Алматы облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Бағлан Тәнекеновтың айтуынша, жылыту маусымы басталғанға дейін, нақтырақ айтқанда биылғы қыркүйектің соңына дейін облыстағы үш қазандықты газ жүйесіне көшіру жоспарланыпты. Олардың екеуі облыс орталығы Талдықорған қаласында болса, біреуі – Қапшағайда. Қазандықтарды табиғи газға көшіруе 2,6 млрд теңге бөлінген, оның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бөлінген 1,5 млрд теңге де бар. Осылайша, үш маңызды жобаның екеуі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен біре Балпық би ауылындағы орталық қазандық кеңейтіліп, ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Оған «Ауыл – ел бесігі» бағдарла-масы арқылы 256,5 млн теңге қарастырылған. Сол сияқты Қарабұлақ кенті мен Сарқан қаласына «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 108,4 млн теңге бөлінген. Жалпы, қаралған қаржы 365 млн теңгені құрайды.
Қазіргі кезде барлық нысанда жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатыр. Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының тиісті деңгейде өтуі облыс басшылығының бақылауына алынған.
Жалпы, Алматы облысында алдағы жылыту маусымына дайындық үшін жергілікті бюджеттен 9,9 миллиард теңге бөлініпті. Тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 35 орталық қазандыққа, 64,3 шақырым жылу трассасына, 13,4 шақырым электр желілеріне және үш мыңнан астам трансформаторға жөндеу жүзеге асырылады.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы