Өсімге қарай бетбұрыс
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, кейбір секторлардың кері кетуі экономиканың теріс көрсеткіштеріне себеп болды. Мысалы, 2020 жылғы қаңтар-шілдеде тауарлар өндірісі 2,1%-ға өскен. Бірақ көрсетілетін қызметтер 6,2%-ға құлдырады. Нәтижесінде, биылғы жартыжылдықта Қазақстанның ЖІӨ-сі 2,9%-ға төмендеді. Жылдық инфляция 7,1%-ға жеткен. Әрине, бұл күтілген инфляция дәлізінен – 8-8,5%-дан кем. Дегенмен бәрібір қымбатшылықтың жаппай жайлағанын ел сезінді. Бас экономистің айтуынша, пандемия кезеңінде жағымды үрдістер байқалуда: «Экономиканың нақты секторында, ең алдымен, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы салаларында өсім жалғасты. Импорттың төмендеуі аясында оң сауда балансы сақталуда», – деді ол. Өндірістік секторда 2,1%, оның ішінде құрылыста – 6,3%, өңдеу өнеркәсібінде – 3,8%, ауыл шаруашылығында 2,5% өсім байқалады. Байланыс қызметтері 8,7%-ға артты. Өнеркәсіп өндірісі 1,3%-ға, соның ішінде өңдеу өнеркәсібі 3,8%-ға ұлғайды. Р.Дәленов экономиканың өрлеуін күрт тежеген салаларды атады: карантин шектеулері кесірінен сервистік қызметтер көлемі азайып кетті, сондай-ақ мұнай өндірісі қарқынын жоғалтты. ОПЕК+ аясында қол жеткізілген уағдаластықты орындау қажет болғандықтан, Қазақстан «қара алтын» өндіруді 1,4%-ға кемітті. Қызмет көрсету секторында, оның ішінде жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар бойынша 4,3%, әкімшілік қызметтер көрсетуде – 5,3%, саудада – 11,9%, көлік қызметтерінде 15,6%-дық құлдырау тіркелді. Бірқатар салалар енді-енді есін жиюда. Мысалы, шілде айында қызмет көрсетудің бірқатар саласы өсім жолына қайта түсе алды. – Яғни, осы айда қаржылық және сақтандыру қызметі 29%, ақылы баспана ұсыну және тамақтандыру қызметтері – 10,2%, деректер беру – 6,7%, ұялы байланыс – 4,1%, интернет желісі 2,9%-ға өсті. Сондай-ақ жүк айналымы 5,6%-ға, оның ішінде теміржол көлігімен тасымалдау – 5,5%-ға, құбырлармен тасымалдау 2,9%-ға артты», – деді министр. КВИ дүниежүзіндегі барлық ел арасындағы сауда-саттыққа біраз кесірін тигізді. Әйтсе де, абырой болғанда жаһандық «қара базарға» өткізе алғанымыз ол жақтан арбалағанымыздан көбірек болып шықты: 2020 жылғы қаңтар-маусымда еліміздің жалпы сыртқы сауда айналымы 42,5 миллиард долларды құрады. Соның ішінде әлемге шығарған экспортымыздан 26 миллиард доллар табыс түсті. Ал әкелген импорт үшін 16,5 млрд доллар елден әкетілді. Тиісінше, сауда балансының оң сальдосы – $9,5 млрд.Аймақтардың ахуалы
Өнеркәсіп бойынша көптеген өңірде өсім байқалады. Ең көп өсімді Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы көрсете алды. Өңдеу өнеркәсібі 3,8% өсімге қол жеткізді. Бұл көркем көрсеткішке негізінен фармацевтиканың, дайын металл бұйымдарын өндірудің, машина жасаудың, автомобиль жасаудың, жеңіл өнеркәсіптің өсуі ықпал еткен. Өңірлер арасында жоғары көрсеткіш Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады. Пандемия инвесторлар арасында дүрбелең тудырғаны мәлім. Әсіресе, дамушы елдерге қиын тиді. Олар дамыған елдермен бәсекеде ұтылды. Ұлттық экономика министрінің мәліметінше, Қазақстан жыл басынан бері негізгі капиталға 6,1 триллион теңге инвестиция тартыпты. 