Түркістанда ежелгі мінәжат ету орны табылды
Түркістанда ежелгі мінәжат ету орны табылды
337
оқылды
Күлтөбелік ханака – XV ғасырдан XIX ғасырға дейінгі аралықта қызмет еткен мінәжат ету және жерлеу рәсімдері өткен сәулет ескерткіші. Мұнда кешеннің барлық үй-жайлары мен ғұрыптық залдарының қалдықтары ғана емес, дәруіш орденіне қызмет еткендердің сүйегі табылған. Мұндай ескерткіштер Түркістан об­лысындағы Отырар және Қаялық қала­жұрттарындағы екі қазақстандық ханаканы есепке алмағанда, отандық ғылымда іс жүзінде әлі белгісіз және аз зерттелген. Осыған дейін табылған ханакалар көлемі мен ауқымы бойынша күлтөбелік үлгіден едәуір кіші. «Күлтөбеден табылған ханака – Ясауи орденімен тікелей байланысты, ежелгі дәуірдің ең өзгеше құрылымдарының бірі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне  жақын (300 м арақашықтықта) орналасуы, жерленгендердің басының солтүстікке, яғни кесенеге қаратылуы – осыған дәлел. Сопылық және ортодоксальды исламның басты айырмашылығы қасиетті қабір­лер­ге табыну туралы И.Гальцье, В.Базилов, И.Стасевич және басқа да ғалымдардың еңбектерінде айтылған», – дейді жобаның ғылыми жетекшісі  Андрей Хазбулатов. Оның айтуынша, қасиетті молаларға табыну қоғамдастықтың негізін қалаушы немесе сопылық орденінің ерекше құрметті мүшесі жерленген жерлерде көптеген ортаазиялық және шығыс ханакаларының болғанын айғақтайды. Орта Азияда мұндай мысалдар өте көп. Сонымен бірге әулиелерге табыну – антикада ақсақалдарға және  әулеттің негізін қалаушыға табынуға жалғасатын Қазақстанның исламға дейінгі наным-сенімдерін байқауға болады. Айта кетейік, жобаға  Eurasian Resources Group қаржылық қолдау көрсеткен. Ғалымдардың айтуынша, көбіне жоғарғы билеушілердің немесе олардың өкілдерінің тапсырысы бойынша мұндай мекемелердің салынуы мешіттер мен медреселерді салу сияқты оң іс деп саналған. Әдетте, олар барлық мұсылман елінің қалалары мен жол бойында салынған. Күлтөбе қалажұртындағы ханака – жылыту пештері мен кішкентай тандырлары бар 10 бөлме­ден тұратын кешен. Ғимараттың оңтүстік-шығыс бөлігінде жерленген жерасты жеті табыты бар тікбұрышты пішінді кесене орналасқан. Кесене тікбұрышты (8 х 11 м) пішінді. Барлық жерленгендердің басы солтүстікке, яғни Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бағытталғаны ханаканың Ясауи орденіне жататыны туралы болжамды дәлелдейді. «Ханака кесенесінің оңтүстік, солтүстік және шығыс жағында тікбұрышты айналма галереялар аршылған, қабыр­ғалардың бір бөлігі шикі кірпіштен, ал басқа бөлігі күйдірілген кірпіштен және өзеннің үлкен қиыршық тастарынан жасалған. Кесененің батысында, ұзын меридиональды қабырға бойында оңтүстіктен солтүстікке қарай батыстан кіреберісте бір қатарда орналасқан 8 құжыра (шағын бөлме) орналасқан. Нысанның солтүстік-батыс бөлігінде жер үсті құрылымдары байқалмайды, мұнда тұрмыстық қажеттіліктер мен ұжымдық рәсімдерге қолданылатын айван  жабық террассасы болғанға ұқсайды», – дейді археолог Ерлан Қазизов. Мәдениеттанушы, жобаның бас ғылыми қызметкері Жанерке Шайкөзова­ның пікірінше, бұл ғимараттың бірегейлігі сопылық кешеннің архи­тектуралық тұжырымдамасында немесе шешімінде ғана емес, сонымен қатар Ясауи ордені өкілдерінің өмірі мен қызметінің көптеген қырын ашатынында. Ғалымдар табылған нумизматикалық материалды, сонымен бірге антропологтар мен генетиктердің адамның сүйек қалдық­тарын зерттеу жаңа мәліметке қанығуға және Қазақстан тарихының тағы бір «ақтаңдақ бетін» ашуға мүмкіндік береді деп үміттенеді.  

Айдана БЕГІМ