Білім министрі әр ұстазға жеке-жеке хат жолдады
Білім министрі әр ұстазға жеке-жеке хат жолдады
фото: ашық дереккөз
577
оқылды
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің барлық ұстаздарына арнап хат жолдады. «Қымбатты әріптес! Сіз осы қиын кезеңнен отбасыңызбен бірге аман-есен өтіп, денсаулығыңызға еш қауіп төнбейтін жағдайда жүрсіз деген үміттемін. Сізге пандемия жағдайындағы баға жетпес ұстаздық еңбегіңіз үшін, жанкешті жұмысыңыз бен кез келген уақытта балаларымызға тіреу болуға деген ізгі ниетіңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Біз сізбен осынау қиын уақытты еңсеру жолындамыз. Коронавирус пандемиясы баршамыздың тұрмыс-тіршілігімізге әсер етті. Сүрінбей өтуге тиіс түрлі сынақтарға толы уақыт басталды. Осыдан жарты жыл бұрын мұндайды тіпті елестетпеген едік. Өкінішке орай, жақын адамдарымыздан айырылып жатырмыз. Білім және ғылым жүйесі адами құндылықтарды дәріптеген, ұрпақты тәрбиелеп, білім берген арда азаматтарынан – сала ардагерлерінен, біздің қымбатты әріптестерімізден айырылуда. Туыстары мен достары көз жұмған әріптестерімнің қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Дәл қазіргі қиын кезеңде жақындарымыз бен өз өміріміздің, денсаулығымыз бен қауіпсіздігіміздің маңызы мен қадірін түсініп, бағалауды үйреніп жатырмыз. Кез келген қиындық бізді шыңдай түсіп, сынақтар жігерімізді қайрап, рухымызды мықты етеді», - деп жазылған министрдің әрбір мұғалімге жолдаған хатында. Министр осы қиын кезеңде бірге болумыз қажеттігін айтады: «Біздің күшіміз – біздің бірлігімізде. Біз кез келген қиын міндеттерді бірде-бір баланы ескерусіз қалдырмай, бірлесе отырып шеше аламыз. Әріптесім, сізге мынаны айтқым келеді! Қазір бізге балаларымыз бен олардың болашағы үшін және тек білімі ғана емес, денсаулығы мен моральдық жағдайы үшін де үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Оқушыларымыздың мейлінше қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына қажетті жағдайдың барлығын жасауымыз керек», - деді. Осы орайда ол ұстаздардың тек мектепте ғана емес, өмірде де көшбасшы екеніне сенім білдірді. «Жағдай орнығады. Дәрігерлермен бірігіп біз індетті бірге жеңеміз, бұрынғы өмір біртіндеп қалпына келе бастайды. Оған дейін бәріміз оқушылар мен ата-аналарға және бір-бірімізге тіреу бола білуіміз қажет. Алғыс айтудың ешқашан артықшылығы болмайды. Сондықтан мен сізге төртінші тоқсанда атқарған ерен еңбегіңіз үшін тағы бір мәрте рақметімді айтқым келеді. Сіз – нағыз батырсыз. Сіздің қуатты қолдауыңызды сезініп отырмын. Сол себепті де ертең балаларымыздың білімін жетілдіру жолында еш кедергі болмайтынына сенемін», - деп жазды А.Аймағамбетов. Министрдің бұл хаты 8 тамыздан бері еліміздің барлық өңіріндегі ұстаздарға электронды жеке поштасына жолдануда.