Хакерге қарсы киберқалқан
Хакерге қарсы киберқалқан
250
оқылды
Бес жылға жоспарланған бағдар­ламаның алғашқы кезеңі аяқталды. Екіншісі былтырдан бастап 2022 жылға дейін жалғасады деген жоспар бар. Бүгінде «Киберқалқан» шеңберінде Ұлттық координациялық орталық құрылып, киберқауіпсіздік мәселелері бойынша талқы жасайтын арнайы кеңес бар. 2019 жылы Қазақстанда ақпараттық қауіп­сіздікті бұзуға қатысты 21 мың жағдай тіркелген. Оның 17,7 мыңы  ботнетке байланысты. Яғни, зиянды бағдарлама жұқтырған компьютерлер желісі. Осы арқылы басқалардың рұқсатынсыз компью­теріне «қонаққа» барып, аралай алады. Ақпараттық қауіпсіздікке қол сұғудың келесі бір түрі – фишинг. Бұл – өзіне керек ақпаратты алу үшін жасалатын шабуыл. Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде фишинг кең таралған. Әсіресе, аккаунттарды тартып алып, банктегі ақпараттарды ұрлау фактілері жиі кез­деседі.  

 Грант саны 11 есе көбейді

Cybersecurity Ventures деректеріне сәйкес, 2019 жылы дүниежүзінде хакерлер шабуылы әр 14 секунд сайын жасалып отырған екен. Келесі жылы бұл жиілік, тіпті 11 секундқа өсуі мүмкін деседі. Сонымен қатар 2021 жылға қарай киберқылмыстардан келетін зардап мөл­шері 6 трлн доллар болады екен. Бұл – мамандар жасаған болжам. Әлемге қатер төнгенде біздің елдің де тысқары қалғаны жарамайды. «Қазақстанның кибер­қалқаны» осы үшін қолға алынды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақ­параттық қауіпсіздік комитеті Ақ­паратты қорғау құралдарын енгізу басқармасының басшысы Әсем Мәденова бағдарламаның алғашқы кезеңінің нәтижесі ойдағыдай дейді. «Бағ­дарла­маның орындалуына баға беретін алты көр­сеткіштің бәрі толықтай жүзеге асты. Ең басты нәтиже – интернетке шығатын байланыс және теле­комму­никациялық желілерінің арнайы ақпараттық бағ­дарла­малық кешендер арқылы қорғалуы. Оны Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарамағын­дағы мемлекеттік техникалық қызмет қадағалайды. Осы алаңда ақпараттық қауіпсіздікті үйле­стіретін ұлттық  орталық құрылды. Соны­мен қатар бүгінде ақпа­раттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тоғыз коммерциялық жедел орта­лық, 2 оқыс оқиғаларға ден қою қызметі ашыл­ды. Бұл шаралар ақпараттық қауіп­сіздікті ны­ғайтуға септігін тигізуі тиіс», – дейді Әсем Мәденова. Бағдарлама аясында кадр тапшылығын шешу де көзделген. Әсіресе, соңғы жылдары сұранысы артқан «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандығына түскісі келетін жастарға жол ашық. 2017 жылға дейін, яғни тұжырымдама қолға алынбай тұрып бұл мамандыққа бөлінетін грант пен қазіргіні салыстырар болсақ, 11 есе көбейген. Сала министрлігі өкілінің айтуынша, алдағы жылдары мемлекеттік грант санын 600-ден 2 000-ға дейін өсіру туралы жоспар бар. Ақпараттық қауіпсіздік саласы мамандарының тапшылығы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде бар.  

