Ақтөбеде коронавирус жұқтырған балалардан Кавасаки синдромы анықталды.
"Ересектерде КВИ тромбоэмболияны, балаларда Кавасаки синдромын тудырады. Дене қызуы көтеріледі, әлсіздік, сонымен қатар аллергиядағыдай қолда, аяқта бөртпелер пайда болады, денеде сирек кездеседі, тахикардия да байқалады. Балалар КВИ-ға аса сезімтал емес деген ой қалыптасқан. Бірақ оған алданбаңыз. COVID-19 жұқтырғандардың 80 пайызы симптомсыз науқастар, бұл ретте ауру асқынып, атап айтқанда, балаларда Кавасаки синдромы пайда болуы мүмкін", - деді Ақтөбе облысының бас инфекционисі Мейрамбек Құрманғазин.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Данияровтың айтуынша, облыстық балалар ауруханасындағы екі балада мультисистемалық қабыну синдромы расталған. Олар 5 және 15 жаста. Олар ауруханаға ауыр халде түскен, алайда қазір қарапайым палатаға ауысқан, өмірлеріне қауіп жоқ.
"Дәрігерлер педиатрия және балалар хирургиясы институтының медицина ғалымдарымен телемедицина сеанстарын өткізді, ем жүргізіліп жатыр. Кавасаки синдромына күдікпен ауруханаға 5 бала түсті, үшеуінен диагноз расталмады", - деді Данияров.
Медицина қызметкерлері ата-аналарға COVID-19 асқынуының алғашқы белгілері пайда болғанда дәрігерге жүгінуге кеңес береді. Науқастарды оқшаулап, тез арада емделуге кірісу қажет.
Кавасаки ауруы (Кавасаки синдромы деп те атайды) - 1967 жылы оны алғаш рет сипаттаған жапон дәрігерінің есімімен аталатын сирек кездесетін ауру. Онда ең алдымен қан тамырлары қабынады, дене бөртеді, бездер ісінеді және ерін кебеді. Ол бес жасқа дейінгі балаларға ғана әсер етеді.