Қоғамдық орындарда қорқор, электронды темекі және темекі өнімдерінің барлығын шегуге болмайды. Аталған орындардың қатарына балалар алаңы, автобус аялдамасы, метро және жер өткелдері де енді. Нұр-Сұлтандағы жергілікті полиция қызметінің бастығы Ғосман Жакиннің айтуынша, тәртіп бұзғандардың тұрақты тіркеуі тексеріліп, айыппұл салынады. Сондай-ақ темекі мен түрлі қоспаны тек 21 жастан бастап сатып алуға рұқсат етіледі. Сатушылар тұтынушыдан жеке құжатын көрсетуді талап етуі керек.
– Біздің жастар әртүрлі орында қорқорды жиі шегеді. Жақында кафелерде, қоғамдық орындар мен көшелерде оларды пайдалануға тыйым салынады. Сондықтан адамдар қорқорды тек үйде ғана тарта алады, – дейді алкоголь және темекі өнімдерін сату қауымдастығының атқарушы директоры Темірлан Жақыпбеков.
Мейрамхана сөрелерінде темекі мен қорқор қоспалары көрсетілмейтін болды. Тәртіп бұзған азаматтар 42 000 теңге айыппұл төлейді. Жалпы, жаңартылған заңда қоғамдық орындарда темекі шегуге толық тыйым салу қарастырылған. Ал бұл кальян барлар карантиннен кейін жабылатынын айғақтайды. Аталмыш ереже келесі жылдан бастап толықтай күшіне енеді екен.
Жуықта елорда әкімдігінің мобильді тобы қаладағы бірқатар мейрамхана мен кафеге рейд жүргізді. Тексеріс кезінде келушілерге қорқор ұсынған бірнеше мекемені анықтады. Оларға санитарлық нормалар мен ережелерді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктеледі. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Құқық қорғау органдары, санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерлер мен БАҚ өкілдерінен тұратын мобильді топтың бірінші сапары «Мәскеу» бизнес орталығының ғимаратында орналасқан мейрамхана болды. Мейрамханаға келушілер әкімшілік эпидемиологтар мен полицейлерге қорқорды қоғамдық орындарда қолдануға тыйым салынғанын білмегенін айтып ақталды.
– Аталған мекеме бойынша құқықбұзушылық тіркелді. Карантин режимін сақтамай, ереже бұзылған. Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, қоғамдық орындарда қорқор шегуге тыйым салынады. Бұл жағдайда мекеме әкімшілігінің әрекеті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 463-бабына, 3-бөліміне жатады, – деді Есіл аудандық тауар мен көрсетілген қызметтердің сапасын бақылау басқармасының басшысы Арман Құрбанов.
Карантин кезінде Р.Қошқарбаев көшесінде орналасқан мейрамханалардың бірінде топтасып қорқор шегіп отырған адамдар ұсталды. Олардың көпшілігі арақашықтық сақтамаған. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтанда санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін 120 нысан жабылды, оның ішінде құрылыс компаниялары да бар. 150 кәсіпорын ескерту алды, бір бөлігіне айыппұл салынды.
Өз кезегінде қазақстандық рестораторлар қоғамдық орындарда қорқор шегуге тыйым салынғанына наразылығын білдіруде. Кәсіпкерлер жаңа заң оларды тапқан табысының үштен бір бөлігінен айыратынын айтып шағымданды. Олар наразылықтарын ресми түрде Парламентке және Денсаулық сақтау министрлігі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына ұсынбақшы. Ал «Темекі түтінінен босатылған Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының жетекшісі Жәмила Садықова өз денсаулығын зақымдағанымен қоймай жанындағы өзге адамдарды да түтінмен тұншықтыратындарға қарсы шаралардың қолға алынып жатқанын дұрыс деп санайды.
Қазіргі кезде мамандар қорқор инфекцияның нағыз қайнар көзі екенін айтып дабыл қағуда. Ол бірінші кезекте ауамен берілетін жұқпалы аурулардың таралуын арттырады екен. Британдық дәрігерлер оның залалын үш қорап темекі шеккенмен бірдей десе, «Салауатты өмір салты» орталығының мамандары жұқпалы аурулар да осы қорқор арқылы таралуы мүмкін екенін айтып отыр. Әлемнің біраз елдерінде қорқорға тыйым салынған. Атап айтқанда, Грузияда қорқор темекіге теңестірілген. Көршілес Өзбекстан да қорқорға әлдеқашан тыйым салған болатын. Францияда 2007 жылдан бастап Эстония мен Финляндияда 2008 жылы шектеу қойды. Сондай-ақ Бельгия, Литва, Испания, Түркияда да қорқорға қарсы шектеулер қабылданған.
Жетекші сарапшылардың айтуынша, қорқорды жиі шегетін адамдарда бауыр, өкпе, бүйрек, жүрек, қуық, жатыр мойыншағы обыры сынды айықпас дерттер мен туберкулез жиі тіркеледі екен. Қорқордың өзінен ішек және көк іріңді таяқшалар, зең, ашытқыш саңырауқұлақтар, стафилококк ауреус табылған. Мұның өзі аталған өнімнің адам ағзасына орасан зор қауіп төндіретінін аңғартса керек.
Қалай дегенде де, бұл шешім қазақстандықтар үшін күтпеген жағдайлардың бірі болды. Бүгінде қорқор шегушілер жаппай басқа әдіске көшіп жатыр. Яғни, қорқорды үйіне тапсырыспен алдырады. Қазірдің өзінде тапсырыс берушілер интернет саудасын қыздыруды бастап кеткен. Соның нәтижесінде интернетте қорқор жалдау туралы ұсыныстар күннен-күнге артып жатқан көрінеді. Енді үйдің ішінде қорқор шегіп отырғандарды көрсеңіз таңғалмаңыз.