Квота емес, мотивация!
Соңғы уақытта шетелдік «праймериз» сөзі елімізде жиі-жиі айтылып, құлаққа сіңіп жатыр. «Nur Otan» партиясының партияішілк іріктеу бастамасына, әсіресе жастар мен әйелдер қауымы ерекше ықыласын білдіруде. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясының, жастар ұйымдарының белсенділері праймеризге қатысуға ниетті. Оған себеп – кандидаттардың 30 пайызы әйелдерден, 20 пайызы жастардан құралуы тиіс деген заңмен бекітілген, квотамен айшықталған бастама. Жалпы, саясатқа, заң шығарушы органдарға әйелдерді квота арқылы тарту қаншалықты дұрыс? Таяуда «Вашингтон Таймз» басылымына Қазақстандағы саяси процестер туралы сұхбат берген Лондон саяси-зерттеу орталығының қызметкері Джесси Джейн Дафф: «Партия енгізген квота бөлу бастамасы Қазақстандағы демократиялық реформалар мен даму деңгейінің үлкен көрсеткіші» деп жоғары баға берумен қатар, қос квотаның жастар мен әйелдер үшін үлкен мотивация екенін аңғарған еді. Расында да, квота бөлу, әсіресе ең әлсіз әлеуметтік топ – көпбалалы және жалғызілікті аналар мәселесіне оңтайлы әсер етер ме екен? Сарапшылар бұған оптимистік көзқараспен қарайды. Сенатор Дана Нұржігіт «Сенатта талқыланып қабылданған, заң жүзінде белгіленген квота бөлу мәселесінің іс жүзінде қалай жүзеге асатынын праймериз көрсетеді», – дейді. Өз кезегінде Сенат депутаты: – Бүгінгі таңда атқарушы билікте, бизнесте аз болса да әйелдер қауымы бар. Жалпы, әлеуметте, қоғамда аналар позициясының орны бөлек. Біріншіден, ананың мүддесі – отбасының мүддесімен, ал отбасының мүддесі – Отанның мүддесімен тікелей байланысты. Оның кәсібі, жолдасының жұмысы алға жылжыса, отбасы мен қоғамның берекесі де сол болмақ. «Отан отбасынан басталады» деп тектен-текке айтпайды. Отанның кіндігі отбасында жатыр. Ал отбасы – кішкентай отанының мүддесі әйел үшін аса маңызды – деп ойын түйіндейді. Саяси карьерасын оңтүстік өңірде әкімдіктен бастап Парламент Мәжілісінің депутатына дейін көтерілген қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы праймериздің әйелдер үшін үлкен мүмкіндік екенін алға тартады. – 1985 жылы Орталық комитеттің шешімімен кез келген билік органына, басшылыққа 30 пайыздан кем емес әйел қауымы келуі керек деген қаулы шыққан еді, – деп бастайды әңгімесін экс-депутат: «Соған ілінген азаматтардың бірімін. Сол кезде Шымкенттегі 22 ауданға басшылық етуге 22 әйел барды. Құдайға шүкір, соның ішінен зейнетке дейін билікте ел мүддесі үшін қызмет еткен бір-екі адам қалдық. Сондықтан квота бөлу мәселесі дұрыс. Өйткені қазір денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің 70-80 пайызы – әйелдер, білім беру саласында – 90 пайыз, әлеуметтік, қоғамдық мәселелерде де қыз-келіншектер белсенді. Олардың заң шығарушы органдарда болуы шарт, мұнымен толығымен келісеміз. Бірақ «мынау әйел, мынау еркек» деп бөлуге не таңдауға болмайды. Ер-азамат та, әйел де елге еңбегімен еленген адам болуы керек», – дейді. Ал әлемдік тәжірибе нені көрсетеді? Еуропа елдерінде «позитивті дискриминация» деген ұғым қалыптасқан. Еуропа мемлекеттері сотының шешіміне сәйкес, егер қандай да бір лауазымды қызмет үшін кәсіби деңгейі, білімі бірдей ер мен әйел таласқа түссе, онда бірінші кезекте әйелді қызметке алу міндеттеледі. Еуроодақ елдерінде квота беру бастамасы бизнеске де таралады. Мәселен, Норвегия, Исландия, Франция, Германияда компаниялардың директорлар кеңесінің 40 пайызын әйелдер құрауы керек. Іс жүзінде сандар талапқа сәйкес. Ал Исландияда тіптен директорлар кеңесінің 44 пайызын әйелдер алып отыр. Екінші жағынан мамандар парламент, үкімет пен жергілікті атқарушы органдарда дәстүрлі түрде ерлерге – экономика, қаржы, саясат мәселесі, ал әйелдерге – медицина, білім беру сияқты әлеуметтік мәселелердің берілуі алалау деген пікірде. Яғни, күшті салалар – ерлердікі, әлсіз салалар – әйелдердікі дегендей алалаушылық тағы туындайтын сияқты. Бұған да тиісті құрылымдар жол бермейміз деп отыр.Депутатқа қояр талап қандай?
Сарапшылар праймериздің арқасында жаңа есімдер шығып, тың идеялар көтеріледі деп сенеді. Бұл тұрғыдан болашақ депутатқа қойылар талап та жоғары. Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы: – Депутаттыққа ұсынылатын әйел мемлекеттік тілді жетік білуі керек. Қазақтан шыққан үміткер өз ана тілі – қазақ тілін білсе, өзге этнос өкілдері мемлекеттік тілді білуге міндетті. Қазақстанда мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері жеткілікті. Соңғы санақта 1 млн 350 мың славян тектес халық өкілдері «мемлекеттік тілді білеміз» деп жауап берген. Бұл – жақсы көрсеткіш. Жалпы, әйелдердің сөзі, ұстанымы, әсіресе әлеуметтік мәселелер көтеріліп, тиісті заң қабылданар кезде аса қажет. Көпбалалы аналар да мәселелерін шешу үшін қоғамдық ұйым құрып, өз деңгейінде көтере білсе, құба-құп. Қоғамда айтылып отырған тағы бір мәселе – заң шығарушы органдарға кәсіби білікті заңгерлердің тартылуы. Шыны керек, елімізде қабылданып жатқан заңдарға сын көзбен қарайтын азаматтар да баршылық. Оның үстіне, заң шығарушы бастамасы бар органдар – Үкімет пен Парламентте заң жобалары көбіне-көп орыс тілінде дайындалған соң мемлекеттік тілдегі жобалар «калька аударма» деңгейінде қалып отыр. Бір қуантарлығы, бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына кіретін әртүрлі этникалық топ өкілдері мемлекеттік тілді өз деңгейінде меңгеріп алыпты. Мәселен, партияішілік іріктеу – праймеризге қатысуға ниетті жастар қазақ тілінде сайрап тұр. Бұл тұрғыдан егер ұсынылған кандидат екі категория, яғни жастар мен әйелдер санатында болса, оның сайлану мүмкіндігі де еселеп артуы тиіс. Сарапшылар ассамблеядан мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың билікке келуін оң бастама деп бағалайды. Бұл мемлекеттік тіл аясында тек қазақ халқының ғана емес, өзге этникалық топтардың да бас біріктіріп отырғанын көрсетеді. Яғни, қазақ тілінің біріктіруші фактор ретінде дәрежесі де күн санап артып келеді.Кәмшат ТАСБОЛАТ