Жамбыл облысында қылмыс деңгейі 34 пайызға азайған. Бұл жайында облыстық Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов жеті айды қорытындылаған жиында баян етті.
Оның сөзіне сүйенсек, өңірде ұрлық, тонау, зорлық, бопсалау және заңсыз есірткі бизнесіне қатысты қылмыстар айтарлықтай азайған екен. Бұрын сотты болғандардың қолымен жасалған қылмыстар 39 пайызға төмендесе, мас күйіндегі қылмыстар да 35 пайызға қысқарған.
Ал жасөспірімдер арасындағы қылмыс 38 пайызға төмендесе, жол көлік оқиғалары 24,3 пайызға кеміген. Бір сөзбен айтқанда әлемдік пандемия кезінде тараздық тентектер «тұсауланып», қылмысқа құрық салынған.
Әрине мұндай көрсеткіштер жан жадырататыны анық. Алайда аймақта мал ұрлығы әлі де азаймай тұрған секілді. Олай дейтініміз бір жеті бұрын Қордай ауданында шопандардың өздері бағып жүрген малдарын ұрлағаны анықталса, күні кеше Т.Рысқұлов ауданында барымташылар 122 бас қойды қорадан айдап алып кеткен. Келтірілген жалпы шығын 4 миллион 880 мың теңгені құраған. Абырой болғанда аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел әрекет етіп, 109 бас қойды құмда айдап бара жатқан 46 жасар Т.Рысқұлов ауданының тұрғынын құрықтады. Кейіннен оның 41 жасар сыбайласы болғаны анықталды. Ол Қырғызстан Республикасының азаматы. Оған іздеу жарияланып отыр.
122 бас қойдың 109 басы құмнан табылса, қалған 13 қойды тәртіп сақшылары Луговой ауылы маңынан анықтап отыр. Барлық мал иесіне қайтарылды. Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 3-бөлігі 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Жалпы он күннің ішінде осындай екі бірдей үлкен барымташылық қылмыстың тіркелгені жақсылық емес. Оған қоса бір фактіде қылмысқа шопандардың өздері барған болса, екіншісінде аудан тұрғыны ауылдасының малын қорасынан айдап әкеткен. Бұл қара халықтың ашыққанын немесе ұрылардың еркінси бастағанын білдіреді. Сондықтан облыстық Полиция департаментіне қазір бар күшті осы бағытқа жұмылдырған жөн болар. Себебі басқа бағытта онсызда қылмыс төмендеп жатқанда, өзге тұстарымызды қымтамп алсақ ешкім қой демес.