Бізде бір шенеунік ұсталса, бірден басшысы отставкаға кете ме деген мәселені талқылай жөнелетін әдет бар. Иә, Елбасы бірнеше жыл бұрын жемқор қызметкердің басшысы өз еркімен қызметінен кетуі керек деген-ді. Бірақ бұл сөз былтыр ғана нормаға айналды. Ал жыл басынан бері бір облыс әкімі мен бір аудан әкіміне жемқорлыққа қатысты айып тағылды. Ел сот шешімін күтіп отыр. Себебі сот үкімі жемқор шенеунікке ғана емес, оның бірінші басшысына да қатысты болмақ.
Елорда әкімін не күтіп тұр?
Нұр-Сұлтан қаласына қарасты Байқоңыр ауданының әкімі пара алды деп айыпталды, бірақ ол қылмыс үстінде ұсталмаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері шенеунікті жүйелі түрде пара алады деген күдікпен сыртынан бақылауға алған екен. Соңында әкімнің туысы – Нұртазин деген адамның аудан әкіміне ақша мен бағалы сыйлықтар бергенін анықтапты. Шенеуніктің кінәсін Есілов пен Нұртазиннің телефондағы әңгімелерінің жазбасы, әкім үйін тінту кезінде табылған iPhone растайды. Тауардың кепіл құжатында «сатып алушы» деген бағанда Нұртазиннің тегі көрсетілген, сондай-ақ ұялы телефон сатып алынған «Есіл» сауда үйінің ұялы телефон сатушысы да бұл фактіні растаған. Шенеуніктің туысының аудан әкімдігімен өзара байланысы барын осы жағдайға қатысты сұрақ-жауап алынған мемлекеттік орган қызметкерлері де растапты. Тергеудің болжамы бойынша, Нұртазинмен байланысты компания 72 миллион теңгеге жалпы аумақты абаттандыруға тендерден тапсырыс алған. Міне, осы деректің негізінде А.Есілов Қылмыстық кодекстің 366-бабы, яғни «Пара алу» бойынша күдікті ретінде танылды, ал Нұртазин Қылмыстық кодекстің 367-бабы 2-бөлігі бойынша «пара берді» деп айыпталды. Әрине, бұл істің ақ-қарасын сот анықтайды. Егер Есіловтің жемқорлық қылмысы дәлелденсе, онда елордалық әкім соттың айыптау үкімі күшіне енген соң, 10 күн ішінде отставкаға кету туралы өтініш беруі керек. Бұл өтінішті «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, өзін осы қызметке тағайындаған Президентке жібереді. Астаналық әкімнің отставкасы Мемлекет басшысының қандай шешім қабылдайтынына байланысты. Ал кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Нұр-Сұлтанның әкіміне жылы қабақ танытып отырды. Сондықтан «Есілов ісі» үшін елорда әкімінің бас ауыртпауына болады.Комиссия жауап берсін!
Қоғам қайраткері Дос Көшім төмен буын басшының қылмысы үшін өзінен жоғары тұрған басшы жауап берсін дегенді қолдамайтынын айтады. Оның пікірінше, мұндай жағдайда қала басшысы емес, аудан әкімін қызметке тағайындауға келісім берген комиссия жауапты болуы керек. Себебі оны мемлекеттік қызметке қабылдарда комиссия жұмыс істеді, сондықтан бірінші кезекте саяси қызметшіні қызметке өткізген комиссия мен комиссия мүшелері жауап беруі тиіс. – Өйткені олар іріктеу кезінде кадрдың кемшілігін байқай алмады, не «бармақ басты, көз қыстыға» жол берді. Ендеше комиссия сенім білдіріп өткізген кадрдың жемқорлығы үшін неге министр мен әкім жауап беруі керек? Ал отставкаға кету-кетпеуді заңмен міндеттемей, басшының еркіне қалдыруы керек еді. Осы тұста 1960 жылдағы Германия канцлері Вилли Брандтың отставкасы есімізге түсіп отыр. Сол жылы Германияны социал-демократтар билеп тұрды. Сонда бір министрдің хатшысы Шығыс Германияның жансызы болып шықты. Осы оқиғадан соң канцлер Вилли Бранд отставкаға кетті, ол «мен тағайындаған адамның хатшысы жансыз болса, ол – менің кемшілігім» деді. Бұл – әр адамның ішкі мәдениетіне байланысты дүние, – дейді Дос Көшім. Оның айтуынша, бұл шешімді әр шенеуніктің ар сотына қалдырған жөн. Бірақ осы күнге дейін өзі де солай болып келді емес пе? Қол астындағы қызметкері жемқор болса, басшысы отставкаға кету керек деген Елбасы пікірін елегендер болды ма? Еске түсіре алмай тұрмыз. Ал соңғы жылдары отставкаға кеткен әкімқаралардың қол астындағы қызметкерлердің жемқорлығына қатысы жоқ. Мысалы, 2018 жылы Өскемен қаласы әкімі Қуат Тұмабаев адам қағып өлтірген көліктің ішінде болғаны үшін басы дауға қалып, қызметімен қош айтысты. Онда да ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің сынынан кейін қызметтен кету туралы шешім қабылдады, әйтпесе қызметін жалғастыра берер ме еді? Ал 10 күн бұрын Атырау қаласының әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында қызметтен кеткенін айтып, елмен емен-жарқын қоштасты.Ар сотына салсақ...
