Қорғаныс министрлігінің арнайы мақсаттағы әскери-медициналық жасағы Бейрутқа аман-есен жетті, - деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Бейрут халықаралық әуежайында жасақты Қазақстан Республикасының Ливан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Ержан Қалекенов, Ливан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілі бригадалық генерал Аби Карам және Ливан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Али Дирани қарсы алды.
"Біз Ливанға көмек көрсетудегі Қазақстанның осы игі ісін бағалаймыз және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз", - деді Ливан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Али Дирани.
Еске салайық, 8 тамызда таңертең Қазақстан Президенті - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысының тапсырмасы бойынша порттағы жарылыс салдарынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін құрамында 29 әскери дәрігер мен 4 аудармашысы бар топ Бейрутқа жіберілген болатын.
Бейрут портының ауданында 4 тамыз күні кешке жойқын жарылыс болды. 150-ден астам адам қаза тапты, алты мыңға жуық адам зардап шекті, 300 мың тұрғын баспанасыз қалды. Жойқын жарылыс кезінде Қазақстан консулы зардап шекті.