13 өңір ілгері озды. Мұнда ең жоғары өсімді Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы паш етті. Құрылыс 6,3%-ға артты. Екпінді құрылысымен Шымкент қаласы және Түркістан облысы мақтана алады. Жалпы алғанда, елде биылғы жартыжылдықта 7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5%-ға көп. Биыл бұл салада кезекті тарихи рекорд күтіледі. Бас экономистің айтуынша, өңірлердегі жалпы жағдай келесідей: 2 көрсеткіште – сауда және көлік салаларында карантин шаралары салдарынан құлдырау байқалуда. 5 көрсеткіш бойынша 7 өңірде өсім бар. Бұлар – Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары. 4 көрсеткіш бойынша 7 өңір өсім көрсетті. Ал 3 өңірде – Атырау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында 3 көрсеткіш бойынша ғана өсім тіркелген.Өркендеудің 5 шарты
Ұлттық экономика министрлігінің байламынша, бірнеше шарт мүлтіксіз орындалса, Қазақстан үлкен рецессиядан аман қалып, қайтадан ілгері қадам басуға кіріспек. Біріншіден, барлық әкімдер мен министрлер 2020 жылға арналған «Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды» уақытылы және тиімді іске асыруы тиіс. Екіншіден, өңірлік дағдарысқа қарсы штабтарда кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерін шешіп, мүмкін болатын қолдау шараларын көрсету қажет. Үшіншіден, биылғы егінді ысырап етпей, шашпай-төкпей дер кезінде жинау керек. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары маусымын, яғни жаз бен күзді тиімді пайдаланып қалу шарт. Төртіншіден, жаппай мониторинг жасау, нарыққа арзанырақ тауармен интервенция жүргізу, шекті бағаларды бекіту арқылы әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасының жоғарылауына жол бермеу міндет. Әйтпесе, онсыз да күйзелген бұқара мен бизнеске қымбатшылық соққы жасайды. Бесіншіден, өңірлік еңбек нарықтарындағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу және мемлекеттік бағдарламалар жобаларын іске асыру арқылы елді барынша жұмыспен қамту маңызды. Жұмыссыздар армиясының өсуі тұрақтылыққа нұқсан келтіруі ықтимал. – Өңірлер белсендірек жұмыс істеп, экономикалық өсімді қалпына келтіру мақсатында қабылданған барлық шараны, сондай-ақ мембағдарламалар шараларын тиімді іске асыруы қажет. Отандық өндірісті қолдауды, инвестиция тартуды, экспортты ілгерілетуді, халықты жұмыспен қамтуды және тұрақты жұмыс орындарын құруды барынша қамтамасыз ету қажет, – деді Үкімет басшысы Асқар Мамин. Ол өңірлік дағдарысқа қарсы штабтардың жұмысын жандандыруды, кәсіпкерлер көтерген мәселелерді шұғыл қарауды және тиісті шешімдер қабылдауды тапсырды. Елдің дамуы ел қазынасының тиімді жұмсалуына да байланысты. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, өткен 7 айда жалпы сомасы 7,5 триллион теңге ел қаржысы жұмсалған 1 миллионнан астам тендер бақылауға алыныпты. Тексеру қорытындысында жалпы сомасы 647 миллиард теңге талан-тараж бола жаздағаны анықталып, шығын орнына келтірілді. Мұның сыртында ревизорлар 933 аудиторлық іс-шара өткізді. 168 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтары әшкереленді. Бұл ретте тауарлар жеткізілімін қалпына келтіру, қызметтер көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өндіріп алу және есепте көрсету жолымен 161,5 миллиард теңгенің бұзушылықтары жойылған екен. Айхан ШӘРІП