Ал орынбасары парамен ұсталған Жаңаарқа ауданының әкімі қызметімен қоштасады дегендердің үміті ақталмады. 2019 жылдың мамырында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған жиында жемқорлық бойынша қол астындағы қызметкерлердің қылмыстық әрекеті үшін бірінші басшының жауапты болатынын айтқанымен, бұл нормаға қарашада ғана заңға енгізілді. Ал жаңаарқалық әкімнің орынбасарына қатысты сот үкімі қазан айында шықты. Сөйтіп, Жаңаарқа ауданы әкімінің бірінші орынбасарына 200 мың теңге пара алғаны үшін 6 млн теңге көлемінде айыппұл төлеу міндеттеліп, мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салынды. Аудан басшысына қатаң сөгіс берілгенімен, ол орнында қалды, ар сотына салып отставкаға кете қоймады. Ол түгілі кезінде орынбасарлары істі болған министрлер де отставкаға кетуге асықпаған. Тіпті, Әділет министрі «біреудің қылмысы үшін неге мен жауап беруім керек?» деп ашуға мінген. Тек Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қана батыл жауап берген. «Орынбасарымның қылмысы дәлелденіп, сот үкімі шықса, қызметімнен кетемін, қызмет қуып жүрген адам емеспін, қалған ғұмырымды немерелерімді тәрбиелеуге арнаймын» деп еді. Бағы болса керек, орынбасарына тағылған айып дәлелденген жоқ. Өзі де, орынбасары да қызметін жалғастырып жүр. Айтқандай, 2018 жылдың маусымында Алтынсары Үмбетәлиев Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жетекшісі болып жүргенде орынбасары жемқорлық дауына ілікті. Үмбетәлиев ойланып тұрмады, отставкаға кетті. Мұндай жағдай өте сирек. Мысалы, 2009 жылы орынбасары ірі көлемде парамен қолға түскен соң, Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы әкімі өз еркімен қызметтен кеткен екен. Олар ар сотына жүгінді, шешім қабылдады.Жаңа заңның осал тұсы
Былтыр қосшысының қылмысы үшін басшысы жауап беретін норма енгізілгенде, көктен күткені жерден табылғандай қуанғандар болды. Себебі қоғамда орынбасары жемқор болса, басшысы сау дейсің бе деген түсінік қалыптасқан. Қанша адам болса, сонша пікірдің айтылуы заңды да. Ал жаңа норма жемқорлықты қаншалықты азайта алады? Әлеуметтанушы Серік Бейсенбаевтың айтуынша, жаңа норманың қандай нәтиже берерін болжауға ерте, бірақ белгілі бір деңгейдегі қатерін ескеру қажет. – Бұл коррупцияны жеңуге мүмкіндік беретін заң болып көрінгенімен, оған дәл қазір баға беру қиын. Жарты жыл өткен соң қорытынды шығаруға болар. Алайда қандай тәуекелдер болатынын ескеруіміз керек. Мысалы, аудан әкімі жемқорлық үстінде ұсталса, онда облыс әкімі қызметтен кетуі керек. Өзінің қызметтен кету қаупін білетін облыс басшысы өз орнын сақтап қалу үшін іске белгілі бір түрде ықпал етуі ықтимал. Содан іс әділ қарастырылмауы мүмкін, осындай қатерлер ескерілуі керек, – дейді ол. Осы тұста 18 қаңтарда Алматы қаласына қарасты Алатау ауданының экс-әкімі мен оның орынбасары, аудан әкімі аппаратының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының жемқорлық ісі бойынша қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғанын еске алуға тұра келеді. Олар Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген. Қызығы сол, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет таратқан хабарламаның алғашқы нұсқасында Ш.Рыспаев «аудан әкімі» деп көрсетілді, кейін «экс-әкім» деп түзетілді. Біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметінен осының мән-жайын, сондай-ақ Рыспаевтың нақты қай күні ұсталғанын сұрап ек, «бұл құпия мәлімет» деген жауап алдық. 18 қаңтарда ұсталғанын да растамады. Егер жемқорлық қылмысына қатысты ұсталғандарды алдын ала тергеп, одан БАҚ-қа ресми ақпарат таратуға дайындалуға біраз уақыт кететінін ескерсек, онда Рыспаев 18-інен бұрын ұсталған болмай ма? Біздің білетініміз, экс-әкім 17 қаңтар күні өз еркімен қызметінен босатылған және сол күні-ақ оның орнына су жаңа әкім тағайындалған. Бұл кездейсоқтық па?..P.S:
Қалай болғанда да, жаңа заңға сәйкес, енді мемлекеттік саяси қызметшілердің арасында орынбасарының жемқорлығы үшін басшысы отставкаға өтініш жазады, бірақ бұл оның қызметтен кететінін білдірмейді, себебі шешімді басшыны тағайындаған басшы қабылдайды. Заң солай дейді. Бірақ сол заңда министр мен облыс және республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің жемқорлық қылмысына қатысты кімнің жауапты болатыны анық емес. Бәлкім, заң жобасын жасағандар министрлер мен әкімдердің жемқорлыққа үйір болмайтынына бек сенімді болды ма екен? Бірақ күні кеше елді елең еткізген «Бақауов ісін» ескерсек, заңды қайта түзеу керек болмай ма? Егер министр мен облыс әкімінің жемқорлығы сотта дәлелденсе, кімнің отставкаға кететіні белгісіз. Мұндайда «ет сасыса, тұз себер, тұз сасыса не себер?» деген тәмсіл еске түседі екен...