Ел дамыған сайын кибершабуыл да күшейеді

Әсем Мәденованың айтуынша, елдің әлеуеті артқан сайын кибершабуыл арта түсіп, алаяқтардың қызығушылығы көбейеді екен. «Көпшілігі ақпараттық қауіпсіздікке жақсылап ден қойылса, шабуыл азаяды деп ойлайды. Бұл – қате тұжырым. Керісінше, экономикасы, ақпараттық деңгейі неғұрлым жоғары болса, кибершабуыл соғұрлым көбейеді. Бірақ бір айта кететін жайт, есесіне соларға қарсы тұруға қабілетіміз де артып келе жатыр. Оның бір дәлелі – Қазақстан жаһандық киберқауіпсіздік индексінде 82-орыннан 40-орынға көтерілгені. Бұл индекс 93 мемлекет ішінде жүргізіледі. ТМД елдері ішінен тек Ресей мен Қа­зақ­стан ғана бар. Тұжырымдаманың екінші кезеңі нәтижесінде бұл индекстен 30-орын­ға шығуды жоспарлап отырмыз», – дейді басқарма басшысы. Кибершабуылдарды зерттеу және тал­дау орталығының директоры Арман Әбдірасылов тұжырымдамаға көңілі толатынын, мәселенің қаражатқа ғана тіреліп тұрғанын айтып отыр. «Бүгінде Қазақстанда 350-ден астам инфра­құры­лымдық аса маңызды объект бар. Бірақ «Киберқалқан» мониторингіне бірлі-екілі нысан ғана қосылған. Өйткені келісімге келу, бюджет жоспарлау сынды мәселелер бар. Әрі пандемиямен күреске көбірек күш салуы мүмкін. Мінеки, аса маңызды нысан иесінің заңды орын­дамауына нақты осындай себептер бар. Әлбетте, заңды орындауы тиіс. Бірақ солай екен деп өз қалтасынан қаражат шығар­масы анық. Ал мемлекеттік аппарат үш жылдық бюджетпен өмір сүреді. Ол үшін бюджетті қайта бөлу керек. Ал жалпы алғанда, тұжырымдама өте жақсы жасалған», – дейді орталық директоры. Мониторингке қосылуға міндетті аса маңызды объектілерден бөлек, жекелеген компаниялар мен ұйымдар қалауына қарай бірлесіп жұмыс істей алады. Әсем Мәде­нованың айтуынша, мемлекет бү­гінде оларды да ынталандырумен айна­лысып жатыр. Әйтсе де, тізімге енбеген мекеме­лердің еркі өзінде. Яғни, клиент­терінің деректеріне қауіп төнбегенін қаласа, жауапкершілік алып, ақпараттық қауіпсіз­дігін қамтамасыз етуіне болады.  

Дәмеміз зор, тек мақсат орындалса жақсы

2022 жылға қарай «Қазақстанның киберқалқанын» іске асырудан күтілетін оң нәтижелерге келсек, ақпараттық қауіп­сіздік қатері туралы сауат 2018 жыл­мен салыстырғанда 20 пайызға өсуі тиіс. Сонымен бірге осы салада қайта даярланған мамандар саны 800-ге жетіп, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардағы ақпараттандыру мен байланыс саласын­дағы бағдарламалық өнімдер үлесі артып, 2017 жылға қарағанда 50 пайызға көбейеді деп күтіліп отыр. Аса маңызды объектілер 2022 жылға қарай толықтай ақпараттық қауіпсіздік мони­торингі орталығына қосылуы керек. Киберқалқанның қандай пайдасы бар? Мұндағы мақсат – электронды ақпараттың қай түрін болсын, қорғау. Яғни, интернетте қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп, алаяқтар мен кибершабуылдардан жеке мәліметтерді сақтайды. Бұдан бөлек, халықтың ақпа­раттық-коммуникациялық техно­логиялар мәселесіне қатысты сауаты да артуы керек. Өйткені білместікпен түрлі зиянды бағдар­ламалар мен күмәнді порталдарға жеке мәліметтерді беретін жағдайлар аз емес. Жоғарыда атап айтқан, фишинг тәсілінде көп мәселе азаматтардың сауатты болуына тікелей байланысты. Жаһандық киберқауіпсіздік индексінде Қазақстанның 40-орын алатынын айттық. Ал халықтың кибер­қауіпсіздік қатерлері туралы ақпаратты білу көрсеткіші – 63 пайыз, ақпараттық қауіпсіздік саласы қызметкерлерінің қамтамасыз етілуі – 46 пайыз. Биыл бұл көрсеткіш  60 пайызға, 2021 жылы 80 пайыз болып, 2022 жылы 100 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр. Демек, киберқалқанды «оқ» өткізбейтіндей ету мақсаты сатылап орындалады.  

Жадыра АҚҚАЙЫР