Аntikor орталығында «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің биылғы алты айда атқарған жұмысы қорытындыланды. Брифингке «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Дәрменқызы, Ақпараттық үгіт-насихат штабының жетекшісі Қасымхан Төлендиев және Арнайы мониторинг тобының мүшесі Бауыржан Мурбеков қатысып, есепті кезеңдегі жұмысты баян етті.
Жалпы, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы өткен жылы нәтижелі болған. Әсіресе, мониторингтің топтартың тексерісі жемісін берген. Мәселен «Сапалы жол» акциясы аясында жыл басынан бері 27 қоғамдық мониторинг жүргізіп, оның негізінде жол сапасының бұзылуына қатысты 47 кемшілік анықталған. 40 факті бойынша жол жабындылары қалпына келтірілсе, 7 дерек бойынша тиісті жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде 15 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, 200 мың теңгеден аса айыппұл салынған. Тұрғын-үй саласыдағы мониторинг жұмыстары да жүйелі жүргізілген.
Атап айтсақ, 2019 жылы жөндеуден өткен 13 үйдің сапасы зерделеуден өтіп, оның 3 үйі бойынша мердігер компаниялардың 7,4 миллион теңгеге толық атқарылмаған жұмыстарының актілері тұрғындардың білместігінен қабылдағаны белгілі болған.
«Жамбыл – адалдық алаңы» менеджерлері облыс әкімдігі жанынан құрылған жедел топ құрамына енгізіліп, күнделікті Тараз қаласында орналасқан дәріханаларға да тұрақты түрде мониторинг жүргізуде. Қазіргі таңда 58 дәріхана және 6 дәрілік қоймалар мен аурухана қызметі зерделенген. Нәтижесінде бағалардың қымбаттауы мен дәрілік заттарды заңсыз сату бойынша 20 факті анықталған. Оның ішінде дәрілік заттарды сату ережелерін бұзғаны үшін 4 әкімшілік хаттама толтырылып, 388 920 теңге көлемінде айыппұл салынып отыр. Ал мемлекеттік тізілімінде тіркелмеген дәрілік заттардың сату дерегі бойынша 4 әкімшілік хаттама сотқа жолданған.
Арнайы мониторингтік топтың мүшелері көліктік бақылау инспекциясымен бірге жүктерді тасымалдау кезіндегі салмақтың рұқсат етілген өлшемдерінің нормаларын сақтауына да тұрақты түрде тексеру жүргізуде. 1 айлық бірлескен жұмыстың нәтижесі бойынша жүк тасымалдау кезіндегі талаптарды сақтамаған жүргізушілерге 10 000 000 теңгеге жуық айыппұл салынған.
Тұрғын жай - коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі және «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС арасындағы абаттандыру және көгалдандыру келісімшарты бойынша атқарылған жұмыстарға жүргізілген зерделеуге келсек, көгалдандыру жұмыстары бойынша 7 миллион теңгеге жуық жұмыс орындалмағаны анықталып отыр. Бұдан бөлек, 2020 жылдың басынан облыстық, аудандық және қалалық өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары тарапынан көтерме сауда базарларында және фитосанитариялық бақылау бекеттерде 31 жеке және заңды тұлғаларға фитосанитариялық талаптарды бұзғаны үшін 2 225 730 теңге айыппұл салынған. Міне, осылайша Әулиеатада «Жамбыл - адалдық алаңының» жұмысы жойқын болып тұр. Тіпті, мониторингтік топтың келе жатқанын естіген елді мекендер естерін жиып, кемшіліктерін тез түзетуге тырысатын күйге жеткен.
Негізі, «Адалдық алаңы» жобасы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 5 қазандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында құрылған. Міне, жоба жанданған күннен жемқорлықтық жолын кесіп, өміршеңдігін дәлелдей түсуде.