ақ Атырау қаласында ауа сапасының нашарлауына байланысты департамент «Аты­рау мұнау өндеу зауыты» ЖШС-іне жоспардан тыс тексеру тағайындап, қазіргі уақыт­та құзырлы органға тіркеуге жол­данған. Тексеру нәтижелерін қосымша хабарлаймыз», – деді ведомство өкілдері. Осы мәселеге қатысты кейінгі уақытта әлеуметтік желіде түр­лі жазба жариялап, өңірдегі экологиялық мәселемен күресіп жүрген атыраулық журналист Тәуірбек Бозекенов те пікір білдірді. las – Қаланы улап жатқан не­гізгі 3 ошақ бар. Біріншіcі – мұнай компаниялары. Екіншісі – қаладан шыққан тұр­мыстық қалдықтарды көмуге арналған полигон. Үшіншісі – қаланың екі жақ шетінде орналасқан қалдық суларды төгетін булану алаңы. Қайткен күнде де өңір тұр­ғындары Атыраудағы ауаның шамадан тыс ластануына алаң­даулы. «Айта-айта жауыр бол­ған мәселе тез арада ше­шімін тауып, тиісті шаралар қабылданса», – дейді жұрт. Осы орайда, профессор,  ҰҒА академигі Муфтах Диар­овтың «Атырау халқы бір түнде ұйқысынан оянбай қалуы мүмкін» деген сөзі еске түседі. Жағдайды жіті бақылауда ұстап отырмаса, жергілікті халық зардап шегері анық. Ендігі кезекте мәселе әр кез ашық талқыланып, елдің алдында нақты шешімін табуы тиіс. Әйтпесе, құр айқай мен әдеттегі жиналыстардан келіп кетер пайда жоқ.  

Абылайхан ЖҰМАШ