Жамбылда асар дәстүрі жаңғырып келеді
Жамбылда асар дәстүрі жаңғырып келеді
396
оқылды
Негізі, жобаға әуел баста «Рухани жаңғыру» жобалық офисі жан бітіріп, ай­мақ басшысы тарапынан қолдау тапты.  Ал алғашқы үй Байзақ ауданында салына бастады.  Ынтымағы мен берекесі жарасқан Мәдімар ауылы тұрғындары көпбалалы ана Ғалия Құрмановаға  қол ұшын созды.   Ынтымақ ауылдық округінің әкімі Мейірбек Ноғаевтың төрағалығымен өткен ауыл кеңесінде  жалғызбасты ананың жылдар бойы жалдамалы пәтерде күн кешіп, бүгінде әке-шешесінің қолында тұрып жатқаны ескеріліп, оған ауыл болып үй салып беру шешімі қабылданған.  Ауыл тұрғыны Жамбыл Дәулетов  ескі  үйін бұзып, құрылыс материалдарын тегін беретінін жеткізген. Көпбалалы ананың ағайын­дары мен ауыл тұрғындары қар­жы­лай көмектесіп, ал жастар мен құрылысқа ебі бар жігіттер үй салып  беруге ұйғарым жасайды. Округ әкімінің шешімімен  15 сотық жер телімі бөлінгеннен соң, бірден құры­лыс жұмыстары қолға алынады.  Ауыл азамат­тарының  күшімен Жамбыл Дәуле­товтің  ескі үйі бұзылып, жарамды құры­лыс материалдарынан бөлек, қосымша  4 мың дана кірпіш құйылады. Қазір ауыл ағайындары 4 бөлмелі үйдің іргетасын құйып,   қабырғасын қалап бітірді. Енді ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.  Бұйырт­са қыркүйек айының басында көпбалалы ана  Ғалия Құр­мановаға үй кілті тапсырылатын болады.  Сонымен қатар Үлгілі және Бәйтерек ауылдарынан да  тағы екі отбасы жаңа үйге қоныс­танбақ.   – Дінімізде  мешіт салу немесе салдыру сауапты іс болып cаналады. Сондай-ақ аурухана, мектеп, көше, жол, көпір, үй тұрғызу мен  ауызсу тартудың  да сауабы мол. Алайда ауданда әр ауылдық округте 2-3 мешіттен болғандықтан, қазір  18 ауылдық округтен  мұқтаж жандарға  18  үй салуды қолға алып жатырмыз. Бұл бастамаға облыс әкімі  Бердібек Сапар­баевтың өзі тікелей қолдау білдіріп отыр­ғаннан кейін,  демеу­шілер мен ауыл ағайындары да  жұмыла үн қосуда, – дейді Байзақ ауда­нының әкімі Нұржан Нұр­жігітов. Иә, бұл қос қолдап қолдауға тұрарлық тірлік. Байзақтықтардың тындырымды тірлігі  көпке үлгі екені анық. Меркіліктер де игі істен шет қалмауда. Аталған  ауданда  жыл  соңына дейін тоғыз үй тұрғызу көзделіп отыр.  Атап айтсақ,  Сарымолдаев ауылдық округінің тұрғын­дары көпбалалы анаға арнап тұрғын үй салуды бастап кетсе, Ойтал ауылдық окру­гінде қамқор жандар екінші топтағы мүге­дектің отбасына үй салып беру үшін ақша жинап отыр. asar Ал Т.Рысқұлов ауылында ерте жастан ата-анасыз қалған жетім балаға  жаңа баспананың іргетасы қаланып біткен. Жалпы,  қазір  асар  жобасы  облыстың барлық ауданын қамтуда. Айталық, Шу ауданындағы аз қамтамасыз етілген 17 отбасы жаңа үйге көшеді десек,  Жамбыл ауданында тағы 10 отбасы қоныс тойын тойлайды деп күтілуде. Бұдан бөлек, осы жылдың соңына дейін облыста халықтық құрылыс әдісін қолдана отырып, барлығы 114 үй салынады.  Яғни, бұл ауылдастар  мен жергілікті билік­тің көмегімен көптеген отбасы  жаңа баспаналы болады деген сөз. Әрине, мұндай ауызбіршілікпен жасалған дүние қандай мақтауға да лайық. Ең бастысы, қазіргідей қиын жағдайда мұқтаж жандардың баспаналы болып қалатыны қуантады. Сондықтан өңірдің асар жобасы өміршеңді болсын деп тілейміз.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы