Экологияны қолға алмай, экономика өрге озбас
Экологияны қолға алмай, экономика өрге озбас
565
оқылды
Алматыда Тимур Нұртаевпен «ECOJER» Қазақстан өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығы филиалы өкілдерінің онлайн-кездесуі өтті. Экология Кездесудің мақсаты – экологиялық қауіпсіздікті нығайту, бизнесті экологияландыру, экономиканы экологиялық секьюритилендіру бойынша заңнамалық ұсыныстардың жалпы пакетін қалыптастыру. Тимур Таймасұлы экологиялық мәселелерге, әсіресе Алматының экологиялық ахуалын жақсарту жайына белсенді атсалысып жүр. Бұл күні негізгі бес тақырып бойынша мәселе талқыланды. Олар: стихиялық қоқыс полигондарымен проблемаларды шешу – Мемлекет басшысының бағытына сәйкес қалдықтарды қауіпсіз кәдеге жарату және қайта өңдеу бойынша Waste to energy (қалдықтарды қуатқа айналдыру) ұлттық бағдарлама; қоқысты бөлек жинау бойынша заң жобасын ілгерілету – шаруашылық жүргізуші субъектілердің қоқысты бөлек өңдеу жөніндегі міндеттемелерін заңнамалық бекіту және талаптарды бұзғаны үшін санкциялар енгізу; жасыл бизнесті заңнамалық деңгейде қолдау – экологиялық бағдарланған бизнесті мемлекеттік субсидиялау және салықтық жеңілдіктер шаралары; тұрақты даму мақсаттарына байланыстыра отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы атқарушы органның мәртебесін арттыру мен кең өкілеттіктері бар экологиялық қауіпсіздік жөніндегі мамандандырылған мекеме құру; экологиялық қауіпсіздік жөніндегі меморандум негізінде бірлескен іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу. Тимур Таймасұлы онлайн-кездесуге қатысушыларға осы тақырыптар туралы айта келіп, өз мамандығы құрылысшы болғанмен Қазақстан республикасының азаматы ретінде өзін экология мәселесі қатты алаңдататынына тоқталды. Кездесуде өңірлік экологиялық кеңестің мүшелері Максим Барышев, Евгений Мұхамеджановтар да өз пікірлерін ортаға салып, қоқыспен күрестің басы оны көп тастамау, көптеген қоқыс полигондары талапқа сай емес екенін айтты. – Тимур Таймасұлы ең алдымен осындай бастама көтергеніңізге рақмет. Сіз өз бағдарламаңызды таныстырып қана қоймай, экологиялық бастамаларыңыз бен осы салада жұмыс істеп жатқан ұйымдардың бастамасын ескеріп, нақты қадамдар жасай бастадыңыз. БАҚ өкілдері де осы мәселені көтеруге тиіс. Өйткені еліміздің дамуы үшін экологиялық қауіпсіздік негізгі стратегиялық бағыт. Егер бұрын мемлекеттің дамуы үшін ең басты орында тұрақтылық пен халықтың тату-тәтті өмір сүруі болды десек, әрине бұл факторлар әлі де маңыздылығын жойған жоқ, бірақ пандемия экологиялық қауіпсіздіктің де осы қатарда екенін көрсетті. Неге десеңіздер, экологияны басты назарда ұстаған мемлекеттерде ковидке қатысты көрсеткіштерде өлім-жітімнің аз болуы мен осы індеттен емделіп шыққандардың көп екенін байқауға болады. Бұл – өте маңызды мәселе, – деді өңірлік экологиялық кеңестің төрағасы Қазыбек Шайх. Онлайн-кездесуге қатысушылар «Nur Otan» партиясының экологияны қорғау мәселесінде белсенділік танытып отырғанына тоқталып, өзге партиялар да осындай маңызды мәселелерде белсенді үн қосса екен деген тілегін білдірді. Өйткені бәріміздің мақсатымыз бір. Ол – халқымыздың денсаулығы мықты болғаны мен болашақ ұрпағымызға таза ауа мен таза су қалдыру.