Торығу түнегінің түндігі түрілді
Торығу түнегінің түндігі түрілді
© коллаж: Елдар Қаба
167
оқылды
Осы ауанда Премьер-Министр Асқар Мамин Мемлекеттік комис­сияның қарауына шектеу шараларын кезең-кезеңімен жоюдың жаңа жос­парын енгізуді жүктеді. Айта кету керек, екі апта бұрын, 28 шілдедегі Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Карантин шараларын кезең-кезеңмен алып тастау жоспарын» ұсынған-тын. Оған сәйкес, карантин режимі 2 тамызда аяқталуы тиіс еді. «Осы жоспарды енді Мемкомиссия отырысында қараймыз және тиісті шешім қабылдаймыз», – деген сонда А.Мамин. Алайда Мемлекет басшысы ол жоспарды құптамады және ертесіне эпидемиялық ахуалды тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізіп, Мемлекеттік комиссияға карантин шараларын тағы 2 аптаға ұзартуды тапсырды. Аталған шешімнің дұрыс болғанын өмір дәлелдегендей. ДСМ басшысы А.Цойдың мәлі­метінше, өткен 10 күн ішінде Қа­зақстанда коронавирус инфек­ция­сының репродуктивтілігінің, яғни өсіп-өнуінің орташа көрсеткіші 0,92-ден 0,82-ге дейін төмендеді. «COVID-19 жұқтырған барлық сырқаттың 73,6%-ы сауығып шықты. Қалғандары қажетті ем алып жатыр. Төсек-орындарының жүктемесі 61%-ға, жедел жәрдем шақыру саны 62%-ға, яғни 3 232-ден 1 232-ге дейін төмендеді», – деді Алексей Цой. Өз кезегінде Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне қалыптасқан эпидемиялық жағдайды ескере отырып, «Карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспа­рын» Мемкомиссия қарауына енгізуді тапсырды. «Жалпы алғанда, елдегі санитар­лық-эпидемиялық жағдай тұрақты. Нәтижелер қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетті» – деді ол.  

Өсімге қарай бетбұрыс

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, кейбір секторлардың кері кетуі экономиканың теріс көрсет­кіш­теріне себеп болды. Мысалы, 2020 жылғы қаңтар-шілдеде та­уар­лар өндірісі 2,1%-ға өскен. Бірақ көрсетілетін қызметтер 6,2%-ға құлдырады. Нәтижесінде, биылғы жартыжылдықта Қазақ­станның ЖІӨ-сі 2,9%-ға төмен­деді. Жылдық инфляция 7,1%-ға жеткен. Әрине, бұл кү­тілген инфляция дәлізінен – 8-8,5%-дан кем. Дегенмен бәрібір қым­батшылықтың жаппай жай­ла­ғанын ел сезінді. Бас экономистің айтуынша, пандемия кезеңінде жағымды үрдістер байқалуда: «Эко­номи­каның нақты секторында, ең алдымен, құрылыс, өңдеу өнер­кәсібі және ауыл шаруа­шылығы салаларында өсім жалғасты. Им­порттың төмендеуі аясында оң сауда балансы сақталуда», – деді ол. Өндірістік секторда 2,1%, оның ішінде құрылыста – 6,3%, өңдеу өнеркәсібінде – 3,8%, ауыл шаруа­шылығында 2,5% өсім байқалады. Байланыс қызметтері 8,7%-ға артты. Өнеркәсіп өндірісі 1,3%-ға, соның ішінде өңдеу өнер­кәсібі 3,8%-ға ұлғайды. Р.Дәленов экономиканың өр­леуін күрт тежеген салаларды атады: карантин шектеулері кесірінен сервистік қызметтер көлемі азайып кетті, сондай-ақ мұнай өндірісі қарқынын жоғалт­ты. ОПЕК+ ая­сын­да қол жеткізіл­ген уағда­лас­тықты орындау қажет болғандықтан, Қазақстан «қара алтын» өндіруді 1,4%-ға кемітті. Қызмет көрсету секторында, оның ішінде жыл­жымай­тын мүлікпен жасалатын опе­­рациялар бойын­ша 4,3%, әкімшілік қызметтер көрсетуде – 5,3%, саудада – 11,9%, көлік қыз­меттерінде 15,6%-дық құлдырау тір­келді. Бірқатар салалар енді-енді есін жиюда. Мысалы, шілде айында қызмет көрсетудің бір­қатар саласы өсім жолына қайта түсе алды. – Яғни, осы айда қаржылық және сақтандыру қызметі 29%, ақылы баспана ұсыну және та­мақ­­тандыру қызметтері – 10,2%, де­ректер беру – 6,7%, ұялы байланыс – 4,1%, интернет желісі 2,9%-ға өсті. Сондай-ақ жүк айна­лымы 5,6%-ға, оның ішінде темір­­жол көлігімен тасымалдау – 5,5%-ға, құбырлармен тасы­мал­дау 2,9%-ға артты», – деді ми­нистр. КВИ дүниежүзіндегі барлық ел арасындағы сауда-саттыққа біраз кесірін тигізді. Әйтсе де, абырой болғанда жаһандық «қара базарға» өткізе алғанымыз ол жақтан арба­лағанымыздан көбі­рек болып шық­ты: 2020 жылғы қаңтар-маусымда еліміздің жал­пы сыртқы сауда ай­налымы 42,5 миллиард долларды құрады. Со­ның ішінде әлемге шығарған экспортымыздан 26 миллиард доллар табыс түсті. Ал әкел­­ген импорт үшін 16,5 млрд доллар елден әкетілді. Тиісінше, сауда балансының оң сальдосы – $9,5 млрд.  

