Абай күніне арналған шырайлы шаралардың шымылдығы өңір басшысы Амандық Баталовтың әлеуметтік желіде жерлестерді құттықтауымен ашылды. Артынша, әлеуметтік желіде облыстық Nur Otan партиясының ұйымдастыруымен «Абай өлеңдерін оқу» шарасы тойға шашуды жалғастырды. Өңірдегі аудан, қалалар да ортақ істен қалыс қалған жоқ. Абай Құнанбайұлының ескерткіштеріне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып, айналасын абаттандырды. Үлкенді-кішілі көрмелер мен кештер, конкурстар мен концерттер ұйымдастырылды. Жетісу жерін мекендеген түрлі этнос өкілдерінің арасында Абай өлеңдерін оқу эстафетасы өтсе, Бикен Римова атындағы облыстық драма театрдың әртістері ақынның бірнеше мысалдарын онлайн түрде сахналап, көрермендерге тарту етті. Абай Құнанбайұлының өшпес өнегесін жас буын да барынша дәріптеуде. Осы орайда, Алматы облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Taldy Paris шығармашылық тобы Jetisy ART тарихи-танымдық жобасын жүзге асыруға кіріскенін айта кеткен артық болмас. Халықты ата-бабаларымыздың тарихымен және Абай еңбектерімен таныстыру, білуге жұмылдыруды мақсат ететін бірегей жобаның авторы Еркеғали Мейрамұлы. «Бұл жобаны жасауға 1 ай уақыт жұмсадым. Графикалық кескіндемеде тарихи тұлғалардың тұжырымдамасы (афоризмі, дәйексөзі) және оның суреті бейнеленген. Елдің назарына ұсынылатын туындымда стилистикалық иллюстрация қолдандым», – дейді Еркеғали Мейрамұлы. Бүгінде теңдесі жоқ жобаның авторы осындай 20 кескінді дайындаған. Соның бірі – 10 тамыз күні ашылған, «Қаратал» шағынауданындағы көпқабатты үйдің қабырғасына салынған дана Абайдың дара бейнесі. Мұндай бірегей істер алдағы кезде де жалғасатын болады.
«Абай – ұлтымыздың ұлы тұлғасы. Оның тіршілігінде елі үшін атқарған еңбегін ешқашан ұмытпауымыз керек. «10 тамыз – Абай күні» деп белгіленуі де барынша құптарлық қадам.
Жыл басында облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мұрындық болуымен ақындар мүшәйрасы өткенін де айта кеткен жөн. Жыр додасына 200-ден астам ақын қатысып, Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтаған Ғалым Жайлыбай бастаған әділқазылар алқасының сүзгісінен 100 ақынның арнауы мүдірместен өткен еді. Сөзі мірдің оғындай сөз зергерлерінің арнаулары «Адамзаттың Абайы» атты арнайы жинаққа енгізілді. 10 тамыз – Абай күні» облыстық С.Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханада сол жыр жинағының тұсауы кесілді. Кітап Абайдың елі, яғни Шығыс Қазақстан облысына тойға тарту ретінде жөнелтіледі. . Тұтас болмысы келісті өлең жолымен өрілген Абайдың бейнесін өңірдегі қылқалам шеберлері де мүмкіндіктерінше суреттеуге тырысты. Бұл шара да жыл басында бастау алған болатын. «Сурет әлеміндегі Абай бейнесі» атты суретшілер байқауына 50-ден астам суретші қатысып, бақ сынады. Жалпы, Алматы облысы бойынша, дүбірлі күнге орай 30 шара ұйымдастырылыпты. «Абай – ұлтымыздың ұлы тұлғасы. Оның тіршілігінде елі үшін атқарған еңбегін ешқашан ұмытпауымыз керек. «10 тамыз – Абай күні» деп белгіленуі де барынша құптарлық қадам. Кешегі мен бүгінгінің өмір салтын саралап кеткен, дана әрі дара жанның мерейтойын жоғары дәрежеде өткізуге барымызды саламыз. Елдегі жағдайға байланысты барлық шара онлайн форматта өтуде. Бастысы, елінің нар тұлғаға деген құрметіне халық куә болуда. Абай күні мәңгі жадымызда сақталады», – дейді Алматы облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев.Болат АБАҒАН, Алматы облысы