Аймақтардың ахуалы

Өнеркәсіп бойынша көптеген өңірде өсім байқалады. Ең көп өсімді Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы көрсете ал­ды. Өңдеу өнеркәсібі 3,8% өсімге қол жеткізді. Бұл көркем көрсет­кіш­ке негізінен фар­мацев­ти­каның, дайын металл бұйым­да­рын өнді­рудің, машина жасау­дың, авто­мобиль жасаудың, жеңіл өнер­кәсіптің өсуі ықпал еткен. Өңірлер арасында жоғары көрсет­кіш Қос­танай, Түркістан, Сол­түстік Қазақ­стан облыстарында бай­қалады. Пандемия инвесторлар ара­сында дүрбелең тудырғаны мәлім. Әсіресе, дамушы елдерге қиын ти­ді. Олар дамыған елдермен бәсе­ке­де ұтылды. Ұлттық экономика ми­нистрі­нің мәліметінше, Қазақ­стан жыл басынан бері негізгі капиталға 6,1 триллион теңге ин­вес­тиция тартыпты. 13 өңір ілгері озды. Мұнда ең жоғары өсімді Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Шым­кент қаласы паш етті. Құрылыс 6,3%-ға артты. Ек­пінді құрылысымен Шымкент қаласы және Түркістан облысы мақтана алады. Жалпы алғанда, елде биылғы жартыжылдықта 7 млн шар­шы метр тұрғын үй пайда­лануға беріліпті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 7,5%-ға көп. Биыл бұл салада кезекті тарихи рекорд күті­леді. Бас экономистің айтуынша, өңірлердегі жалпы жағдай келе­сідей: 2 көрсеткіште – сауда және кө­лік салаларында карантин шара­лары салдарынан құлдырау бай­қалуда. 5 көрсеткіш бойынша 7 өңірде өсім бар. Бұлар – Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыс­тары. 4 көрсеткіш бойынша 7 өңір өсім көрсетті. Ал 3 өңірде – Атырау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында 3 көр­сеткіш бойын­ша ғана өсім тір­келген.  

Өркендеудің 5 шарты

Ұлттық экономика минис­трлігінің байламынша, бірнеше шарт мүлтіксіз орындалса, Қазақ­стан үлкен рецессиядан аман қа­лып, қайтадан ілгері қадам басуға кіріспек. Біріншіден, барлық әкімдер мен министрлер 2020 жылға арналған «Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды» уақытылы және тиімді іске асыруы тиіс. Екін­шіден, өңірлік дағдарысқа қарсы штабтарда кәсіпкерлердің түйт­кілді мәселелерін шешіп, мүм­­кін болатын қолдау шара­ларын көр­сету қажет. Үшіншіден, биылғы егінді ысырап етпей, шашпай-төкпей дер кезінде жинау керек. Сонымен қатар құрылыс жұмыс­тары маусымын, яғни жаз бен күзді тиімді пайда­ланып қалу шарт. Төртіншіден, жаппай мони­торинг жасау, нарыққа арзанырақ тауармен интервенция жүргізу, шекті бағаларды бекіту арқылы әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасының жоғары­лауына жол бермеу міндет. Әйт­песе, онсыз да күйзелген бұқа­ра мен бизнеске қымбатшылық соқ­қы жасайды. Бесіншіден, өңір­лік еңбек нарықтарындағы ахуалға тұрақты мониторинг жүр­гі­зу және мемлекеттік бағдарла­малар жоба­ларын іске асыру арқылы елді барын­ша жұмыспен қамту маңыз­ды. Жұмыссыздар армиясының өсуі тұрақтылыққа нұқсан келтіруі ықтимал. – Өңірлер белсендірек жұмыс істеп, экономикалық өсімді қал­пына келтіру мақсатында қабыл­­данған барлық шараны, сондай-ақ мембағдарламалар шараларын тиімді іске асыруы қажет. Отандық өндірісті қолдауды, инвестиция тартуды, экспортты ілгерілетуді, халықты жұмыспен қамтуды және тұрақты жұмыс орындарын құру­ды барынша қамтамасыз ету қа­жет, – деді Үкімет басшысы Асқар Ма­мин. Ол өңірлік дағдарысқа қарсы штабтардың жұмысын жан­дан­дыруды, кәсіпкерлер көтерген мә­селе­лерді шұғыл қарауды және тиіс­ті шешімдер қабылдауды тап­сырды. Елдің дамуы ел қазынасының тиімді жұмсалуына да байланысты. Қаржы министрі Ерұлан Жамау­баев­тың айтуынша, өткен 7 айда жалпы сомасы 7,5 триллион теңге ел қаржысы жұмсалған 1 мил­лионнан астам тендер бақылауға алыныпты. Тексеру қорытынды­сында жалпы сомасы 647 мил­лиард теңге талан-тараж бола жаздағаны анықталып, шығын орнына кел­ті­ріл­ді. Мұның сыр­тында ревизорлар 933 ауди­торлық іс-шара өткізді. 168 млрд теңгенің қаржылық бұзу­шы­лықтары әш­ке­реленді. Бұл ретте тауарлар жет­кізілімін қалпы­на кел­тіру, қыз­меттер көрсету жә­не жұ­мыс­тарды орындау, бюджетке өндіріп алу және есепте көрсету жолымен 161,5 миллиард тең­­генің бұ­зу­шылықтары жойылған екен. ­  

Айхан ШӘРІП